Accessibility links

Франция болашақта Қырғызстанға инвестиция енгізетіндіктеріне уәде беріп отыр.


Мұндай уәдеге Ақаев мырза Парижге үш күндік сапары барысында қол жеткізді.

Қырғызстанның ресми Қабар ақпарат агенттігінің хабарларына қарағанда Қырғыз елбасы Асқар Ақаевпен кездесуі барысында Франция елбасы Жак Ширак алдағы уақытта да аталған елге ресми Париждің инвестиция енгізетіндігіне сендірді. Ал, 1999-2002 жылдар арасындағы Францияның осы Ортаазиялық елге енгізген инвестиция көлемі 410 мың долларды құрап отыр. Сондай-ақ Қырғыз шекарасын қорғау мен есірткі тасымалына тосқауыл қою ісінде де бұл елмен әріптестік орнататындығын Ширак мырза атап өтті. Қырғызстанның білім және мәдениет министрі Ишенгүл Болжурованың Азаттықтың Париждегі тілшісіне айтуынша, екі ел ресми өкілдері арасындағы сөйлесулер достық жағдайда өткен. Пікіралысудың негізгі тақырыптары экономика және қорғаныс салаларын қамтыған екен. Ауғанстан соғысынан бергі аралықта қырғыздың Манас әуе жайында 500-дей француз әскерлері тұр. Ақаевтің баспасөз хатшысы сонымен бірге Қырғызстанның Европа одағындағы қызығушылықтарын қолдауға Ширак мырзаның уәде еткендігін де хабарлады. Екі ел арасындағы экономикалық және стратегиялық байланыстарды жақсартуға арналған жоспармен аталған кездесу аяқталған болатын. Мұндай кездесудің жалғасы келер жылы Бішкекте жалғаспақшы.

Алайда, Адам хұқықтарының елдегі жайы жөнінде Ақаев мырзамен Франция елбасының сөз қозғаған, қозғамағаны әл-әзір белгісіз күйінде қалып отыр. Нью-Йоркте орналасқан Хюман Райтс Воч ұйымы және қырғызстандық мемлекеттік емес үш бірдей ұйым , сондай-ақ оппозициядағы" Ар-Намыс" партиясы бірлесе отырып, Франция елбасына арнайы хат жолдаған болатын. Ол хатта Ақаев мырзамен кездесу барысында адам хұқықтарының жайы жөнінде сөйлесу сұралған еді. Осы айтылғандарға қоса бұл сапарында Ақаев мырза БҰҰ жанындағы ЮНЕСКО-ның бас конференциясында сөз сөйледі. Ол әлгі сөзі барысында Токиода ашылған БҰҰ-ның университеті сияқты арнайы оқу орнын Қырғызстанда ашу жөнінде өтініш жасады. Қырғыз Ұлттық университетінің ректоры Асқар Какеевтің айтуынша Бішкекте аталған университетті құру жөніндегі және Жібек жолы бойындағы ескерткіштерді қорғау туралы қос келісімшартқа қол қойылған екен.
XS
SM
MD
LG