Accessibility links

Жанар-жағар май бағасына байланысты жасырын ымыра


Айжан Жеңісқызы: Жанар-жағар май бағасының қымбаттауына екі мұнай өңдеу зауытының өзара уағадаластығы себеп болды деуге негіз болатын құжаттар табылуда

Астық жинау науқаны қарсаңында республика бойынша жанар-жағар май бағасы Қазақстандағы екі мұнай өңдеуші зауыт пен олардың өнімін таратушылар арасында ымыраластықтың әсерінен күрт қымбаттағанын айғақтайтын кейбір құжаттардың табылғанын хабарлады ҚР Табиғи монополияларды реттеу және бәскелестікті қорғау агенттігінің Бәскелетікті қорғау және үйлестіру департаментінің басшысы Әлия Жұмабаева “Азаттық” радиосына дүйсебі күні.

“Біз мұны дәлелдеп, агенттік төрағасы Ораз Жандосов айтқандай, сотта әшкерелеуге бел шешіп отырмыз, - дейді Әлия Жұмабаева. “Өйткені, оған негіз болатын кейбір материалдар мен құжаттар бар”, - дейді департамент басшысы. Бұл құжаттар тікелей немен байланысты деген сұрағымызға Әлия Жұмабаева “әңгіме уағдаластық турасында” деумен шектелді. Оның айтуынша, сотқа шағымданып, ақтық қорытынды жасау үшін қазіргі кезеңде аймақтар бойынша түсетін мәліметтер жинастырылып жатыр. Аймақтар бойынша деректер қыркүйек айының соңы мен қазан айының бас кезінде толық әзір болуы тиіс дейді Жұмбаева ханым. Оның айтуынша, мұнай өңдеуші екі зауыттың бірі Шымкент мұнай өңдеу зауытының өнімдерін былтыр тамыз айында бекітілген бағамнан жоғары деңгейде таратқаны анықталып отыр. Әлия Жұмабаеваның сөзіне қарағанда, Үкіметтің 2001 жылы қыркүйектің 14-де мақұлдаған №1212 қаулысына сәйкес бекітілген Мемлекеттік реттеу ережесі бойынша олар өнімдерінің бағасын көтеруден 30 күн бұрын оның себебін түсіндіріп, монополияға қарсы агенттікке өтініш жасаулары тиіс болатын. Алайда, олар мұны жасырып қалғандықтан, енді Қазақстан заңнамасына сәйкес шаралар қабылдаймыз дейді Әлия Жұмабаева.
XS
SM
MD
LG