Accessibility links

АҚШ заң орындары Ауғанстан мен Пәкістандағы есірткі саудасына орай 11 адамға айып тақты


АҚШ заң орындары Ауғанстан мен Пәкістан арасындағы халықаралық есірткі саудасымен айналысқан 11 азаматқа айып тақты. Олар паштундердің aфриди тайпасынан болып шыққан.

АҚШ-ғы Мериланд штатының заң орындары Ауғанстан мен Пәкістаннан халықаралық деңгейде есірткі саудасымен айналысып жүрген 11 адамды ұстап оларға айып тақты.

Оларды бұл қылмыста айыптау үшін 2 жылдық зерттеу, тергеу жұмыстары қажет болды.

Ұсталғандар арасында Бангоктағы зергерлік дүкенінде істейтін бірнеше ауған азаматы да бар. Олар көпмиллиондық героин саудасындағы қаржылық байланысшысы қызметін атқарған.

Паштундердің африди тайпасынан 2 адам Ауғанстаннан апиын және героин тасумен ондаған жылдар бойы айналысады екен. Африди тайпасы мен оның одақтастары ауған-пәкістан шекарасының екі тарапындағы әкімшілік кеңселері мен кедендік бекеттерге бақылау жасап келген.

Есірткі мәселелері бойынша аймақтық талдаушы Билл Самиидің айтуынша, соңғы айыптауларда Ауғанстандағы Нангахар уәлаятымен Пәкістандағы Солтүстік – Батыс уәлаяты арасындағы героин саудасы жөнінде жаңа мәліметтер берілүі мүмкін.

- Бұл әрине Ауғанстандағы есірткі саудасының бір бөлігі. БҰҰның есірткі мәселесі бойынша мамандарының пікірінше, Ауғанстанда үстіміздегі жылы 3 мың 400 тонна апиын өндіреді. Бұл әлемдегі барлық елдерде өндірілетін ондай дәрілерден әлдеқайда көп деген сөз. Бір қызығы – ауған апиыны осы кезге дейін Европаға қарай жол алса, енді ол оңтүстік-шығыс Азия арқылы АҚШ-қа дейін жетіп отыр. Бұл жаңа бағыттың салдары аса ауыр болмақ, - дейді талдаушы. Самидің айтуынша, АҚШ-да анықталған африди тайпасына байланысты қылмысты істің ашылуы халықаралық есірткі саудасында жаңа өзгерістердің орын ала бастағандығынан хабар береді.

Есірткі қылмысымен айналысатын АҚШ заң орындары африди тайпасы саудагерлерінің Ауғанстан мен Пәкістан , одан әрі Еуропаға дейін жалғасатын тірліктерін көптен бері зерттеп келеді. Мысалы, ол тайпадан Қажы Айуб Афридидің бүкіл әлемдегі есірткі саудасының өзі үлкен бір тарих.

Айуб Африди Ауғанстан мен Пәкістан шекарасы маңайындағы Ланди Қотал деген жерде 2 миллион доллар тұратын әсем сарай салып алған. Талибтер билігі кезінде Қажы Айуб Африди есірткі саудасымен қолға түсіп, АҚШ-ғы абақтыда 3 жыл отырып шыққан. Өзінің айтуынша, оны Пәкістанда қылмыспен қолға түсіріп соттаған. Балухистандағы оның қоймасынан 1980жылдары 17 тонна гашиш тапқан Бельгияның Антверп қаласында ол жолдаған 6 жарым тонна гашиш қолға түскеннен соң оны Пәкістандағы түрмеге салған.

Қажы Айубтың жетекшілігі кезінде Африди тайпасындағы саудагерлердің жолы болып тұрған. Ол 1990 жылдары біршама уақыт Пәкістан парламентіндегі бір кеңседе де қызмет істеген.

- Афридилер ауған жағындағы Торхам және Пәкістан тарапындағы Пешавар шекара маңайында жайғасқан. Олар сондай-ақ шығыс аймақтағы ауған әскери қолбасшыларымен де жақсы байланыста болған. Олар сонау 1980 жылдардан бастап 1990 жылдарға дейін апиын саудагерлерімен тығыз қарым-қатынаста болған, - дейді Сами.

Ал Лондонда шығатын Джейнс Интеллигенс Ревью басылымынан талдаушы Пьер Арнауд Чоувидің айтуынша, Торхам шекара маңайындағы апиын бизнесіне Шинвари тайпасы түгелдей бақылау жасайды. Чоувидің деректеріне қарағанда, Пәкістанның солтүстік-батыс уәлаятына Ауғанстаннан келетін героин афридилер аумағы және есірткі жолы деп аталатын Хибер өткелі арқылы жетеді.

Самидің айтуынша, аймақтағы есірткі саудасындағы тайпалық жүйе афридилерге автономиялық деңгейде үстемдік құқығын береді.

- Афридилердің кең тараған тайпалық жүйесі әсіресе, Ауғанстанның оңтүстігі мен шығысында және Пәкістанның автономиялы тайпалық аудандарында үлкен беделге ие. Ол аймақтарда сол тайпалардың айтқаны – заң. Пәкістандағы Орталық үкіметтің өзі жергілікті жетекшілермен есептеседі, - дейді талдаушы.

Ал әзірше, Ауғанстан мен Пәкістандағы есірткі саудасымен ұсталған 11 адам АҚШ-ғы абақтыда, кейбіреулері Канада мен Тайландтағы заң орындарында отыр. Олардың арасында әйгілі африди тайпасының өкілдері де бар.
XS
SM
MD
LG