Accessibility links

“Белсенді дене қимылы сағатын” өткізуге республика бойынша 4 млн адам қатыспақшы.


Алдағы қыркүйектің 27-күні Астана уақыты бойынша таңертеңгі сағат 11-де Қазақстанның барлық аймағында бір мезгілде 4 млн адам қатысатын “Белсенді дене қимылы сағатын” өткізу көзделуде.

Бұл бесінші рет өткізгелі отырған Денсаулық фестивалі “Өмір-дене қимылы-денсаулық” деген ұранмен өтетін болады. Қазірде барлық аймақта осы шараға қатысуға үндеу жүргізілуде.

Денсаулық фестивалін ұйымдастырушылар қыркүйектің 22-і күні баспасөз мәслихатын өткізіп,онда аталмыш шараға дайындықтың жүргізілу барысы жайында хабарлады. Денсаулық фестивалін өткізуге белсене қатысып жүрген Салауатты өмір салтын қалыптастыру жөніндегі Ұлттық Орталықтың бас директоры Айқан Ақановтың айтуынша, мұндай шараны өткізудің басты мақсаты-азаматтардың назарын өз денсаулығына аудару, сондай-ақ жаппай дене шынықтыру мен спортты дамыту болып табылады:

Туризм және спорт агенттігі, Денсаулық сақтау министрлігі, Білім және ғылым министрлігі, қалалық әкімшілігі бар,осылардың барлығы ұйымдасып осы проблеманы шешу. Бұл халықтың проблемасы,бұған халықтың араласып, салауатты өмір салтын қалыптастыруға қатысуы біздің мақсатымыз. Бұл акция қыркүйек айының 27-і күні өтеді.Республиканың барлық аймағында бір күнде, бір сағатта, Астана уақыты бойынша таңертеңгі 11-де “Қазақ” Радиосының хабарлауы бойынша 20-25 минуттық жаттығулар өткізіледі. Ал одан әрі жергілікті әкімшіліктер жағдайлары көтерсе бұл акцияны жалғастыра алады.

Салауатты өмір салтын қалыптастыру жөніндегі Ұлттық Орталықтың деректеріне сүйенсек, Қазақстан бойынша халықтың негізгі бөлігі белсенді дене қимылына қажетті көңіл бөлмейді. Орта есеппен алғанда халықтың жартысынан астамы яғни 52 пайызы енжар өмір салтын жүргізеді. Спорттың белсенді түрлерімен халықтың тек 16,1 пайызы ғана үнемі айналысады екен.

Айқан Ақановтың айтуынша, мұндай акция ТМД елдері ішінде тек Қазақстанда ғана өткізіліп отыр.
XS
SM
MD
LG