Accessibility links

Түркімен оппозициясы


Түркімен оппозициясының бірігуі – өзгерістер жасау үшін жетіспей тұрған байланыстың орнын толтыруы мүмкін.

Елден тыс жерлерде, қашқында жүрген Түркмен оппозициясының басты деген төрт тобының өкілдері өткен аптада Прагада жиналып, күш біріктіретіндіктері жөнінде мәлімдеді. Біздің тілшілеріміз Түркмен оппозициясының мақсаты және бұл ынтымақтастық елдің болашағы үшін не береді деген тақырыпқа талдау жасаған болатын.

Түркмен үкіметі талайдан бері елдің ішіндегі оппозициялық қозғалыс пен партияларды біртіндеп талқандап, таратып біткен болатын. Елдегі билік басында Соет кезеңіндегі Коммунистік партияның орнын басқан мұрагері - жалғыз ғана заңды түрде тіркелген Түркменстанның демократиялық партиясы қалған-ды. Бірнеше үкіметтік деңгейдегі билік басында болған шенеуніктер Түркмениядан қашып шығып, сыртта жүрген оппозициялық топтармен негізінен Мәскеуден жұмыс істеп келді. Міне солардың көпшілігі қыркүйектің 27-29-ы күндері Чехияның астанасы Прагада Түркменстанның демократиялық күштері деген одақ құру үшін жиналып, мәжіліс өткізді.

Осы конференцияға қатысқан Венгрияның Будапешт қаласында орын тепкен, Түркмения жобасы қоғамдық ашық институтының директоры Ерика Дейли оппозицияның Түркмениядағы саясатқа әсер етпекші болған бұған дейінгі әрекеттерінің барлығы да нәтижесіз аяқталып келген болатын деген Азаттық радиосына берген сұхбатында:

- Түркменстанның саяси оппозициясы үлкен қысым көріп келді. Олар өте ұсақталып, басып-жаншылып жіберілді. Олардың қатары әбден сиреп, әлсіреп қалған. Осы конференцияға дейін оппозицияның тарихында тұрақтылық жоқ, алашұбар болып келді, - деп атап көрсеткен Ерика Дейли.

Прагадағы конференцияға қатысқандардың ішінде Түркменияның бұрынғы сыртқы істер министрі, қазіргі Түркменстанның біріккен демократиялық оппозициясының негізін қалаушысы және жетекшісі Авды Кулиев, сондай-ақ Түркменстанның Түркиядағы бұрынғы елшісі болған және Түркменстанның халықтық демократиялық қозғалысының құрылтайшыларының бірі Нұрмұхаммед Ханамов пен Түркменстанның бұрынғы бас министрі болған, қазіргі Ватан қозғалысы төрағасының орынбасары Александр Додонов болды.

Түркменстанның қайта өрлеу қозғалысы да оппозицияның топтасуына қатысқандар қатарында. Кулиев жаңа одақты құру жөнінде бір ұйғарымға келудің оншалықты қиындыққа соқпағанын айтады.

- Біз екі күнгі жұмыс барысында өз арамызда Демократиялық күштер одағын құру туралы келісімдерге жеңіл қол жеткіздік, өйткені біз бір-бірімізді және бағдарламаларымызды жақсы білеміз. Біздің бұл бірлестік жалпы принициптерге негізделеді.

Кулиев мұндай принциптердің қатарына Түркменстанда демократиялық реформа жүргізу қажеттігін жане адам хұқтары мен сөз бостандығын құрметтеу, олардың қатарында еркін баспасөздің болуы деген шарттарды кіргізген. Дейли Түркмен оппозициясының бірігу жөніндегі шешімі олардың саясатындағы елеулі өзгерістерді байқатады дейді:

- Бұл кездесудің ең маңызды бір қорытындысы – ол саяси оппозицияның түрлі қанаттары бірігіп, Түркменияның демократиялық күштері деген одақты құрғандары жөнінде бірлесіп мәлімдегендері болды. Бұл бұдан бұрын ешқашан да қол жетпеген ірі табыс. Нақтылай айтсақ, конференция барысында оппозицияның мұндай бірлестікке бұрын неге бармағаны турасында кекесінді сөздер де айтылып қалды, - деген Дейли жаңа одақ төңірегінде жауапсыз қалған кейбір маңызды сұрақтар да болды деп атап көрсеткен.

Сондай-ақ , сарапшы Дейли оппозицияның күш біріктіруіне мүмкін Түркменстандағы ауыр ахуалға халықаралық назардың жіті аударылып отырғаны, мәселен Халықаралық рақымшылық тобы, Европадағы қауіпсіздік жане ынтымақастық ұйымы мен Ресейдің мемлекеттік думасының өзінің көңіл бөліп отырғаны ықпал еткен болар дейді.

Ол осылайша халықаралық сыни көзқарас-пікірдің күшейуі мен оппозицияның бірлесуі - Түркмен үкіметінде өзгерістер жасап, реформаны қолға алу үшін бұған дейін жеткіліксіз болып келген күштің орнын толтыратын болар деген де ой білдіреді.

Бұл орайда Ватан жетекшісі Александр Додоновтың дүйсенбі күні Прагада келер жылы осы уақытта Түркмен оппозициясы оппозиция болып қалмайды, ол Түркменстандағы демократиялық процестерді бастайтын болады деп айтқан сөздері мүмкін асығыстау айтылған ұшқары пікір болар. Дегенмен де, Түркмен оппозициясы күш біріктіре отырып, Прага конференсиясына дейін болмаған өзгерістер мен мүмкіндіктерге қол жеткізгені анық.

AzattyqTV

Аудиоподкаст

XS
SM
MD
LG