Accessibility links

Бұрынғы советтік кеңістіктегі адам құқықтарына деген немқұрайдылық.


Еуропадағы Қауіпсіздік және Ынтымақтастық Ұйымы Комиссиясының Вашингтонда өткен отырысында екі америка дипломаты Элизабет Джонс пен Лорн Кранер бұрынғы советтік кеңістіктегі адам құқына деген көз қарасты сынға алды.

Құрама Штаттарының Еуропадағы Қауіпсіздік және Ынтымақтастық Ұйымы бойынша Комиссиясы тәуелсіз ұйым деп хабарлайды Вашингтоннан радиомыздың тілшісі Джефрей Донован. Комиссия сейсенбі күнгі отырысын бұрынғы советтік кеңістіктегі адам құқықтарының жағдайына арнады. Әсіресе, Шешенстан, Беларуссия, Орта Азияға тоқталды. Дипломаттар Элизабет Джонс пен Лорн Кранер бұрынғы советтік кеңістіктегі адам құқықтарының жағдайын сынға алды. Шығыс Еуропаның біраз елі соңғы 10-15 жыл ішінде НАТО, Еуроодаққа қосылып жатыр. Бұл үлкен жылжу. Алайда, аймақтың өзге елдеріндегі жағдайдың мүлдем көңіл көншітпейтінін дипломат Лорн Кранер тілге тиек етті:

"Советтік империя құшағынан шығып бүгінде НАТО-ға қосылып, демократия жемісінен дәм тата бастағандарды көріп отыру аймақтағы бұ халықтар үшін көңіл құлазытарлық жағдай", - дейді Кранер Орта Азия халықтарын меңзеп.

11 қыркүйек оқиғасынан кейін бұл елдермен ҚШ байланысы күшейді. Бұл аймаққа Американың жәрдемі артты. Соған қарамастан Орта Азияның демократиялық келбеті әлі мәз емес дейді дипломат:

"Мен Орта Азиялықтарға талай айттым. Мезгілдің олардың пайдасына жұмыс істемей отырғанын айттым. Егер біздің қарым-қатынасымыз нығая түссін десеңіздер, онда, реформаға шын бет бұрғаныңызды ҚШ-на көрсетіңіздер дедім."

Ал, Орта Азия болса реформаға бет бұрғанын өзінше көрсетті. Мысалы, Тәжікстанды алсақ, конституциялық реформа жасағансып Имамоли Рахмоновқа тағы да 14 жыл таққа отыруға жол ашты. Қырғызстанға келер болсақ, бұл ел үкіметі өткен жылы бейбіт шеруді атқылап қан төккені үшін халық алдында әлі есеп беруге асығар емес деді Кранер.

Қазақстан саяси тұтқындарды босатуға құлықты емес. ҚШ бұл елден Еуропадағы Қауіпсіздік және Ынтымақтастық Ұйымының талаптарына сай баспасөз, сайлау және бейресми ұйымдар туралы заңдарды күтіп отыр.

Өзбекстандағы прогресс болса абақтыдағы екі тұтқын қолдан өлтірілгеннен кейін біржола тоқтады. Бұл екі өлім үшін әлі ешкім жауап берген жоқ. Ол оқиғаға журналист Руслан Шариповтың тұтқындалуын, оның заңгерінің соққыға жығылуын да қосыңыз. Кранердің айтуынша адам құқықтары бойынша өзбек үкіметі өз мойынына алған міндеттемелерін орындауды қойған. Енді, Түркменстанға келер болсақ, президент Сапармурад Ниязовқа қастандық жасалынды-мыс дегеннен кейін бұл ел үкіметі жалпы оппозиция деген түсінікпен қоштасты. Содан кейін Кранер Шешенстанға тоқталды:

"Қазан айында Шешенстанда өтетін президенттік сайлауға келетін болсақ, бұндай жағдайда демократиялық сайлау өткізу мейлінше мүмкін емес".

Конгрессмен Кристофер Смит Шешенстан мәселесін Джордж Буш осы ай аяғындағы Владимир Путинмен кездесуінде көтеруі керек деп біледі. Оған себеп, Шешенстандағы мәскеушіл үкімет мәлімдегендей Шешенстанда 49 көмбе табылған. Онда 3000 адамның сүйегі жатса керек:

"Бұл сұмдықтарды Буш Мәскеу алдында көтере ме?"

Бұл сауалға дипломат Кранер "көтереді" деп жауап берді. Дипломат Элизабет Джонс болса Беларус президенті Лукашенкоға сөз өтпейді деп бастады әңгімесін:

"Лукашенкоға әсер етудің қиын екендігіне ешкімде күмән болмас".

Бірақ, бұл елде әлі де аздап та болса азат баспасөздің нышаны бар, азаматтық қоғамның нышаны бар. Оларға сырттан жәрдем керек деді Джонс ханым.
XS
SM
MD
LG