Accessibility links

АҚШ және Ресей президенттері Иран мен Солтүстік Кореядан өз ядролық қару бағдарламаларын жедел тоқтатуын талап етеді


АҚШ және Ресей президенттері Джордж Буш пен Владимир Путин терроршылыққа қарсы күресте өздерінің одақтас екендіктерін жариялап, Иран мен Солтүстік Корей елдерін ядролық қарулардан бас тартуға шақырды.

Вашингтон маңайындағы Камп Дейвид қаласында АҚШ президенті Джордж Буш пен Ресей президенті Владимир Путин арасында екі күндік келіссөздер өткеннен соң екі елбасы баспасөз мәслихатын өткізді. Президенттер Буш пен Путин терроршылыққа қарсы күрес кезінде өздерінің одақтас екендігін білдіріп, Ираннан ядролық қарулардан бас тартуын талап етті.

- Біз Ираннан, енді, Халықаралық Атом қуаты агенттігімен ынтымақтаса отырып жұмыс істесуін өтінеміз, - деді Владимир Путин.

Бірақ президент Путин Джордж Буштың , Ресей Иранға ядролық бағдарлама бойынша беріп келе жатқан көмегін тоқтатуы керек, деген талабын негізсіз деп есептейді. Путиннің айтуынша, Ресей азаматтық салада Иранға ядролық зауыт салу үшін 800 млн долларлық шартқа отырған. Ресейдің Иранға ядролық қарулар жасау бойынша ешқандай берер көмегі жоқ, - дейді Путин.

АҚШтың өтінішімен Халықаралық Атом қуаты агенттігі Ираннан қазан айының соңына дейін өзінде құпия ядролық бағдарламаның жоқ екендігі жөнінде айғақты дәлел келтіруін талап еткен. Кері жағдайда Иран мәселесі БҰҰның Қауіпсіздік кеңесінде арнайы қаралатын болады.

Камп Дейвидте қаралған келесі бір маңызды мәселе Солтүстік Корей еліндегі ядролық қару жағдайы. АҚШ пен Ресей президенттері бір ауыздан Солтүстік Корея ядролық қару бағдарламасын тоқтатуы қажет деген шешімге келді.

- Біз Солтүстік Кореядан өз ядролық бағдарламасын түгелдей тоқтатуын талап етеміз, - дейді АҚШ президенті.

Бірақ президент Путин бұл талаптың орындалуы үшін АҚШ Солтүстік Кореяға қауіпсіздік кепілдігін беруі керек, деген ұсыныс жасады.

Ал Ирақ жөніне келгенде, Владимир Путин бұл елдегі қайта құру шараларында Ресей АҚШқа қолдау көрсететіндігін білдірді. Сондай-ақ Ресей Ирақтағы саяси әкімшіліктің Ирақ халқына түгелдей беруге асықпаған жөн деген АҚШ ұсынысын да қолдап отырғандай.

- Мен Ирақтағы жағдайға арнайы тоқталып өтпекшімін. Біздің елдеріміз әлемдік қауымдастың мүшесі ретінде бір ортақ мақсатқа ие. Ол – Ирақтағы жағдайды тезірек тұрақты қалыпқа түсіру. Ирақ еркін, біріккен, демократиялы мемлекетке айналуы қажет. Сондықтан біз ирақ халқы алдындағы күрделі мәселелерді шешуде БҰҰ бас хатшысының арнайы өкілі және Ирақтағы Басқару кеңесі үлкен рөл ойнайды, деп есептейміз, - дейді президент Путин.

Дегенмен Владимир Путин Ираққа берілер қаржы көмегі және жіберілер өз бейбітшілік қосындары жөнінде ештеңе айтпады.

Ал АҚШ Ирақтағы қайта құру шараларына қатысатын көпұлттық әскери күштерді жасақтау үшін БҰҰның арнайы шешімі қажет деп есептейді. Сонымен, Ресей Ирақ мәселесінде АҚШты қолдаса, АҚШ өз кезегінде Шешенстандағы ісләмшіл террорлық әрекетке қарсы күресте Ресейді жақтамақ.

- Терроршылыққа қарсы күресте біз Ресеймен одақтаспыз. Себебі екі ел де терроршылық әрекеттерден зардап шегіп келеді, Сондықтан терроршыларға, ішінде Шешенстан да бар, қарсы күресті күшейту қажет. Бірақ адам құқықтарына құрметпен қарап, сайлаулардың еркін және әділетті өтілуін талап етеміз, - дейді АҚШ президенті.
XS
SM
MD
LG