Accessibility links

Ұлттық Қауіпсіздік комитетінің Жақияновты қыспаққа алуы жайлы


«Ұлттық Қауіпсіздік комитетінің Жақияновты қыспаққа алуының мақсаты оның рақымшылық туралы мемлекет басшысына жазған өтінішінің мазмұнын өзгерттіру», - дейді Қазақстанның демократиялық таңдауы қозғалысы.

Қыркүйектің 15-күні хабарлағанымыздай, Қазақстанның Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары Қозыкөрпеш Кәрбозов Павлодар облысының бұрынғы әкімі, абақтыда отырған Ғалымжан Жақияновтың үстінен жаңадан 4 қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеген болатын. Осыған байланысты Қазақстанның Демократиялық Таңдауы қозғалысы қыркүйектің 16-ы күні мәлімдеме таратты.

Мәлімдемеде қыркүйектің 15-күнгі баспасөз мәслихатында Жақиянов пен оның адвокаты Елена Рябенчук көрініс беретін бейнетаспаның көрсетілуі қолдан жасалған жалған әрекет делінген. Сөз болып отырған бейнетаспада Ғалымжан Жақияновтың рақымшылық берген күнде белсенді саясаттан бас тартатынын, Қазақстанның Демократиялық таңдауы қозғалысын қаржыландыруды тоқтататынын, осыған байланысты жаңадан қылмыстық іс қозғалмауын сұраған өтінішін Рябенчук ханым оқиды.

Қазақстанның Демократиялық қозғалысының мәлімдемесінде мұны фальшивка деп сенімсіздік білдірілген. Біз осыған байланысты аталған қозғалыстың белсенді мүшесі, Сенатор Зуреш Батталованың пікірін сұраған едік. Ол теледидардан Жақияновтың өтініші жазылған бейнекөріністі көрмегенін, дегенмен Қазақстанның Демократяилық Таңдауы қозғалысының мәлімдемесінде айтылғандай бейнетаспаны жалған дүние деп білетінін айтты.

Қазақстанның демократиялық таңдауы қозғалысының баспасөз баянында сөз болып отырған бейнетаспаның көрсетілуі екі мақсатты көздейді делінген. Оның бірі жақтастары арасында Жақияновтың беделін түсіру, екіншісі -- мемлекет басшысының Жақияновқа рақымшылық беруден бас тартқалы отырғандығын жұртшылыққа және халықаралық қауымдастыққа жаңа қылмыстық істердің ашылуымен түсіндірмек болу.

«Ұлттық Қауіпсіздік комитеті қызметкерлерінің кейінгі кездерде Құсмұрын колониясына баруын жиілетіп, Жақияновты қыспаққа алуының о бастағы мақсаты оның рақымшылық туралы мемлекет басшысына жазған өтінішінің мазмұнын өзгерттіру болатын. Ендеше, арнайы қызмет мекемесі жетекшілерінің бірінің Жақияновтың үстінен қылмыстық істер қозғалғандығы туралы мәлімдемесінің шынайылығына сенуге бола ма?», - делінеді Қазақстанның демократиялық таңдауы қозғалысының баспасөз баянында.
XS
SM
MD
LG