Accessibility links

АҚШ өкілі Пәкістанда террорлық әрекеттерге қарсы күрес барысы жөнінде елбасы Мушарафпен пікірлесті.


АҚШ Мемлекеттік хатшысының орынбасары Ричард Eрмитейж дүйсенбі күні Пәкістан елбасы Первез Мушарафпен кездесті.

Исламабадқа жақын маңдағы Рауалпинди әскери базасында болған бұл басқосу барысында Талибан мен әл-Қаида өкілдеріне қарсы күрес жайы талқыланған болатын. Ауғанстанмен шекараға жақын маңдағы тайпалар ішінде жасырынып жүрген Талибан өкілдеріне қарсы күрестегі Пәкістанның ұмтылыстарын оң бағалай келіп, “алайда Пәкістан қауіпсіздік қызметінің кейбір өкілдері бұл іске барынша ат салыспай отыр” дегенді айтты. Бір ай бұрын айтылған Ермитейж мырзаның осы тақылеттес пікірі Исламабад ресми өкілдерінің ашу-ызасын туындатқан болатын. Алайда, бұл жолғы сапарында ол аталған күрестер барысындағы табыстарды да қызу қуаттады.

- Өткен бірнеше күндер ішіндегі Пәкістан күштерінің Талибан мен әл-Қаида өкілдеріне қарсы жүргізген аламан күрестерін қызу қуаттайтынымды айтқым келеді. Оның барысында қарсы жақтан бірнешеуі қаза болып, тағы біразы қолға түскен. Мұндай әрекеттердің одан әрі жалғаса беретіндігіне сенім білдіремін, - деді Ермитейж мырза.

Оған аталған сапарда АҚШ мемлекеттік хатшысының Оңтүстік Азия істері бойынша көмекшісі Кристина Россе ханым да еріп жүр. Америкалық бұл өкілдер сондай-ақ дүйсенбі күні Пәкістан сыртқы істер министрі Хуршид Махмуд Касури және Пәкістан қорғаныс министрлігінің басқа да ресми өкілдерімен кездескен болатын. АҚШ әскери Орталық күштерінің басшысы Джон Абизейд болса жеке-жеке жағдайда Пәкістан елбасы Первез Мушарафпен және қорғаныс министрлігі өкілдерімен кездескен болатын. АҚШ әкімшілігі сонымен бірге Пәкістан мен Үндістан арасында алты айға жуық уақыттан бері сақталып келе жатқан бейбітшіліктің баянды бола түсуін ойлауда дейді мақала авторы Рон Синовиц.

Өткен аптада Пәкістан тарапы жерден-жерге атты ядролық зымырандарды сынақтан өткізген болатын. Бұл биылғы жылдың сәуір айынан бергі аралықта жасалып отырған осындай алғашқы шаралар болуда. Ол кезде Үндістан өкімет басшысы Атал Ваджпай екі ел арасындағы теке-тіресті жұмсартуға атсалысып, көрші елмен арасында тыныштық орнағандай болған-ды. Дей тұрғанмен, Пәкістанның бұл жолғы зымырандық сынақтарына Үндістан тарапы байсалды түрде қарауда дейді мақала авторы. Дәл осы аралықта АҚШ әскери күштері Үндістан әскерлерімен бірге жаттығулар тізбегін одан әрі жалғастыруда. Жексенбі күні Үндістанның батыс жағалауындағы Малабарда біріккен жаттығулар басталып кеткен болатын. Капитан Едвард Боурданың айтуынша мұндай жаттығулар АҚШ пен Үнді күштерінің болашақтағы бірлескен қимылдарына көмек болатын сыңайлы. Ал, өткен айда болса, АҚШ-тың арнайы күштері өздерінің үндістандық әріптестерімен бірге Кашмир аймағында біріккен жаттығулар өткізген болатын.
XS
SM
MD
LG