Accessibility links

Қазақстанда сыбайлас жемқорлыққа байланысты заңдарға өзгертулер енгізілді


Қазақстан президенті елде сыбайлас жемқорлықпен күресті күшейту мақсатында бірқатар заңдарға өзгертулер мен түзетулер енгізу туралы заңға қол қойды.

Бұл туралы баспасөз өкілдеріне бейсенбі күні Астанада Қазақстан президенті әкімшілігінің орынбасары, президент аппаратының мемлекеттік-құқық бөлімінің меңгерушісі Игорь Рогов мәлімдеді.

Президент Н.Назарбаев қол қойған бұл жолғы заң Қазақстанның “Сыбайлас жемқорлықпен күрес туралы”, “Мемлекеттік қызмет туралы”, “Еңбек туралы” заңдарына, Қылмыстық, Қылмыстық-процессуалдық және Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстерге өзгертулер мен толықтырулар енгізді.

- Республика президентi басымды заңдардың бірі деп атаған бұл заңды әзірлеуге үкіметпен бірге Қазақстанның бас прокуратурасы да белсенді атсалысты, – деді Қазақстан президенті әкімшілігінің мемлекеттік-құқық бөлімінің меңгерушісі Игорь Рогов.

Қазақстан ТМД енетін елдер арасында “Сыбайлас жемқорлықпен күрес туралы” заңды алғаш болып қабылдаған мемлекет. «Алайда, қолдана келе байқалған осы заңның кей әлсіз тұстарын жөндеп, елде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің пәрменді болуын көздейтін түзетулер мен өзгертулер енгізіліп отыр», деді И.Рогов мырза.

Жаңа өзгертулерге сәйкес сыбайлас жемқорлыққа байланысты құқық бұзғаны үшін әкімшілік немесе тәртіптік айып салу мүмкіндігі үш айлық мерзім болып бекітілді. Ал, басқадай құқық бұзу орын алған жағдайда бұл мерзім бір ай болып белгіленген. Сол секілді, бұдан былай сыбайлас жемқорлыққа қатысты тәртіптік жауапкершілікке тартылған азаматтар екі жылға дейін мемлекеттік қызметке кіре алмайды. Бұған дейін ондай шектеу уақыты бір жыл болатын. Сондай-ақ, сыбайлас жемқорлыққа жататын қылмыстардың қатары кеңейтілген.

- Мемлекеттік қызметкерлер мен оларға теңестірілгендер өздерінің өкілеттіктерінің көмегімен кез-келген түрдегі заттай пайдаға ие болуы сыбайлас жемқорлық болып табылады, - деді И.Рогов.

Егер бұған дейін сыбайлас жемқорлыққа қатысты жауапкершілікке негізінен мемлекеттік қызметтегілер тартылып келген болса, бұдан былай оларға теңестірілген тұлғалар да әлгілермен бірдей дәрежеде жауапқа тартылатын болады. Қазақстанның қылмыстық құқығына жаңадан еніп отырған бұл ұғымға жергілікті өзін-өзі басқару органдарына сайланғандар, осы органдарда уақытша және тұрақты жұмыс істейтін, мемлекеттік бюджеттен еңбекақы алатын қызметшілер, заң тәртібіне сәйкес Қазақстан Республикасының президенттігіне, парламент және мәслихат депутаттығына үміткер болып тіркелген азаматтар, сондай-ақ, акцияларының 35 пайыздан астамы мемлекеттің иелігіндегі ұлттық компания басшылары жатады. Сөйтіп, ендігі жерде бұл адамдар да сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған жағдайда мемлекеттік қызметшілер, парламент және мәслихат депутаттары, сот қазыларымен бірдей дәрежеде жауапқа тартылатын болады.

Бұдан өзге біреуге жала жабу, тергеу-тексеру орындарына сөз тасу және біреудің үстінен жалған куәлік айтқаны үшін берілетін қылмыстық жаза да күшейтіліп отыр.
  • 16x9 Image

    Кенжебек НҰРҚАСЕНҰЛЫ

    Кенжебек Нұрқасенұлы - 1967 жылы туған. Семей мемлекеттік университетін тәмамдаған.
    Семейдегі «ТВК-6» телеарнасында, «СолDAT» газетінде, «Қазақ тарихы» журналында жұмыс істеген. Азаттық радиосында 2001 жылдан бері еңбек етеді. 

XS
SM
MD
LG