Accessibility links

Әлемдегі түрлі дін өкілдері үш жылдан соң Астанада қайта қауышатын болады


Астанада екі күнге созылған Әлемдік және дәстүрлі ұлттық діндер құрылтайы аяқталды. Сьезге қатынасушылар арнайы декларация қабылдады.

Ол декларацияның негізгі мазмұны «Жер бетіндегі барлық діндер күрестің кез-келген түрін айыптайды» дегенге саяды. Отырыс соңында келесі құрылтайды қайда өткіземіз деген мәселені талқылады.

Сьезге қатысушылардың дені Қазақстан басшысына екінші құрылтайды өткізуді де өз мойныңызға алыңыз деген ұсыныс-тілектер айтты. Сөйтіп, көптің пікірімен бұл құрылтайдың аты Әлемдік және дәстүрлі діндер жетекшілерінің құрылтайы деп өзгеріп, үш жылдан соң құрылтайға қатысушылар қайтадан Қазақстанның Астанасында жүздесетін болды.

Ал Қазақстан Президенті келесі құрылтайға дейін Астанада барлық дін өкілдері құлшылық ететін үлкен ғимарат салып қоюға уәде берді.

Құрылтай ақталған соң шетелдік журналистерге сұхбат берген Қазақстан басшысы Н.Назарбаев құрылтай жайындағы ойын былайша түйіндеді:

– Біздің елімізде тағы бір үлкен тарихи оқиға болды деп саналады. Себебі осылай деп бүкіл дүниежүзі мемлекеттерінің басшылары айтып жатыр. Әлемнің тарихында Азия елінде, мұсылман жерінде бүкіл дүниежүзінің діндері, жер бетінің халқы табынатын діндерді айтайық, христиан, ислам, буддизм, иудаизм және оның тармақтары барлығының басшылары жиналып, Алла тағала – Құдайдың бір екенін айтып, ол Құдайдың адамға жақсылық жасау мәселесін айтып, ешқандай дінде экстремизм жоқ екенін айтып, бір-бірімен тіл табысудың ең негізгі жолы – бір-бірімен сөйлесу, пікір таластыру, бір-бірін тыңдау екенін айтып аяғында үлкен құжат қабылдадық. Нью- Йорктағы Дін орталығы Біріккен Ұлттар Ұйымының ғимаратындай ғимарат салу жөніндегі пікірлер айтқаны біздің Қазақстан үшін үлкен жағдай болды деп санаймын.

Ал құрылтайға қатысушы түрлі дін өкілдері тарапынан, мәселен бүкіләлемдік Лютеран федерациясының Бас хатшысы Ишмаел Ноко келесі жолғы құрылтай пікірлесуге, шын мәнінідегі диалогқа құрылса екен деген ойын білдірді.

Қазақстанда өткен құрылтайға жалпы әлемнің он жеті мемлекетінен онға жуық діни ағымдардың өкілдері қатысты.
XS
SM
MD
LG