Accessibility links

Атом қуаты жөніндегі халықаралық агенттік өзінің жылдық жалпы жиынын өткізуде


Атом қуаты жөніндегі халықаралық агенттік Вена қаласында дүйсенбі күні өзінің келесі бір жылдық конференциясын бастады 135 мемлекет өкілі қатысып отырған бұл жиында Иран мен қатар Ирақ және Солтүстік Кореядағы ядролық қарулар мәселесі талқылануда.

Атом қуаты жөніндегі халықаралық агенттіктің басшысы Мохаммед Ел Барадей, Венада өтіп жатқан конференцияда Ираннан тағы да кезекті рет ядролық қарулар бағдарламасы жөнінде мәліметтер беруін талап етті.

- Өте маңызды және шұғыл мәселелердің бірі аса байытылған уран жағдайы. Халықаралық агенттік ядролық қарулар бағдарламасының Иран елінде жоқ екендігі жөнінде сенімді, дәйекті деректерге ие болуы қажет, - дейді Ел Барадей.

Вена жиынына 135 елден өкіл келсе, өткен аптадағы МАГАТЭ бас қосуында агенттік кеңесінен 35 мүше қатысқан болатын. Өткен жұмада болған мәжілісте МАГАТЭ, қазанның 31іне дейін уақыт беріп, өзінде ядролық қарулар бағдарламасының жоқ екендігі жөнінде Иран дәлелдеуі қажет, деген шешім шығарған еді. Ал егер ол мерзімде Иран МАГАТЭ талаптарына қажетті жауапты бере алмаса, онда Халықаралық агенттік бұл мәселені БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі күн тәртібіне ұсынбақ.

Италия сыртқы істер министрі Роберто Антонионе Еуропа одағы атынан сөйлеп, Иран халықаралық қауымдастықтың сенімінен шығуы үшін шындықты айтуы керек деген талап қойды.

Ал жексенбі күні Иран үкіметі атынан сөйлеген Сыртқы істер министрлігі өкілі Хамид Реза Асафи тілшілерге, Иран әлем қауымдастығымен өзара ынтымақтастық табиғатын қайта қарауда, десе Иран президенті орынбасары, Атомдық қуат агенттігі басшысы Ғоламреза Ағазаде соңғы жиын кезінде , Иран өз міндеттемелерін түгел орындауға дайын, деген уәж айтқан.

МАГАТЭ өкілі Венадағы тілшімізге айтқанындай, Ирандағы мәселенің аса маңыздылығына қоса, бұл конференция күн тәртібінде тағы да бір қатар талқыланбақ тақырыптар бар.

- Жылдық жалпы жиында МАГАТЭге мүше елдерде не атқарылып жатқандығы жөнінде мәлімет алудың мүмкіндігі бар. Кейбіреулерде МАГАТЭ текқана Ирақ, Иран, Солтүстік Корея сықылды атышулы елдермен ғана қызығады деген пікір қалыптасқан. Ал бұл агенттік өзіне мүше 135 елдегі көптеген өзге мәселелерді қарастыруды да өз мойнына алған. Мысалы , Африка мен Латын Америкадағы дамушы елдер ядролық технология және ядролық қуатты ауыл шаруашылығы мен денсаулық-дәрігерлік саласында қолдануға ынталы, - дейді Мелисса Флемиң.

Сондаяқ, Вена конференциясында араб мемлекеттері жиі көтеретін мәселе - Таяу Шығыстағы, атап айтқанда Израильдағы ядролық қарусыздану жағдайы.

- Таяу шығысты ядролық қарулардан тазалау жөнінде талай талаптар айтылған. Бұл жөніндегі мәселені МАГАТЭ 20 жылдан бері өз күн тәртібінен түсірмей келеді. Ал биыл бұл мәселеге ерекше назар аударылуда, - дейді Флемиң.

Солтүстік Корея мен Ирақ МАГАТЭнің бұл аптадағы жиынында негізгі тақырыптың бірі болып тұр. Өткен қаңтарда Ядролық қаруларды таратпау жөніндегі шарттан алғашқы болып шыққан Солтүстік Корея бұл аптадағы Вена басқосуына өз өкілін жібермеген.

Ал енді Ирақ жөніне келсек, АҚШтың бұл елдегі соғысы кесірінен тоқтап қалған қару тексеру шарасын Халықаралық агенттіктің алдағы кезде жалғастыруға мандаты бар екендігі мәлім.

Агенттік өкілі Флемиңнің тілшімізге айтуынша, шындық ақиқатты анықтау үшін АҚШ күштері соғыс барысында Ирақтағы ядролық қаруларды іздестіру шарасын осы кезге дейін жалғастырып келеді.

Ал, бұл МАГАТЭ бақылаушыларының Ираққа қайта оралуына кепілдік деген сөз.

- МАГАТЭ қай елде ядролық қарудың бар не жоқтығын анықтап бере алатын әлемдегі жеке дара сенімді агенттік. Бірер елде ондай бағдарламаның бар екендігі жөнінде ақпарат болса, біз оны көруге дайынбыз, - дейді Мелисса Флемиң.

Атом қуаты жөніндегі халықаралық агенттіктің бұл жиыны апта соңына дейін жалғаспақ.
XS
SM
MD
LG