Accessibility links

Бюджет қазынасынан тағы да 77 млн.теңге жымқырылды


Үстіміздегі жылдың ішінде Қазақстанның қазынашылық қоржынынан екі рет үлкен сомада қаржы жымқырылып отыр.

Мұның бірі тамыз айының 19-да Астана қаласында орын алған. Онда 187 млн. теңге көлемінде қазынашылық есеп-шоттан ақша жоғалып кеткен-тін. Бұл жайында кезінде бұқаралық ақпарат құралдарында жазылған да болатын. Жақында бұл жағдай тағы қайталанды Бұл жолы 77 млн. 407 мың теңге бюджет қаржысын заңсыз аударып жіберген. Мұндай оқиғаның болғанын қазанның 6-күні Қаржы министрі Ерболат Досаев мәлімдеді. Оның айтуынша, бұл оқиға қыркүйектің 27-күні анықталған. Ал қаржыны шілденің 4-күні жымқырған.

Қаржы министрі Ерболат Досаевтың айтуынша, бюджет қаражатының қазынашылық жүйеден жымқырылуының басты себебі Қазақстанда екі бірдей қазынашылық ақпарат жүйесі жұмыс істейтіндігімен байланысты. Елде қазынашылық жүйені жаңа үрдіске көшіру 1996 жылдан басталған. Кейін 1999 жылы жаңғырту жобасы Қаржы министрлігі мен «Hewlett Packard» компаниясы арасында келісімшарт негізінде іске асырылып, жаңа ақпараттық жүйе 2001 жылдың желтоқсанында енгізіледі. Бірақ жаңа ақпараттық жүйені осы уақытқа дейін Қазақстанның жеті облысына ғана орнатып үлгереді де, қалған тоғыз облыс бүгінгі күнге дейін ескі ақпараттық жүйемен жұмыс істеп келеді.

Қазір республиканың барлық аумақтарында қазынашылық есеп-шотты тексеру жұмыстары жүргізіліп жатқан көрінеді. «Алдағы уақытта бюджет қаржысының жымқырылмайтынына кепілдік бере алмаймын», – дейді Қаржы министрі. Себебі Қаржы министрінің пікірінше, екі жүйенің де кемшін тұстары көп. Қазынашылық есеп-шоттардың барлығы тексерілгеннен кейін қорытындысын мәлімдейтін боламын дейді, Қаржы министрі Ерболат Досаев.
XS
SM
MD
LG