Accessibility links

Сотқа шағым түсірген Ерғалиева мен Әзербаевтардың өтініші қанағаттандырылмады


Мәслихат депутаттығынан Алматы қаласы бойынша үміткер болған Гүлжан Ерғалиева мен Салауат Әзербаевтардың шағымы бойынша өткен сот отырысы сәрсенбі күні шешімін шығарып, арызданушылардың өтінішін қанағаттандырмады.


Соңғы аптада Алматыда сот отырыстары көбейіп кетті. Солардың дені сайлауға қатысты болса, ал үш күн бойы жалғасқан сотта 8 қазанда Ерғалиева мен Әзербаевтардың шағымына нүкте қойылды. Судья Нона Низамединова сәрсенбі күні арыз берушілердің өтінішін қанағаттандырмайтындығы жөнінде шешім шығарды.

Осыған орай Қазақстан ҚДТ кеңсесінде өткен баспасөз мәслихатында Г.Ерғалиева 4 сайлау учаскесінде де өрескел заң бұзушылықтар болғанын алға тартты. Алайда учаскелік сайлау комиссиясының мүшелері жәшікке жалған бюллетеньдердің көптеп тасталғанын көрмеген. Сайлау жүріп жатқан кезде бақылаушыларды әлсін-әлсін телефонға шақырып, жалған әңгімелесулер көбейіп кеткен. Оларды алаңдату арқылы бақылау қырағылығы бұзылған.

- Сайлау әділетсіз өтті. Осыған орай шағымға қатысты өткен сот та көзбояушылықпен аяқталды, -дейді Г.Ерғалиева. - Ал мұндай сайлауды өткізіп керегі жоқ еді.

Судья тек учаскелік комиссия мүшелерінің сөзін назарға алып, бақылаушылардың айтқанын ескерген де жоқ деді. Оппозиция өкілдерінен мен алғашқы болып сотқа шағымдандым, қазір дәл осындай тағы 5-6 сот жүруде дейді Г.Ерғалиева. Шағымданушылар мұнымен тоқтап қалмайтындықтарын, одан әрі жоғарғы орындарға шағымданатындықтарын айтуда. Сайлау иллюзиясы, сот иллюзиясы осылай жалғасуда деп отыр.

Қазақстан президенті қараша айында ЕЫХҰ басшылығымен кездесіп,сөз сөйлейді деп күтілуде. Сонда не деп жауап берер екен, соны білгіміз келеді деген пікірлер айтылды.

Өз кезегінде сөз алған Салауат Әзербаев :

- Мен ешқандай саяси блокта жоқпын. Қоғамдық жұмыстамын, қайырымдылық шаралармен шұғылданамын. Осы сайлауда өз бағымды сынап, депутат болғым келген еді, сенгіш екенмін. Жаппай әділетсіздік жайлапты біздің қоғамды, - дейді ол. – Қазақстанда әділ сайлау, демократия деген атымен жоқ екеніне көзім жетті.

Мен жеңілгеніме өкінбеймін. Тек елде әділеттілік орнаса деген тілектемін деді С.Әзербаев баспасөз мәслихатында.

Халық сайлауға сенбейді. Сондықтан да дауыс берушілер тым аз болды. Елдің бәріне сенімін жоғалтқанын білдік дейді баспасөз мәслихатын өткізушілер.
XS
SM
MD
LG