Accessibility links

Президент Путин Ресей азаматтығын алуда жеңілдік беретін заңға қол қойды.


Путиннің ұсынысы бойынша, 2002-жылы шілденің біріне дейін Ресейде тіркеуде болған азаматтар 5 жылдық мерзім талабынан өтпей-ақ, енді Ресей елі азаматтығын алуға құқылары бар.

Президент Путин өткен аптада Ресей азаматтығын қабылдау жөніндегі 2002 жылғы заңға өзгерту жасап, бір шама жеңілдік беретін заңға қол қойды. Президенттің ұсынысы бойынша, 2002-жылы шілденің біріне дейін Ресейде тіркеуде болған азаматтар 5 жылдық мерзім талабынан өтпей-ақ, енді Ресей елі азаматтығын алуға құқылары бар. Сондай-ақ азаматтық алу құқығына Ресей армиясында келісім-шартпен кемінде 3 жыл әскери қызметте болған жігіт-қыздар және ресейлік азаматқа кемінде 3 жыл бұрын үйленген адамдар да ие болады. Жеңілдікке 2-дүние жүзілік соғыста қатысқан ардагерлер де ие.

Президент Путин енді өзінің бұл өзгертулерін Ресей Думасында тезірек қарап бекітілуін өтінген.

Думаның төраға орынбасары Любовь Слиска Ресей президентінің бұл ұсынысын Парламент мақұлдайды деген сенімде.

Талдаушылардың пікірінше, заңдағы бұл өзгерту арқылы алдағы желтоқсан және наурыз айларында өтетін парламенттік, президенттік сайлаулар қарсаңында Владимир Путин мен оның жақтастарының саяси беделі бір шама көтерілуі мүмкін екен.

Мәскеудегі Карнеги зерттеу орталығының талдаушысы Андрей Рябовтың айтуынша,

- Бұл алдағы сайлаудың табысты өтуі үшін Путин жасап отырған маңызды шара. Бұл заңды Путин қолдайтын Біріккен Ресей партиясы да қуана қабылдады. Меніңше, азаматтық жөніндегі кемшіліктерді саяси партиялар да, қоғам да жақсы білетін. Сондықтан президент және атқарушы орындар бұл сәттен ұтымды пайдаланып отыр, - дейді Рябов.

Ал Мәскеудегі тағы бір Саяси зерттеу орталығының талдаушысы Дмитри Орловтың айтуынша, заңдағы жаңа өзгеріске саяси мән бермей практикалық тұрғыдан қараған жөн.

Бұл жаңа заңның, Орловтың пікірінше, экономикалық маңызы бар. Себебі, Ресейдегі тұрғындар саны азайып, шеттен келетін жұмысшы қолына талап ұлғая бастаған.

- Ресейге иммигранттардың келе беуі қажет. Себебі Ресейде адам саны жедел кемеюде, - дейді Орлов.

Дмитрий Орловтың айтуынша, Ресейге дипломды мамандар емес қатардағы жұмысшы азаматтар көптеп қажет. Олар әсіресе құрылыс саласына, көлік жүйесіне керек.

Ал Рябовтың айтуынша, Ресейге қандай мамандардың қажеттігін дөп басып айтудың өзі де оңай емес.

Дегенмен, Ресей мемлекеттік Статистикалық комитеті берген деректерге қарағанда, соңғы жарты жылдың ішінде ғана Ресейден өзге елдерге жарты миллиондай адам кеткен. Оның үстіне, нашар дәрігерлік жүйесінен, алкоголизмнен өмірмен қоштасатындар да аз емес.

Ал ол жағдайды жақын арада жөндеу оңайға түспес. Міне енді азаматтық алу жөнідегі жеңілдік заңы қабылданса Ресейге әсіресе Орталық Азия елдерінен келетіндер саны айтарлықтай көбейе түсері кәдік.

Рябовтың пікірінше, Түрікменстан мен Балтық жағалауы елдерінде орыс азаматтарын алалау жағдайлары жиі байқалады. Сондықтан азаматтық заңындағы жаңа өзгеріс бойынша, шет елдерде тұратын орыстарға арнайы жеңілдік берілмек.

Рябовтың айтуынша, өзге республикада жасайтын орыс азаматтарынан Ресей азаматтығына өтер кезде орыс тілі емтиханын алу дұрыс емес.
XS
SM
MD
LG