Accessibility links

Қоршаған ортаның тазалығы үшін күрес одан әрі жалғасуда


Өнеркәсіп қалдықтары мен басқа да салдарлар кесірінен ауаның oзон қабаты одан әрі бүлінуде. Бұл жөнінде БҰҰ жанындағы қос агенттік дабыл қағуда.

Әлемдік Денсаулық сақтау ұйымының мәліметтеріне қарағанда, меланома және басқа да теріге қатысты рак ауруларының түрлері бір жылда 66 мың адамның өмірін қиып отырады екен. Oзон қабатын сақтауға байланысты БҰҰ-ы Халықаралық күн жариялаған болатын. Әлемдік Денсаулық сақтау ұйымы директоры Ли Жон Вуктың айтуынша, ең басты проблема- ультра күлгін сәулелердің адам ағзасына кері әсер етуі. Озон қабатының бүліне бастағаны жөнінде алғаш рет, 1970-ші жылдары атақты үш ғалым дабыл қаққан болатын. Яғни өндіріс қалдықтарының ауаны ластауы кесірінен пайда болған ағым жерден көтеріліп барып, стратосфераға ұмтылады. Демек, атмосфера мен стратосфераның қабаттарын әлгі қалдықтар жұқарта түсетін болады. Ал, ауаны ластайтын газды азайту үшін күресуші халықаралық науқан ұйымдастырушыларға өткен айда АҚШ Конгресіндегі белгілі косервативтік бағыттағы заңгерлер қарсы шықты. Олардың айтуынша жалған ғылымсымаққа сүйенгендер озон қабатын сақтау үшін елден экономикалық үлкен шығындарға баруды талап етіп отыр-мыс.

Жоғарыда айтқанымыздай, 1970-ші жылдары осы проблема жөнінде алғаш дабыл қаққан үш ғалымға Швеция корольдігінің академиясы 1995 жылы Нобель сыйлығын берген болатын. Өткен аптада Британияның Антарктиканы зерттеу орталығының ғалымы Жонасан Шейнклин Ройтер ақпарат агенттігіне берген сұхбатында:

- Антарктика тұсындағы озон қабатындағы тесік тамыз айында өзінің ең рекордты пропорциялық шамасына жетіп, одан әрі үлкейе түскен, - деді.

Ал, келесі бір ғалымдардың айтуынша, бұл озон қабатындағы тесік тым үлкейе қоймаған. Пікірлер- әрұдай. Қалай болғанда да, мұндай құбылыстың қоршаған ортаға тікелей түрде кері әсерін тигізері сөзсіз. Озон қабатын сақтау бойынша 2003 жылға белгіленіп отырған Халықаралық күн және БҰҰ жанындағы Қоршаған ортаны қорғау бағдарламасын ұйымдастырушылар күн сәулесінің залалдарынан қалайша қорғануға болатыны жөнінде балаларға арнайы білім беру мәселесін көтеріп отыр. Әлемдік Денсаулық сақтау ұйымының қызметкері Ева Рехфюз аталған проблема жөнінде Азаттық радиосының тілшісімен ой бөліскен болатын.

- Меланома және меланомадан бөлек тері рак ауруларының соңғы онжылдықтарда қатты өсіп кеткендігін білеміз. Мұның ең басты себебі, адамдар көзқарасының өзгеруінде жатса керек. Адамдар қазіргі таңда күннің көзінде көбірек болуға тырысады, - деді Рехфюз ханым.

Оның пікірінше, бұдан жүз жылдай бұрын адам терісінің күнге көп күюі тек фермерлер мен балық аулаушыларға ғана тән деп есептелетін. Ал, 20-шы ғасырда терілері қоңыр түске айналғанға дейін күю деген сәнге айналғандай еді. Ал, шындығына келгенде озон қабаты неғұрлым жұқарған сайын ультра күлгін түсті сәулелер жерге солғұрлым тезірек жетпекші. Оның адам ағзасына зияндығы деген бесенеден белгілі. Сондықтан күн көзінен сақтанып, жаздық бас киім киіп жүруді ғалымдар азаматтарға ұсынып отыр.
XS
SM
MD
LG