Accessibility links

“Бюджет кодексiнiң” жобасы талқыланды


Қыркүйектiң 18-i күнi Астанада Қоғамдық проблемаларды талдау орталығы ұйымдастырған алқалы жиында ЮСАИД-тың кеңесшiсi Петер Армстронг Қазақстанның «Бюджет кодексiнiң» жобасына жақсы баға бердi.

Ол Ұлттық қордың бюджеттiк мақсаттағы шығындарының тиiмдi пайдаланылуын және оның ашықтыған қамтамасыз ету, сондай-ақ, ҚР Есеп комитетiнiң аудиторлық құзыретiн күшейту мәселелерiнiң ескерусiз қалғандығын да айтып өттi. Дегенмен, оның ойынша, ТМД ауқымында қазақстандық жобаға теңесер бюджеттiк заң жоқ.

Парламент Мәжiлiсiнiң депутаты Серiк Әбдiрахмановтың пiкiрiнше, кодекс жобасы сын көтермейдi. Өйткенi, онда бюджеттiк қаржыларды бақылау механизмi қарастырылмаған. Әбдiрахмановша айтқанда: «Жобаны жасаушылар, билiктiң қас-қабағына қарап отырған депутаттардың тегеурiнiмен Есеп комитетiнiң құзыретiн күшейтуге өлсе жол бермейдi».

Парламент Мәжiлiсiнiң тағы бiр депутаты Хайрат Шалабаев: «Бюджет кодексiнiң» жобасын жасаушылар Есеп комитетiнiң құзiретiн күшейту мәселесiн әдейi айналып өткен. Өйткенi, бюджеттiк қаржыларды бақылаудан тыс қалдыру олар үшiн тиiмдi», - дейдi

ҚР Президентi Нұрсұлтан Назарбаев халыққа жолдауында 2004 жылдан бастап Ұлттық қордың мәлiметтерi жарияланып тұратындығын айтқан болатын. Алайда, «Бюджет кодексiнiң» жобасында бұл туралы бiр ауыз сөз жоқ. Шалабаев мырзаның ойынша, мұның өзi Ұлттық қордың мәлiметтерiн құпиялап ұстаудың амалы.

Ал ЮСАИД-тың кеңесшiсi Петер Армстронгтың пiкiрiне келсек, «Бюджет кодексiнде» Ұлттық қордың жариялылығы көзделуге тиiс.
XS
SM
MD
LG