Accessibility links

Баспасөз шолуы


Мерзімді басылымдарда Қазақстан Конституциясына қатысты даулы мәселелер және жоғары оқу орындарына тапсыру кезінде кемшіліктерді әшкере ететін мақалалар жарық көрді.

Газеттердің соңғы сандарындағы басты материалдар Қазақстан Конституциясының қабылдану күніне арналыпты. “Республика Конституциясының қабылданған күні – барлық Қазақстан халқы мерекелейтін жалпы мемлекеттік мейрам”, - деп жазса “Заң” газеті өзінің “Конституция – халық болашағының айнасы” атты бас мақаласында, “Эпоха” газеті былай дейді: “Егер Нью-Йорк немесе Американың басқа қаласының мэрі басты көшелерінде АҚШ конституциясының кезекті туған күнін тойлайтын уақыт жетті деп ұранды іліп қойса, онда ертесінде-ақ сайлаушылар оған сенім білдіруден бас тартар еді.”

Газет тілшісі халық арасында сауалнама жүргізе отырып: “Бұл мейрам қазақстандықтардың айрықша махаббатына бөленіп отырған жоқ. Өйткені, әр қайсысымыз Конституция кепілдік еткен құқықтар мен бостандықтардың бұзылуы турасында мысал келтіре аламыз”, - деп жазады. “Конституция күні, ұлттық мейрам. Оны қалай тойлауға бұйырасыз?”- деген сауалға бас қатырады “Деловая неделя” газеті. Оған газеттің өзі: “Конституция сөзі латын тілінен аударғанда аз-кемі жоқ “құрылым” деген мағынаны береді. Негізгі заң. Бұл ұлттық мейрамды қалай жасаймыз? Дәстүріміз де жоқ – тарихи шектеулі уақыт аралағында оның датасы бірнеше мәрте ауысты емес пе? Дәстүрлі мейрамдармен барлығы түсінікті... Ал жасанды даталарды қайттік?” – дейді “Деловая неделя”.

Ал “Ақ жол Қазақстан” апталығының журналисі Назира Байырбектің ”Сіз үшін Конституция күнінің мерекелік мәні қандай?” деген сауланамасы нәтижесінде Қазақстанда “кем дегенде екі Конституция бар екендігі” анықталған. “Біріншісі – негізгі құжат ретінде қолданылып жүрген орыс тіліндегі Конституция, екіншісі(қосымша ретінде жасалған) қазақша Конституция”, - депті газет тілшісіне Мәжіліс депутаты Серік Әбдірахманов. Оның айтуынша, оған Конституциядағы Президентке қатысты бөлімге зер салып қарағанда оңай көз жеткізуге болады. “Орыс тілді Конституция бойынша Қазақстан президенттік жүйедегі мемлекет болса, қазақшада парламенттік басқару жүйесіне келіңкірейді. Қазақ тіліндегі нұсқасында Парламенттің өкілеттігі кеңірек көрсетілген”, - дейді депутат Серік Әбдірахманов.

“Қазақ әдебиеті” газетінің соңғы санында ұлттық идея тақырыбына қос мақала арналыпты. “Тәуелсіз ел болған соң, дербес мемлекет атанған соң, идеология болуы керек. Идеологиясы жоқ елдің, халықтың, ұлттың несі ел, несі халық, несі ұлт?” – деп жазады белгілі жазушы Герольд Бельгер “Идеология дегенді ұмыттық-ау, ағайын!” деген мақаласында. Оның айтуынша, “бірыңғай демократиялық жолмен жүрсек, өзімізге ыңғайлап жасаған Конституциядан еш ауытқымасақ. Міне, бірден-бір идеологиямыз осы деген тұжырымға халықты иландырмақшы болдық. Ол аздық етсе, 2030 бағдарламасы, сақал-мұрты өсіп кеткен, үйсіз-күйсіз, жалаңаяқ Порфирий Ивановтың “өлмес” пәлсапасы мен ілімі, қазақстандықтарды таяу арада 20 миллионға жеткізу нысанасы тағы бар”.

”Егемен Қазақстан” газетіндегі “Реформаларды да реформалауға болады екен” деген мақалада газет тілшісі жаңа Білім және ғылым министрі Жақсыбек Құлекеевтің жаңа реформасымен таныстырады. “Министрліктің алдында тұрған міндет – білімнің сапасын жақсартуға бағытталған қысқа мерзімге арналған шаралар қабылдау. Солардың ішінде келесі жылы мектепті бітірген кезде тапсыратын емтихан мен оқуға түсетін емтиханның екеуінің бір мезгілде өтетіндігі бар. Оны Ұлттық тест деп атап отырмыз”, - деп жазады журналист.

Ал “Караван” газетінің соңғы санында “Сонымен Шыңғысханның итін қалай атаған?” деген мақалада журналист Жанар Қанафина биылғы талапкерлер мен олардың ата-аналарының Қазақстан тарихы мен әдебиеті бойынша тест сұрақтарының оғаштығына шағымдануының қаншалықты негізі бар деген сауалаға жауап іздейді. Бұл мәселеде журналистке жәрдем көрсеткен Қазақстан тарихының оқытушысы Жұмажан Өтешов : “Қазақстан тарихы бойынша сұрақтар әзірлегендер түсініксіз ұстанымдарды негізге алған”, - дей отырып, мынандай тест сұрақтарын мысалға келтіреді: “Абылайханның қанша тісі болған?”, “Абайдың үшінші әйелінің Қазақстанның қалыптасуындағы ролі қандай?” немесе “Абылайханның итін қалай атаған?” “Бұлар биылғы жылы жинаққа енген жаңа сұрақтар. Мен оларға не бір оқулықтардан, не бір монографиялардан жауап таба алмай ұятқа қалдым”, - дейді оқытушы.

“Экономика. Финансы. Рынки.” апталығындағы “Оппозициядағы солшылдықтың балалық дерті” деп аталатын сұқбатта Қазақстан демократиялық таңдау қозғалысының төрағасы, депутат Төлен Тоқтасынов белгілі оппозиционер Әміржан Қосановтың Еуразия” интернет-сайтында тамыздың 14-і күні жарық көрген демократиялық таңдау қозғалысының мәслихатқа сайлауға қатысуын сынға алатын хатына орай түсініктеме береді. “Мен Қосанов мырзаның позициясын тек қате ғана емес, еліміздің демократиялық күштеріне өте зиянды деп есептеймін. Ол бізді Қазақстандағы саяси жағдайды түсінбегендіктен ақылсыз, ойға сыйымсыз, сондықтан, кешірілмейтін әрі қатерлі шектен шыққан радикализмге итермелейді”, -дейді Төлен Тоқтасынов.
XS
SM
MD
LG