Accessibility links

Өзбек елшілігінің Қазақстан лауазымды тұлғаларын айыптайтын мәлімдемесі


Сыртқы істер министрлігі Қазақстанның лауазымды тұлғаларын айыптайтын Өзбекстан елшілігінің мәлімдемесіне түсінбеушілік білдірді

Қыркүйектің 23-күні Қазақстанның сыртқы істер министрлігі Өзбекстан Республикасының Қазақстандағы елшілігінің қыркүйектің 22- күнгі «Соңғы уақыттары Қазақстанның бұқаралық ақпарат құралдарында Өзбекстан мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынастардың жағдайын шынайы тұрғыда емес, теріс жағынан көрсететін материалдардың берілуі жиілеп бара жатыр»,– деген мазмұндағы жасаған мәлімдемесіне түсінбестіктерін білдірді.



Қазақстанның сыртқы істер вице-министрі Нұрлан Оңжановтың айтуынша, Өзбекстан елшілігінің жолдаған мәлімдемесінде Қазақстанның мемлекеттік және қоғам қайраткерлерін негізсіз айыптаулар орын алған. Атап айтқанда Қазақстанның кейбір лауазымды тұлғалары қоғам назарына оқиғаға қатысты шынайы ақпаратты жеткізуге немқұрайдылық танытуда, мұндай оқиғаларды популистік немесе басқадай тар шеңбердегі саяси мүдделері үшін пайдаланып қалуға, тұрғындар арасында өзбекке қарсы көңіл күйлерін арандатуға, сөйтіп екіжақты қарым-қатынастардың шиеленісуіне әкеп отырған көрінеді. Сонымен қатар Өзбекстан елшілігінің мәлімдемесінде шекарада болған оқиғаны бұрмаланып көрсетілген дейді. Оқырманға түсінікті болу үшін толықтырып кетсек, Өзбекстан тарапаның оқиғаны бұрмалап көрсетіп отыр деп үстіміздегі жылдың қыркүйектің 4-де қазақ-өзбек шекарасында орын алған оқиғаны айтып отыр. Осы күні Өзбекстан шекарашылары Қазақстан азаматтарына қару қолданып, соның салдарынан біреуі жараланған болатын.



Бұл жағдайға қатысты вице-министр Нұрлан Оңжанов оқиға орын ала салысымен, Қазақстанның сыртқы істер министрі Тоқаев Өзбекстанның сыртқы істер министрі Сафаевпен телефон арқылы сөйлесіп, өзбек шекара басшыларының қазақстандық азаматтарға қатысты жөнсіз әрекеттер жасап отырғандығын баса айтты дейді. Сондай-ақ Қазақстанның сыртқы істер министрлігі мұндай әрекеттерді болдырмау және жолын кесуді талап етіп нота жолдаған және жақында Ялта қаласында өткен ТМД Саммитінің шеңберіндегі кездесуде мұндай мәселелерді дипломатиялық жолмен шешуге келіскен.



Ал жоғарыдағы Өзбекстан елшілігі жолдаған мәлімдемені Қазақстанның сыртқы істер министрлігі дүниежүзілік дипломатия тәжірибесіне сәйкеспейтін жауапсыздық деп қарайды және Қазақстаның ішкі істеріне қол сұғушылық деп санайды деген жауап қайтарып отыр. Қазақстанның сыртқы істер министрлігі жасаған мәлімдемесінде тек биылғы жылдың өзінде Өзбекстан жағынан 1127 шекара бұзу орын алғаны айтылады. Осындай жағдай бола тұра, Қазақстан шекарашылары тарапынан бір де бір оқ ату оқиғасы болмаған. Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары Болат Зәкиевтің айтуынша, осы уақытқа дейін Өзбекстан шекарашылары қару қолданған бес жағдай тіркелген.



Сыртқы істер министрлігі енді бұдан былай Қазақстан азаматтарына қарсы Өзбекстан шекарашыларының дәлелсіз-дәйексіз қару қолдануына жол бермейтіндігін мәлімдеді. Олар мұндай әрекеттер 1998 жылдың қазан айының 31-дегі Мәңгілік Достық туралы Келісімге қайшы келетінін және қазақ-өзбек халықтары арасындағы бауырластық қатынастарға үлкен зардап әкелетіндігін ескертті.
XS
SM
MD
LG