Accessibility links

ЮНИСЕФ-тің атқарушы директоры Қазақстанға ресми сапар шекті


Біріккен Ұлттар Ұйымы Балалар қорының атқарушы директоры Кэрол Беллами Қазақстанға жұмыс бабымен келді.

Сапарын Алматыдан бастаған Беллами ханым «Бөбек» қорының төрайымы Сара Назарбаевамен кездесті. Қазанның 3-і күні Астанаға келеді. Сапар барысында Кэрол Беллами Қазақстан премьер-министрі Даниал Ахметовпен, Қазақстан денсаулық сақтау министрі Жақсылық Досқалиевпен және басқа да бірнеше ресми кездесулер өткізеді.

Қазақстан сыртқы істер министрлігінің ақпарат және талдау басқармасының 3-і хатшысы Айнұр Кәрбозованың айтуынша, бұл кездесулердің бәрінде басты әңгіме балалар жайында болмақ.

Біріккен Ұлттар Ұйымының Балалар қоры Қазақстанға көмегін ең алғаш 1992 жылы қызылша және ауыр жұқпалы дерттерге қарсы күрес бағдарламасын ұсынудан бастаған болатын. Қазіргі уақытта аталған қор мен Қазақстан үкіметі тұрмыс жағдайы нашар отбасыларға көмек көрсетуді көздейтін 2005-2009 жылдарға арналған бағдарлама дайындау үстінде. 2010 жылға дейін Қазақстан 4 салада іс-шараларды қолға алуға тиіс. Олар: балалар өлімін шектеу, аналар денсаулығын жақсарту, СПИД-пен күрес және қоршаған ортаны қорғау.

Бұған дейін Қазақстанда 3 рет болған Беллами ханым Астанаға алғаш рет келе жатыр.
XS
SM
MD
LG