Accessibility links

Румыния президенті Илиеску Қазақстанға ресми сапармен келді


Қыркүйектің 8 күні кешкісін Қазақстан Астанасына Румыния президенті Ион Илиеску ресми сапармен келді.

Сейсенбі күні жоғары мәртебелі қонақты Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Астанадағы сарайында қабылдап, осында өзара келіссөздер өткізгеннен кейін екі ел басшылары Қазақстан мен Румыния арасындағы әріптестік және ынтымақтастық туралы декларацияға қол қойды. Одан өзге тараптар есірткінің заңсыз айналымы мен ұйымдасқан қылмысқа, терроршылдыққа және қылмыстың басқа да қауіпті түрлеріне қарсы күресте, сондай-ақ, мал дәрігерлік саласындағы ынтымақтастық туралы келісімдерге қол қойды.

Бұдан кейін өткен шағын брифингте Қазақстан басшысы Н.Назарбаев пен Румыния президенті И.Илиеску журналистердің қойған сұрақтарына жауап берді.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев:

- Қазіргі таңда Қазақстан жылына 50 млн тонна өндіріп отырған болса, енді он шақты жылдан соң бұл көрсеткіш 150 млн тоннаға дейін жетпек. Бұның тек 25 млн тоннасын ішкі тұтынымға пайдаланатын Қазақстан сол кезде мұнай тасымалының жаңа бағыттарын іздей бастайтын болады. Сондықтан да Қазақстан мұнайын Еуропаға тасымалдауда Румынияның транзиттік мүмкіндіктерін пайдалану тиімді болады. Осы істе Румынияның Констанца айлағының маңызы зор, бұл бағыт маңызы жағынан Одессы-Броды, Баку-Тбилиси-Жейхан бағыттарынан кем емес.

Өз кезегінде Румыния президенті И.Илиеску Қазақстанның мұнай-газ саласында еңбек етіп жатқан румын мұнай компанияларының Қазақстандағы мұнай кеніштеріне қазірге дейін жиыны 70 млн доллар шамасында инвестициялық қаржы жұмсағанын, ал келешекте бұған қосымша тағы да 200 млн доллар салу жоспарланып отырғанын айтты.

Сол секілді журналистер тарапынан Еуропалық Одаққа қатысты қойылған сауалға Қазақстан Президенті «қазіргі таңда Еуропалық Одақ үшін Шығыс Еуропадағы кейбір елдермен салыстырғанда өзінің қарқынды реформаларымен және нарықтық экономикасы бар ел деп танылған Қазақстан әлдеқайда тартымды көрінер, бірақ біз ондай мәселе көтеріп отырған жоқпыз. Қазір біздің назарымыз біртұтас Еуразиялық Экономикалық кеңістікте Еуразиялық Одақ құру ісіне ауып отыр. Оның ашық шекарасы, кіріккен сауда-саттығы болғанын қалаймыз. Ал осы бірлестіктің дамуы болашақта бұл екі Одақтағы халықтардың игілігі үшін өзара бірігуіне әкелуі де мүмкін» деп жауап берді.

Мемлекет басшыларының кездесуі кезінде Қазақстан президенті Н.Назарбаев Румыния ел басы И.Илиескуді екі елдің арасындағы қарым-қатынасты дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін I дәрежелі "Достық" орденімен марапаттады. Ал Румыния президенті И.Илиеску Қазақстан басшысы Н.Назарбаевты келер жылы Румынияға ресми сапармен барып қайтуға шақырды.

Румыния 1991 жылы желтоқсанның 17-сі күні Қазақстан мемлекетінің тәуелсіздігін Түркиядан кейін іле-шала таныған екінші мемлекет. 1992 жылғы шілде айында екі мемлекет арасында дипломатиялық қатынастар орнатылды. Былтырғы жылғы көрсеткіш бойынша екі елдің арасындағы сауда айналымының көлемі 167 млн долларға жетіп отыр.
  • 16x9 Image

    Кенжебек НҰРҚАСЕНҰЛЫ

    Кенжебек Нұрқасенұлы - 1967 жылы туған. Семей мемлекеттік университетін тәмамдаған.
    Семейдегі «ТВК-6» телеарнасында, «СолDAT» газетінде, «Қазақ тарихы» журналында жұмыс істеген. Азаттық радиосында 2001 жылдан бері еңбек етеді. 

XS
SM
MD
LG