Accessibility links

Ирактағы жағдайды қалпына келтіру АҚШ-қа қаншаға түспек?


Иракқа қарсы соғыс Құрама Штаттары үшін қаншаға түседі деген сауал төңірегінде бұл жанжал басталмас бұрын нақты болжамдар жасалған болатын. Алайда аталған болжамдар қаржы жағынан тура болмай шықты.

Осы жылдың ақпан айында, яғни бұдан жеті ай бұрын, АҚШ-тың бастауындағы коалиция күштерінің Иракқа басып кіруіне аз қалған сәтте “бұл әскери шаралар АҚШ үшін 60 миллиард доллар шығынға түсетін болады”-, деп болжам жасалған еді.

Соғыстың басталғанына бір ай толған шамада, сәуір айында АҚШ Конгресі осы соғыс үшін 79 миллиард доллар қаржы бөлуді қолдап шыққан болатын. Ал, қазіргі кезде АҚШ ел басы Джордж Буш Ирак пен Ауғанстандағы шығындарды жабу үшін 87 миллиард доллар қосымша қаржы сұрап отыр. Тіпті Ауғанстанға 10 миллиард доллар бөлінеді дегеннің өзінде, Ирак үшін жұмсалатын шығын соғыс алдындағы болжамдардың шындықтан тым алыс боп шыққандығын тағы да дәлелдеп отыр.

Бұл күндері Буш мырза америкалықтардың салық көлемін қысқартуды ұйғаруда. Ал, ел бойынша қаржылық тапшылық 500 миллиард долларды құрап отырғаны тағы белгілі-, дейді Азаттық радиосының Вашингтондағы тілшісі Андрю Тюли. Мысалы, “Вашингтон пост” және АБС жаңалықтар арнасының жүргізген сауалнама нәтижесіне қарағанда, сұралғандардың 60 пайызы Буш мырзаның соңғы сұрап отырған қаржысына қарсы. Ал, Ирактағы жағдай қалыпқа түспей тұрған кезде, баяғы болжамшылардың айтқан 60 миллиард доллар қаржысы қомақты шығынның бір бөлігіне ғана айналып отыр.

Вашингтондағы Брукингс институты жанындағы жеке саяси зерттеу орталығының економисі Хенри Ааронның Азаттық радиосы тілшісіне айтуынша: “Не болғаны белгілі боп отыр. Біз күткендегіден де қомақты проблемаға кезігіп отырмыз. Мүмкін, сол кезде күткендегіден де мол шығынның болу мүмкіндгін болжап, соған дайын болуымыз керек пе еді. Біз олай істемедік. Сондықтан қазір сол күтілмеген қиын түйінмен бетпе-бет келіп отырмыз-, деді Аарон мырза.

Ал, келесі бір сарапшылар економистің бұл ойларымен келіспеуде. “Буш әкімшілігі аталған қаржылардың Иракта қалайша жұмсалуы мүмкін екендігі жөнінде нақты тұжырымдар жасаған болатын. Ал, мұндай шығындарды ел басы Буштың алдын-ала нақты болжауы мүмкін емес еді”-, дейді Вашингтондағы Америка университетінің профессоры Аллан Лихтман. Оның айтуынша, әзірге Иракта жеңіске жеттік деп айта қою қиындау. Себебі, 1-ші мамырдан бергі аралықта жаулары қолынан 73 америкалық әскерилер мен 11-дей британдық солдаттар қаза болып отыр.

Дей тұрғанмен, БҰҰ-ның мандаты арқылы кейбір елдер Иракты қайта қалпына келтіру ісіне қол ұштарын беруі мүмкін деген жоспар бар. Алайда, жоғарыда аталған қос сарапшы да, Иракқа қарсы соғысты БҰҰ-ның қолдауынсыз бастап кеткен Құрама Штаттарының шеттен келуі мүмкін үлкен көмектерге арқа сүйей алатындығын растап отырған жоқ. Буш мырзаның бір көмекшісінің сөзіне қарағанда, бүгінде пікірталас туғызып отырған аталған қаржылар да мәселені реттеуде аздық етуі мүмкін.

Осы орайда Қорғаныс хатшысы Дональд Рамсфелд пен ел басы Буштың орынбасары Дик Чейниге болашақтағы шығындарды шамалауға бола ма?” деген сауал теле арналар арқылы қойылған болатын. Қос тұлға да бұл сауалға, Конгрес басшылары мен Ақ үй кеңсесі арасындағы келісімдер жүзеге аспай тұрып, жауап беру әлі ертерек, - деген болатын.

Келесі айда, Мадридте болатын конференция барысында Иракты қайта қалпына келтіру ісіне қай ел қаншалықты дәрежеде көмектесе алатындығын айтатын болады, - дейді мақала авторы.
XS
SM
MD
LG