Accessibility links

Судья Сәменбетова «Азаттық» радиосы тілшісінің сот процесіне қатысуына тыйым салды


Бұған дейін хабарлағанымыздай, қыркүйектің 18-күні түстен кейін Астана қаласындағы ауданаралық мамандандырылған әкімшілік сотында азамат Болатбек Біләловтың ісі бойынша әкімшілік сот ісі басталған болатын.

Б.Біләлов тамыздың 27-күні Астананың орталық стадионы маңында Қазақстанның демократиялық таңдауы қозғалысының қызметі туралы ақпараттық парақша таратқаны үшін айыпқа тартылып отыр. Осы сот процесінің екінші күні істі қарап отырған судья Сәуле Сәменбетова «Азаттық» радиосы тілшісінің процеске қатысуына тиым салды.

Қыркүйектің 18-күні әкімшілік сот ісін қарап отырған судья Сәуле Сәменбетова жұма күнгі сағат 17-ге дейін сот процесінде үзіліс жариялаған болатын. Ал жұма күні белгіленген уақытта әкімшілік сот үйіне келгенімізде судья С.Сәменбетова «Азаттық» радиосының тілшісін өзінің кабинетіне шақырып алып, сот процесінің алғашқы күні тілшінің дыбыс таспасына жазып алған дауыстарды өзінің көзінше өшіруге бұйырды. «Немесе ол таспаны маған тапсырыңыз» деген талап қойды. Судьяның талабын әкімшілік сот процесіне айыптаушы тарап ретінде қатысып отырған прокуратура өкілі Азамат Еңсепов те қостады. Олардың бұл талаптарын орындау мүмкін еместігін айтқан тілшінің уәжіне судья С.Сәменбетова онда журналист Кенжебек Нұрқасенұлының осы сот процесіне қатысуына тиым салатынын мәлімдеді. Судьяның бұл әрекеті Қазақстан Конституциясының, Азаматтық Кодекстің және бұқаралық ақпарат құралдары туралы заңның талаптарын өрескел бұзу болып табылатынын айтқанымызбен, сот қазысы С.Сәменбетова онымызды қаперіне алған жоқ.

Сәуле Сәменбетова, Астана қаласындағы ауданаралық мамандандырылған әкімшілік сотының судьясы: - Сіз боссыз, бара беріңіз. Өзіңізге керектіні тындырдыңыз, тағы қайталаймын, сіз енді боссыз.

Судья С.Сәменбетованың мұндай шешіміне қатысты наразылығымызды айтып Астана қаласының ауданаралық мамандандырылған әкімшілік сотының төрағасы Қайрат Жүсіпов мырзаға жүгінбек болдық. Бірақ, ол кісінің демалыста болуына байланысты бұл жайтқа төрелік айтар адам табылмады.

Ал азамат Болатбек Біләловтің ісі бойынша әкімшілік сот процесінде судья С.Сәменбетова дүйсенбі күнгі сағат он бірге дейін тағы да үзіліс жариялағаны мәлім болды.

Естеріңізге сала кетейік, әкімшілік заң тәртібін бұзған айыпкер ретінде сотқа тартылып отырған 30 жастағы Болатбек Біләловті полиция қызметкерлері өткен тамыз айының 27-күні Астананың орталық стадионы маңында жұртшылыққа ақпарат парақшаларын таратып жүрген кезінде ұстаған еді. Заң орындары оған жиын, шеру және пикет өткізу тәртібі туралы заң ережесін бұзды деген айып тағып отыр.

Шамамен мамыр айының бас кезінде басылған сол ақпарат парақшаларында Қазақстанның демократиялық таңдауы қозғалысы мен оның сол кезде тұтқында отырған жетекшілері Ғалымжан Жақиянов пен Мұқтар Әбілазов жөнінде және осы жылғы ақпан айында өткен Европарламенттің отырысы туралы ақпарат жазылғаны анықталған болатын.

Парақшаларда Ғ.Жақиянов пен М.Әбілазов саяси көзқарасы үшін Қазақстанның ресми билік басындағыларға жақпай, түрмеге отырғызылған саяси тұтқындар ретінде аталған. Сот процесінің алғашқы күні судья Сәуле Сәменбетова:

- Қазақстанда саяси тұтқындар жоқ, ол екі адам [М.Әбілазов пен Ғ.Жақиянов] қылмыстық істері үшін сотталғандар. Сондықтан сіз мұндай арандату сөзіңізбен мемлекетке адал ниет білдірмей отырсыз, - деп айыпталушыны сөккен еді.

Биылғы жылы шілде айында сот шешімімен «Қазақстанның демократиялық таңдауы қозғалысы» қоғамдық бірлестігінің жұмысы тоқтатылған болатын.

Ал, «Азаттық» радиосының жұма күнгі берген хабарында, Европарламенттен 2003 жылғы Сахаров сыйлығына ұсынылып отырған ортаазиялық төрт саясаткердің қатарында өткен жылы Қазақстан сотының үкімімен 7 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылып, бүгінде Құсмұрында қамауда отырған «Қазақстанның демократиялық таңдауы» қозғалысының төрағасы Ғалымжан Жақияновтың есімі де бар екендігі айтылды.
  • 16x9 Image

    Кенжебек НҰРҚАСЕНҰЛЫ

    Кенжебек Нұрқасенұлы - 1967 жылы туған. Семей мемлекеттік университетін тәмамдаған.
    Семейдегі «ТВК-6» телеарнасында, «СолDAT» газетінде, «Қазақ тарихы» журналында жұмыс істеген. Азаттық радиосында 2001 жылдан бері еңбек етеді. 

XS
SM
MD
LG