Бүгін Палестина жетекшісі Я.Арафат Израиль өкіметін палестиндіктермен бітімге келуге шақырды. Израилдік “Едиот ахронот” газеті бүгін Израилдегі жаңа террористік қастандық пен Израил жағының Палестина территориясындағы жауапты шаралары салдарынан бұзылған бітімді палестиндік жақтың қайта жалғастыруға әзірлігі туралы Я.Арафаттың айтқан сөзін келтірді. Израиль өкілдерінің мәлімдеуінше, ең алдымен Палестина өкіметі экстремистік топтарды ауыздықтауға нақты кірісуі керек, басқаша жағдайда бітім туралы сөз қозғаудың қисыны жоқ. Бүгін таңертең Газа аумағында “Хамас” тобының белсендісі Джиһад Әбі Суирах оққа ұшты. Оның үйіне израилдік тікұшақтар зымырандық соққы берді.