Accessibility links

Қазақстан-Өзбекстан шекарасындағы шиеленісті саяси дипломатиялық жолмен шешу қажет.


Қазанның 9-ы күні болған Сенаттың халықаралық істер қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің отырысында “Қазқcтан үкіметі мен Өзбекстан үкіметі арасындағы Қазақстан-Өзбекстан мемлекеттік шекарасы арқылы өткізу бекеттері туралы келісімді бекіту туралы” заң жобасы қаралды.

Бұл жоба, естеріңізде болса, қыркүйек айының орта кезінде Мәжілісте қаралып, үлкен дау-дамайдан аман өтіп, сенатқа жеткен болатын.

Комитет отырысы барысында сенаторлар соңғы кездері орын алып отырған қазақ- өзбек шекарасындағы шиеленіс мәселелерге байланысты сөз қозғады. Шекара қызметі директорының орынбасары Берқалиев Құсайынның айтуынша:

“Аталған келісім осы екі ел арасында туындап отырған проблемалардың шешілуіне септігін тигізеді”.

Сенат депутаты Әбіш Кекілбаев ең алдымен шекарашылардың жағдайын жасау қажет деді.

“Министрлердің бәрі “қалтамызға ақша түсті”деп күн сайын айқайлайды. Ал шекарашылардың іргесі жыртық, зейнеткерлердің қалтасында көк тиын жоқ. Қайда кетен қаражат екенін білмейміз. Бюджет мәселесін қарағанда бұл мәселені көтеру керек. Ең қауіпті шекара Қытай, Ресей шекарасы емес. Ал біз үшін ең тынышсыз шекара ол біздің оңтүстік және оңтүстік-батыс шекараларымыз. Орталық Азия елдерінің одақтастығы дейтін Одақ құрдық ғой. Ол үлкен институт. Аталмыш Одақ осы кезге дейін ең басты мәселе қорғаныс пен шекара мәселесінде еш мәселе қармады. Сондықтан осы мәселеге біздің Үкімет те, Парламент те дұрыс назар бөлмегендіктен, шекарашыларымыз ескі қазақ ауылындағы кешке қарай қозы жамыратқандай, әр қашаған тоқтының соңынан тас лақтырып қуып жүр”.

Сенатор Кекілбаев шекара мәселесін шешуде демография саясатынан бөліп тастап қараудың салдарынан осындай проблема туындап отыр деді.

“Егер өзбектер бір көшенің арғы бетінде де қазақ,бергі бетінде де қазақ отырмай бір бетінде өзбек, бір бетінде қазақ отырса бір потронын шығармас еді. Екі бетте де қазақ отырған соң, тисе қазақтың сиырына тиеді, тастаса қазақтың қатыны бала тастайды деп, оқ тиетін болғандықтан сол оңды-солды ата береді.

Ол үшін ешбір мемлекеттің ешбір соты ешкімді жауапқа тарта алмайды. Шекара мәселесін барлық уақытта демография саясатынан бөліп тастап қараудың салдарынан осындай проблемалар туындап отыр. Сондықтан біз сонда отырған млн-ға жуық қазағымызды қайда қоятынымызды шешпей тұрып, шекараның барлық мәселесі реттелді деп айтудың қажеті жоқ”.


Сондай-ақ Қазақстанның сыртқы істер министрі Қасымжомарт Тоқаев осы күні журналистерге берген сұхбатында Қазақстан -Өзбекстан шекарасындағы шиеленісті даңғазаға айналдырмай саяси дипломатиялық жолдармен шешу керек деді.

“Үлкен даңғаза жасамай бұл мәселені дипломатиялық саяси жолмен шешу керек.Өзбекстан бізбен достас,көршілес ел. Сондықтан Өзбекстанмен арадағы қарым-қатынастың реттелуі бүкіл Орта Азия үшін де қажет. Өзбекстанмен саяси дипломатиялық келіссөздер өткіземіз, бір келісімге келеміз деп үміттенеміз”.

Сенаттың халықаралық істер қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің отырысы соңында сенаторлар “Қазақстан Үкіметі мен Өзбекстан Үкіметі арасындағы Қазақстан-Өзбекстан мемлекеттік шекарасы арқылы өткізу бекеттері туралы келісімді” бекіту қажет деп тауып, аталмыш заң жобасын Сенаттың алдағы болатын жалпы отырысында күн тәртібіне енгізу туралы шешім қабылдады.
XS
SM
MD
LG