Accessibility links

Тәжікстан Ауғанстан шекарасын өз күшімен күзетуге дайындала бастады


Бұл шекараны Тәжікстан егемендік алғалы бері Ресей әскері күзететіні белгілі. Тәжікстанда азаматтық соғыс болған кезде де, Ауғанстанды Талибан үкіметі билеген кезде де шекараны Совет әскерінің мұрагері ретінде Ресей солдаттары күзетті.

Ауғанстан шекарасын күзетуді Ресей әскерінің қолынан алу келіссөзі басталса да, бастаманың іске оңай асатыны екі талай. Тәжік-Ауған шекарасын Ресей әскері ресми түрде 1993 жылдан бері күзетеді. Совет Одағы тарағалы бері Ресей әскері Тәжікстанда тек шекараға емес, елдің бірқатар шаруасына бақылау жасап келеді. Ресейдің 201-ші дивизиясы Тәжікстанды қонысындай көреді.

1992 жылдың басында бұрқ ете түскен азаматтық соғыс кезінде Ресейдің 201-ші дивизиясы мен шекара әскері электр станциялары, ТМД шекаралары, Қытай шекарасы сияқты стратегиялық аймақтарды қарамағына алды. Тәжікстан бірлескен ислам оппозициясы сол кезде Солтүстік Ауғанстанда бірқатар әскери база ұстады, елге кіріп, саяси жақтастарына қару жалғамақшы болды. Ресей әскері мұның алдын алды. Азаматтық соғыс 1997 жылы маусымда аяқталған соң Ресей әскері Тәжікстанды жаңадан туындаған Талибан әскерінен қалқандады.

Тәжікстан үкіметінің кейбір мүшелері Ресей әскеріне енді қош айтысса болады деп қайраткерлік танытып жүр. Солардың бірі – генерал Нұралишох Назаров:

- Тәжік-ауған шекарасы қазір екі билікке тәуелді. Оның бірі – ресей шекарашылары болса, екіншісі – тәжік шекарашылары. Өз шекарасын тәжіктердің жалғыз күзетуге шамасы жетеді деп 100 процент сенемін.

Тәжікстан Қытаймен де шекаралас. Аймақта көп мәселе болмағандықтан, Ресей шекарашылары бұл жерден өткен жылы кетіп қалды. Талибан үкіметінің тас талқаны шығып, Ауғанстаннан қарулы шабуыл күдігі азайған соң Тәжікстан оңтүстігіндегі шекарасын да қолына алуға ашық ынта танытты. Тәжік әскері қазір шекараның екінші сабын күзетеді. Тәжік сарапшысы Нұрали Давлатов осы тұста ортаазиялық көршілердің мысалын алға тартады:

- Талибан әскері шабады деген қауіп енді жоқ. Шекараны тәжік әскері қазір өз күшімен бақылап отыр. Олар Ауғанстан шекарасын Өзбекстан және Түркіменстан шекарашыларымен тең күзетеді. Өз шекараларын өздері күзеткені жөн екеніне тәуелсіз мемлекеттердің көзі жетіп отыр.

Бұл жердегі ерекшелік –Ауғанстан басына кім келсе де Түркіменстан барлығымен тіл табысады. Талибан үкіметімен де Түркіменстан көз алайтысқан жоқ. Өзбекстан мен Ауғанстанның шекарасы не бәрі 150 шақырым, оның басым көпшілігі – жазық дала. Өзбекстан мен Ауғанстанды негізінен Амудария өзені бөледі.

Ал Тәжікстан мен Ауғанстанның түйісер сызығы негізінен биік таулы аймақта. Тау мен тастың арасындағы жалғыз аяқ жасырын жолдар арқылы Ауғанстаннан Тәжікстанға, одан Орталық Азия елдері, Қазақстан арқылы Европаға талай есірткі заттары тасылып жатыр. Есірткі керуендерінің жауынгерлерімен қақтығысу Ресей шекарашыларының қарбалас тірлігіне айналған-ды. Рашид Ғанум сияқты тәжікстандық саяси сарапшы "Азаттық" радиосына берген сұхбатында Тәжікстан әскері Ауғанстан шекарасын күзетуге әзірше дайын емес дейді.

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG