Accessibility links

Баспасөз шолуы


Мерзімді басылым беттерінде қазақстандық бір түрмеде жаппай суицидтің болғанына қатысты әзірленген талдау мақала және саяси-әлеуметтік мәселелерге арналған материалдар жарық көрді.

«Өткен аптада Астана маңындағы ЕЦ 166/10 деп аталатын қатал режимді колонияда бір адам өз тамағын кесіп жіберіп өлгені және 9 сотталған адам өз қарындарын жарып тастағаны белгілі болды. Әділет министрлігі алғашында бұл оқиғаны дабыра қылғысы келмеген еді, бірақ артынан ол бүкіл республика көлемінде үлкен дүрбелең тудырды», - деп хабарлайды қазақ тіліндегі «Сөз» газеті. Төтенше жағдайды « КУИС бастығы Нұрлан Смағұлов пен Әділет министрі Оңалсын Жұмабековтің қатардағы оқиға ретінде көрсетіп, бар кінәні соталғандардың өзіне жапқысы келгені таңдандырады. Ал алғашқы кезде түрме мен КУИС басшылары: «Ешқандай суицид жоқ. Бәрі нормально», - деп түрмеге ешкімді кіргізбей қойып, бірақ артынша олардың өтірік айтқаны белгілі болған кезде – бәріміздің ашу-ызамызды тудырды», - дейді мақала авторы Шәріп Диханбайұлы.

Сонымен бірге «қазіргі таңда Америка Құрама Штатында Назарбаевтың американдық кеңесшісі Джеймс Гиффеннің қазақстандық лауазымды қызметкерлерге пара беруіне орай қозғалған қылмыстық іс бойынша процесс қарқынды жүріп жатыр. Алайда, Қазақстанда «Қазақгейт» деген мүлдем жоқ сияқты, мүлгіген тыныштық. Тек оны анда-санда кейбір дауылпаз парламент депутаттары ғана бұзады», - деп жазылған «Сөз» газетінің орыс тіліндегі нұсқасында мәжіліс депутаттары Әбділдин, Косарев, Тоқтасыновтың «Қазақгейтке» қатысты депутаттық сауалдарына арналған мақалада.

«Новости недели» газетінде Парламент Мәжіліс спикері Жармахан Тұяқбай «Сайлауға бір жыл қалғанда парламентті таратып жіберу мүмкін емес» деген сұқбатында: «Парламентте белгілі-бір заң жобасын жекелеген қаржылық топтар ғана емес, үкімет те, партиялар және тағы басқалар лоббилауға тырысады. Сондықтан, осы мәселені лайықты нормалар арқылы реттеу өте қажет», - дейді «Лоббилау туралы» жаңа заң жобасының қажеттігі туралы.

«Кеңінен жарнамаланып жатқан ипотеканың» Қазақстанда тиімді жұмыс істеп жатқанына күмән келтіреді «Аргументы и факты Казахстан» апталығында журналист Елизавета Александрова «Жеңілдікпен несиелеудің мифтері» деген мақалада. Мақала авторының айтуынша, «республикадағы тұрғын үй мәселесі оны шешуге деген талпыныстарға қарамастан, өткір күйінде қалып, қосымша әлеуметтік шиеленіс тудыруда».

Ал «Комсомольская правда Казахстан» басылымының тілшісі Леон Костевич келесі бір әлеуметтік мәселеге назар аударады. Оның хабарлауынша, «қазақстандық дихандар 13,6 миллион гектар жерден 17,2 миллион тонна астық жинағанына қарамастан, көптеген аймақтарда нан бағасы жоғарылады». «Әзірге бұл 5 облыста ғана көрініс берген. Ең үлкен бағаның жоғарылауы Атырауда, Павлодарда, Таразда және Оралда байқалған».

«Известия Казахстан» газеті «Қазақстан мұнайы мен газы әлемдік шикізат өндіруші компаниялардың рекордтық санын тарта білді» деп хабарлайды. Газет мәліметтеріне қарағанда, Қазақстан 2015 жылы мұнайды үш есеге артық өндіруді көздеп отыр. Апталық сараптамалық «Континент» журналы АҚШ пен Ресей Каспий бойынша Әзербайжан мен Қазақстанды жұмылдыра отырып, ортақ блок құруды жоспарлауы мүмкін екендігін алға тартады. «Мұндай одақтың мұнай және экономикалық қана емес, әскери-стратегиялық және геосаяси өлшемдері бар», - деп есептейді мақала авторы Мұрат Лаумулин.
XS
SM
MD
LG