Accessibility links

Баспасөз шолуы


Мерзімді басылымдарда Қазақстан Конституциясына байланысты түрлі көзқарастар мен мектеп проблемасына орай мақалалар жарық көрген.

Таяуда ғана Қазақстан халқының Конституция күнін атап өткені белгілі. “Көзқарас” атты жаңа басылымның соңғы санында осыған орай Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының мүше корреспонденті, заң ғылымының докторы, профессор Сұлтан Сартаевпен сұхбат жүргізілген.

Тәуелсіздік туралы Конституциялық заңның жобасын алғаш рет Еркеш Нүрпейісов және Талғат Донақов үшеуінің бірігіп жасағанын тілге тиек еткен Сұлтан Сартаев, 1991 жылдың шілде айында Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасы Жоғарғы Кеңесінің Төралқасына ұсынғандығына тоқталып өтеді. Сұлтан Сартаевтың айтуына қарағанда Қазан төңкерісінен бүгінге дейін бес Конституция қабылданыпты.

Ал соңғы Конституцияны қабылдау барысында талқылауға 8 миллионнан астам адам қатысып, 18 мыңнан астам адамның ұсыныстары мен ескертпелері енгізіліпті, республикалық газеттердің бетінде бес жүзден астам мақала басылыпты. Сондай-ақ бұл құжат теледидарлар мен радио хабарларында кеңінен талқыланған.

“Тұңғыш рет бұл Конституция мемлекет – халықтың ресми өкілі, ал Қазақстан халқы болса, мемлекеттік өкіметтің қайнар көзі деген қағиданы бекітті. 1993 жылы Конституция елімізде Президенттік басқару формасын орнатып, Қазақстан Республикасының Президенті мемлекетіміздің басы болып саналады, әрі бүкіл атқарушы өкіметтің басында тұрады деп анықтады” деп Сұлтан Сартаев Қазақстан Конституциясының ерекшелігін тілге тиек етеді.

“Начнем с пондельника” апталығының соңғы санында жарық көрген мақаласында Қазақстанның демократиялық таңдауы қоғамдық бірлестігінің белсенді мүшесі Маржан Аспандиярова Қазақстан Республикасы Конституциясының осыл тұстарына тоқталып өткен. “Конституцияның бірінші бабы бойынша Қазақстан Республикасы құқықтық демократиялық мемлекет болып есептеледі. Қатардағы азаматтар оны мүлде басқа жағдайда басынан кешіріп отыр” деген Маржан Аспандиярова, Қазақстандағы әлеуметтік жағдайдың тым төмендеп кеткендігін де әңгіменің арқауы қылады.

Маржан Аспандиярованың айтуы бойынша Алматы қаласының зейнеткерлерінің 40 проценті өздерін алданғандардың қатарындамыз деп есептейтін көрінеді. Өйткені 36 жыл жұмыс істегендердің зейнетақысы көтерілмей, 28 жыл істегендер тоғыз мың жүз сексен теңге алатын болып отыр. Бұл біріншіден министрліктің зейнетақаны қайта есептеу жөнінде берген нұсқауының қателігі, екіншіден Алматы қаласындағы Зейнетақаны есептеу орталығының шикілігі.

Кеңес үкіметі заманындағы зейнетақаны есептеп көрсек, ол кезде 120-150 сом зейнетақы, сол кездегі доллардың курсымен есептегенде 150 доллармен пара-пар еді. Ал қазіргі көтерілген зейнетақы мөлшері 30 доллардан асапайды” деп Маржан Аспандиярова қарапайым халықтың конституциялық құқығының бұзылып отырғандығын да сөз қылады.

“Алматы ақшамы” газетінің соңғы санында да Конституция тақырыбы сөз болған. Саясаттану ғылымдарының кандидаты Шәріпбек Әмірбековтың мақаласында “1995 жылы Конституция қабылданған кезеңнен бері Қазақстанның құқықтық жүйесі біршама реттеліп, дамыған елдердің құқықтық жүйелері деңгейіне көтеріле бастағандығы айтылған. 1995 жылы 30 тамызда жалпыхалықтық референдумда қабылданған Констиуция бойынша әлемдік даму барысында қол жеткізген алдыңғы қатарлы құқықтық принциптер сақталды” деген мақала авторы президент өкілдігінің күшеюінің экономикалық реформаларды үздіксіз алға жылжытудан туған шара екендігіне талдау жасап өтеді.

“Жас алаш” газетінің 2 тамыз күнгі санында жарық көрген мақаласында Қазыбек Құттымұратұлы Батыс Қазақстан облысындағы мектеп проблемасының жай-күйіне кеңірек тоқталып өткен. Мақала авторының айтуына қарағанда облыстағы жалпы білім беретін мектептердің небәрі 43,5 проценті ғана типтік жобадағы ғимаратқа орналасқан. 32 мектеп үйі құлаудың алдында. 31 орта, 8 негізгі мектепте спорт залы, 198 мектепте асхана жоқ.

Оқушылар саны күрт азайған ауылдардағы 20 мектеп биыл жабылыпты. Мақалада келтірілген деректерге жүгінсек, бүлдіршіндерді мектептке дейінгі тәрбиемен қамту жағдайы да Батыс Қазақстан облысында аса мәз емес. Бұл жұмыстармен небәрі 63 мекеме айналысады екен. Облыс бүлдіршіндерінің не бәрі 18 проценті ғана балабақшаға барады.

Газеттің үшінші бетінде орын алған Ғалымжан Елшібайдың мақаласында Оңтүстік Қазақстан облысындағы тіл проблемасының ахуалы сөз болған. Мақалада келтірілген деректерге жүгінсек, Шымкент қаласындағы жарнамалардың көпшілігі орыс-және ағылшын тілінде жазылады екен. Сондай-ақ облыс орталығындағы 48 балабақшаның екеуі ғана қазақ тіліндегі балабақша болып саналады.

“Казахская правда” газетінің қыркүйек айына арналған жаңа санындағы Ғайнижамал Шекейдің мақаласы да мектеп тақырыбына арналыпты. Мақала авторының айтуы бойынша кезінде қазақ мектептерінде білім алған қазақ зиялылары бүгінгі таңда өз балаларын орыс мектептеріне оқуға беріп жатыр. Олар өз ана тілін білмейтін ұрпақтың өсіп шыққандығын қаперіне де ілгісі келмейді.

Осындай келеңсіздіктер жалғаса берсе жылдар өткеннен кейін бұл ахуал ұлттық трагедияға айналуы ықтимал. Ғайнижамал Шекейдің пайымдауынша, Қазақстандағы барлық мектептерде мемлекеттік тілді тереңдетіп оқу мәселесін мықтап қолға алу қажет. “Мемлекеттік тіл мен қазақ мектебінің мәселесі оңтайлы шешілмесе, қазақ мемлекеттілігінің проблемасы да шешілмейді” дейді мақала авторы.

“Известия-Қазақстан” басылымының 2 қыркүйек күнгі санындағы Елена Меншикованың мақаласында, таяуда Алматы қаласында өткен

теңізге шығуға мүмкіндігі жоқ елдердің министрлері бас қосқан бірінші халықаралық конференцияда сөз болған мәселелер тілге тиек етілген.

Ал, газет тілшісі Светлана Алинаның мақаласында «Көмірбанк” ашық акционерлік қоғамының төрағасы Серік Сансызбаевқа құқық қорғау орындарының іздеу салғандығы сөз болған. Оқиғаның қысқаша тарихына тоқталатын болсақ, өткен айдың аяғында Алматы қаласының қаржы полициясы кезінде таратылған “Көмірбанк” коммерциялық банкісінің төрағасы Серік Сансызбаев қылмыс жасады деген күдікпен қылмыстық іс қозғаған болатын.
XS
SM
MD
LG