Accessibility links

Қазақ тазысы жойылып барады


Қазақстанның табиғаты мен оның жануар әлемін айтқанда, этнографтар мен экологтарды толғандыратын бір ортақ мәселе бар. Бұл қазақтың жеті қазынасының бірі - тазы иттер болып саналады.

Экологтар да, этнографтар да қазіргі кезде тазы иттер жойылу үстінде деген дабыл қағып отыр. Экологиялық «Табиғат» одағының төрағасы Мэлс Елеусізовтың үш тазы иті бар, оның айтуынша, бұл жанаурды қызыл кітапқа енгізу керек.

Экологиялық «Табиғат» одағының төрағасы Мэлс Елеусізов: - Қазір Қазақстанда 200 бас ғана тазы иті бар. Бұл өте аз немесе жоқ, деген сөз. Бұл итті Қызыл кітапқа енгізу керек.

Этнограф әрі жазушы Нұржан Мұратәлінің айтуынша, тазы итін қазақ халқы ерекше бағалаған.

Этнограф әрі жазушы Нұржан Мұратәлі: - Әр халықтың өзінің өмір сүрген ортасына байланысты, жасаған кәсібіне байланысты, жасаған шаруашылығына байланысты, ғасырлар бойы қалыптасқан жануарлары болады. Мысалы, қазақ халқының қастерлеп өтетіні: жылқы малы, қой малы, түйе малы. Бұл оларға өте қажет болған, ал осы жануарларды, қазақтың малын, мүлігін қорғайтын өзінің иті болған. Сол себептен қазақ итті қастарлеп, оны жеті қазынаның біріне енгізген.

Жалпы мамандар, қазақ саятшыларының аңшы иттерінің ішіндегі тазы тұқымдасын үш топқа бөледі, эколог Мелс Елеусізов қазіргі кезде Қазақстанда бар тазы иттердің арасынан таза тазы иттерін табу қиын дегенді айтады.

Экологиялық «Табиғат» одағының төрағасы Мэлс Елеусізов: - Тазы иті, біздің дәстүріміз, бұл дүниежүзіндегі ең ескі ит, деп айтуға болады. Осындай үлкен дәстүрімізді біз жоғалтып алдық. Қазақтар бұрын тек тазы иттерін ғана үйіне кіргізетін. Кеңес Одағы құрылған кезде бұл иттер жоғала бастады, себебі бұл итті кезінде тек байлар ғана ұстайтын.

Бүгінгі таңда этнографтар мен экологтар тазы итін көбейтіп, оны насихаттап жүргендердің арасында өзге ұлт өкілдері көп, ал қазақтар бұл ит жайында білмейді де, дегенді айтады. Этнограф әрі жазушы Нұржан Мұратәлі негізінен бұл иттің ерекше қасиеті көп дегенді айтады.

Этнограф әрі жазушы Нұржан Мұратәлі: - Қазақтың тазысы өзінің тектілігімен, өзінің тазалығымен, өзінің ақылдылығымен ерекшеленген. Табиғатынан негізі тазы иті өте ұяң жүнді, суыққа, ыстыққа шыдамайды. Бұл итті бұрын султандар мен серілер өз үйлерінде бағып өсірген. Тазы иті өзінің орнында, тыныш жата беретін болған,ұры болмаған, бұл итке арнайы тамақ әзірлейтін. Бұл ит сонымен қатар, жаман пиғылмен келген адамды үйден қуып шығатын, осылай тазы иті иесін, оның от басын қорғап жүрген.

Алматыдағы бір мекемеде күзетші болып жұмыс жасайтын Бауыржан Жоламанов ит жануарын жақсы көреді екен. Сол себептен ол жұмысқа орналасқаннан кейін, бірінші айлығына өзіне ұнайтын итін сатып алған.

Бауыржан Жоламанов, ит иегері: - Поли, деген итімді мен Мәскеу арқылы 400 долларға сатып алдым, бірақ бұл иттің құны 200 доллар. Маған ит жануары ұнайды, бала кезімнен итім болса, деген арманым болған. Сол арманыма жеттіп, деп ойлаймын.

Этнограф Нұржан Мұратәлінің айтуынша, жастардың көптеген ақша шығарып сатып алатын итінен таз итінің ерекшелігі болмаса, кемшілігі жоқ. Тек бұл итті жастар арасында насихаттау керек.

Этнограф әрі жазушы Нұржан Мұратәлі: - Әрине, жастардың жанаурларды, ит жануарын жақсы көргені жақсы, бұл заңды нәрсе. Оны өсіру барысында, оны бағу барысында баланың табиғатпен байланысы, жан-жанаурлармен байланысы қалыптасады, тәрбие жұмыстары жүреді. Ал енді тұқымы жағына қарайтын болсақ, әрине, біздің өзіміздің төл иттер: тазылар, төбеттердің басқа иттерден артықшылығы болмаса, кемшілігі жоқ. Себебі олар тек арам тамақ болмай, иесіне пайдасын тигізіп отырған. Жазушы әрі этнограф Нұжан Мұратәлі мырза тазы итінің азайып бара жатқанына алаңдайтынын жеткізді, сол себептен этнографтың ойынша, мемлекет осы мәселеге назар аударуы керек.
XS
SM
MD
LG