Accessibility links

Дүниежүзілік банк бұрынғы Совет одағы елдерінде ВИЧ/СПИД індеті кең етек алып барады дейді


Әлемдік банк Орталық Азия мен Шығыс Европаның жетекшілерін ВИЧ/СПИД дертінің етек алып бара жатқанына қарсы ықпалды шаралар қолдануға шақырды.

Аталған банктің сейсенбі күні жарық көрген хабарламасында пост-коммунистік елдерде иммунитет жетіспеушілігі –СПИД эпидемиясынан қайтыс болатындар саны дүниежүзі бойынша артып кеткендігі айтылады. Бірақ та бүкіл әлемдегі көптеген үкіметтер мұндай қауіп-қатерлі дағдарыстың төніп тұрғандығын оншалықты мойындағылары келмейді.

Әлемдік банктің есебі бойынша бұрынғы Совет одағы мен Шығыс Европа елдерінде шамамен 1,2 миллион адам иммунитет жетіспеушілігі инфекциясына немесе СПИД дертіне шалдыққандар екен. Олардың 250 мыңының өзі бұл аталған кеселді 2002 жылы жұқтырғандар деп анықтама қойылған.

Денсаулық сақтау ұйымының жетекші маманы Олусожи Адеуи егер сөз болып отырған аймақтың үкіметтері бұл проблемаға маңыздырақ деп қарап, жеткілікті қаржы салмайтын болса, жер бетінің басқа да бөліктеріндегі тәрізді СПИД-тің салдарынан жақын арада демографиялық күрделі де қиын жағдай қалыптасып, оның экономикалық салдарлары да оңай болмайды деп ескертеді.

1990 жылдардың аяқ кезінде бұл елдерде ВИЧ инфекциясы негізінен қан тамырлары арқылы инемен есірткі қолданатындар арасында таралған болатын. Содан бергі жылдар ішінде ол күрт өсіп, кең таралып келеді. Одесса қаласындағы қоғамдық ғылымдар институтының өкілі Олександр Яраменко 2010 жылға қарай бұл індетке шалдыққандар саны 1,4 миллионға жететін болса, жыл сайын ол кеселден өлетіндер 100 мың шамасында болады дегенді айтады. Бұл көрсеткіштер бірінші қарағанда Орта Азия мен Балтық жағалауының үш мемлекетінде төмендеу болып көрінгенімен, оларда да қатты алаңдаушылыққа негіз бар.

АҚШ-ғы Джон Хопкинс денсаулық мектебі үшін зерттеу жүргізген Крис Бейрер жақындағы зерттеулерінде Орталық Азияда иммунитет жетіспеушілігі дертінің кең етек алып кетуі мен бұл аймақтың героин тасымалы мен саудасының жолы болып тұрғандығының арасында тікелей байланыс бар дейді. Орта Азияда Қазақстанның Теміртау қаласы, Өзбекстанның Янги иол, Қырғызстанның Ош қалалары ВИЧ пен СПИД-ке ұшырағандардың ең көп саны тіркелген жерлер.

Женевадағы Бүкікдүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының өкілі Ирина Савченко қатерлі кеселдің аталған аймақта негізінен жастар арасында кеңінен етек алып отырғаны жөнінде айтқан "Азаттық" радиосына берген сұхбатында:

- Жастар – тұрғындардың ең бір осал бөлігі болып тұр, қазір мұнда дертке шалдыққандардың шамамен 85-90 проценті 18 бен 25 аралығындағы жастар.

Батыс Европа мен АҚШ-нан айырмашылығы - бұрынғы Совет одағы мен Шығыс Европа елдерінде инемен қан тамырлары арқылы препарат пайдаланатындар арасында иммунитет жетіспеушілігі кең жайлаған. Міне бұл кеселдің тез таралуының бірден - бір себебі дейді ол:

- Батыс елдерінде бұл негізінен жыныстық жақындасу жолдары арқылы таралады, ал Шығыс Европада қан тамырларына қолданатын ине арқылы жұғады. Алғашқы айтылған жолмен ВИЧ-тің таралу мүмкіндігі 0,1 процент болса, ине арқылы оның таралу қаупі 30 процентке дейін ұлғайып кетеді, міне осының өзінен-ақ айырмашылық көрініп тұр.

Денсаулық сақтау саласының мамандары қан құю және өзге де жолдар арқылы ВИЧ /СПИД-тің тұрғындардың басқа да бөлігіне жайылу қаупі бар деп сақтандырады. Бішкектегі СПИД орталығы директорының орынбасары Айнагүл Осмонова да эпидемияның қан тамырларына инемен есірткі қолданатындар арасында кең тарайтындығымен келіседі.

Бұл айтылғандарға қоса Әлемдік банктің сөз болып отырған есебінде ВИЧ/СПИД инфекциясы кең етек алып отырған көптеген елдер мұндай аса қауіпті дағдарыстың бар екендігін ескеріп, онымен күрес шараларына ойдағыдай кірісудің орнына жайбарақаттық танытып келеді деп жазылған.
XS
SM
MD
LG