Accessibility links

“Қазақстан астығына сұраныс артуда”


Қыркүйектің 8-і күні Парламент Сенатында өткен Үкімет сағатында Премьер-министрдің орынбасары-Ауыл шаруашылығы министрі Ахметжан Есімов Мемлекеттік азық-түлік бағдарламасының орындалуы туралы баяндады.

Қыркүйектің 8-і күні Парламент Сенатында өткен Үкімет сағатында Премьер-министрдің орынбасары-Ауыл шаруашылығы министрі Ахметжан Есімов, екі айдан аса уақыт бұрын қабылданған Жер кодексін жүзеге асыру барысындағы іс-шараларды және Мемлекеттік азық-түлік бағдарламасының орындалуы туралы баяндады.

Ахметжан Есімов, алдымен ауыл жылы аясында атқарылған істің жарты жылдағы нәтижесін жеткізді. Өткен жылы қабылданған мемлекеттік Азық-түлік бағдарлмасы осы жылдың қаңтар айынан бастап жұмыс істей бастаған болатын. Бағдарламаны орындауда биылғы жарты жылда 25 миллиард теңге қаржы игерілген. Өткен жылға қарағанда 11 миллиард теңге артық жұмсалған.

Үкімет биылғы жылы мол астық алуды жоспарлауда. Ахметжан Есімов, Украина, Ресей және Батыс Еуропада биылғы жылы құрғақшылықтың болуына байланысты Қазақстан астығына сұраныстың артып отырғанын айтты. Сұраныстың артуына қарай Үкімет осыдан екі апта бұрын көктемде белгіленген алғашқы бағаны қайта қарады. Онда мемлекеттік сатып алу үшін 65 доллар белгіленсе, енді ол баға 90 долларды құрап отыр. Үкімет әзірге осы бағаны місе тұтып, бағаны тағы да қайта қарауды ниет етіп отырған жоқ.

Қазақстанның жалпы жер қоры 272 миллион гектардан аса жерді құрайды. Оның 90 миллион гектардан астамы ауылшаруашылық бағытындағы жерлер. Жер кодексінде жердің тұрақты, уақытша, және жеке меншік болуы жөнінде нормалар қаралған.

Ахметжан Есімовтің айтуынша, жер Үкімет белгілеген бағамен сатылады. Тегін беру болмайды. Сатудан түскен қаржы ұлттық қорға жинақталады. Министрдің айтуынша, жер кодексін іске асыруда 15 нормативтік-құқықтық акті қабылданады.
XS
SM
MD
LG