Accessibility links

Слободан Милошевичтің саяси қарсыластарын өлтірткізгені тергеле басталды


Диктатор-президенттер басқаратын елдерде саяси күрескерлерді, датым бар деген тұлғаларды өлтірту үйреншікті жағдайға айналғаны белгілі. Мұндай айып осы аптада Югославияның бұрыңғы президенті Слободан Милошевичке тағылды.

Милошевичтің бір саяси қарсыласын өлтіргізгені, екіншісіне қастандық жасатқызғаны арнайы сотта қаралатын болды. Соғыс қылмыстары үшін Гаага Халықаралық сотында тергеліп жатқан бұрыңғы президент Милошевич айыппен келіскен жоқ.

Югославия президенті болғанда Слободан Милошевич саяси қарсыластарын өлтіруге құштар болды деген айыпты Сербия прокуратурасы сейсенбі күнгі мәлімдемесінде жариялады. Югославия федеративті мемлекеті Совет Одағы сияқты тарап кеткен соң негізгі буында Сербия қалғаны белгілі. Совет Одағында Ресей қандай орында болса, бұрыңғы Югославияда Сербия сондай. Милошевич Югославия одағының құрамында тәуелді республика болған Сербияның бұрыңғы президенті Иван Стамболичті 2000 жылы тамызда өлтірткізгені тергеліп жатыр. 2000 жылдың басында, сондай ақ, оппозиция басшысы Вук Драсковичке қастандық жасалды, Вук Драскович жеңіл жарақат алып, аман қалған.

Сербияның бұрыңғы президенті Иван Стамболичті Милошевичтің ұстазы деп атаса болады. Стамболич 1980-ші жылдары Милошевичке көз қырын салып, оны Сербия коммунистік партиясының басшылығында жетектеп отырған. Милошевич Югославия президенттігіне келген соң төменгілеу сатыда қалған Стамболичті алдымен Сербия президенттігінен қуды, сосын түбіне жеткен көрінеді.

Президент Милошевич бұл қылмыстарын тікелей өзіне қане бағынатын арнаулы жасаққа бұйыру арқылы іске асырды дейді Сербия полициясы. Бұл жасақтың жігіттері осы жылдың наурыз айында Сербия бас министрі Зоран Джинджичті де өлтірді деп айыпталып отыр. Зоран Джинджичтің өлімін тергеу барысында айдаладағы жыраға көмілген Иван Стамболичтің сүйегі табылды.
XS
SM
MD
LG