Accessibility links

Алты жасар баланың тағдыры бiр жарым айдан кейiн белгiлi болады


Қазақстан Парламентi Мәжiлiсiнiң депутаты Өмiрғали Кенжебектiң қазанның 1-iнде алты жасар Володья Часовниковке байланысты Қазақстанның Бас прокуроры Рашид Түсiпбековке және Ұлттық қауiпсiздiк комитетiнiң төрағасы Нартай Дүтбаевқа сауал жолдағаны сол күнгi хабарымыздан мәлiм.

Араға бiр күн салып, бас прокуратура түсiнiктеме бердi. «Қазақстан» телеарнасының қыркүйектiң 30-ы күнгi хабарында Курчатов қалалық сотының жетiм балалар үйiнiң тәрбиеленушiсi Володия Часовниковты Бельгия азаматтына асырауға беру туралы күмәндi шешiм шығарғаны айтылған болатын. Телекөрсетiмде баланы еңретiп, туған бауырларынан айырып әкеткен аянышты сәт көрсетiледi. Осыған орай, Мәжiлiс депутаты Өмiрғали Кенжебек Бас прокурордан сот шешiмiнiң заңға сәйкестiлiгiн анықтауды сұраған болатын. Бас прокуратураның Азаматтық iстер бойынша сот актiлерiнiң заңдылығын қадағалау департаментiнiң прокуроры Нұрлан Серiкбаевтың сөзiне қарағанда, Володья Часовниковтың iсi Бас прокуратураға әуелден-ақ мәлiм. Оның айтуынша, Бас прокуратура қазанның 1-i күнi, яғни, «Қазақстан» телеарнасы Володья туралы хабар берген күннiң ертеңiнде Курчатов қалалық сотының шешiмiнiң орындалуын тоқтату туралы қаулы шығарған. Сондай-ақ, Шығыс Қазақстан облыстық прократурасының сот шешiмiне наразылыға қаралу үстiнде. Баланың тағдыры бiр жарым айдың мұғдарында белгiлi болмақ.

Өмiрғали Кенжебектiң ойынша, Володья Часовниковтың мәселесi Бас прокуратураға әуелден-ақ таныс едi дегенге сену қиын. Мәжiлiс депутаты: «Сот шешiмi орындалар сәтте туысқандары шу шығармағанда, баланың ендiгi шет ел асып кетуi мүмкiн едi. Бұл уақиға қорғансыз балаларды шет елдiктерге сатудың қазақстандық бизнесi қалыптасқанын көрсетедi Кейiнгi он жылда 7 мыңдай баланың шет ел асырылғанын ескерсек, қазақстандық балаларды шетелдiктердiң асырап алуына қатаң бақылау қоятын кез жеттi», - дейдi.

Ал балалар үйiнiң директоры «Қазақстан» телеарнасына берген сұхбатында Володьяны өзiмен бiрге тәрбиеленiп жатқан бауырларынан айыруға сот төрешiсiнiң дәтi қалай жеткенiне таңданыс бiлдiредi: «Сот құжаттамасында көрсетiлгендей, бала ауру емес. Тiптi, бабалар мекемесi басшылығының келiсiмiн де сұраған жоқ», - дейдi.

Қысқасы, бiр күнде республикаға танымал болған Володьяның тағдыры ендi Қазақстанның «Отбасы туралы» заңына сәйкес шешiлуге тиiс. Ал оны асырап алмақ болған белгиялық азамат әлiптiң артын бағып Қазақстанда жүр деген болжам бар.
XS
SM
MD
LG