Accessibility links

Мәлихат сайлауын өткізумен қатар Мәжіліс сайлауына дайындық жүргізілді.


Бұл дайындық барысында бақылаушылырдың пікірінше, билік қолынан келгенше оппозиция мүмкіндігін шектеуге тырысты. Бұл жағдайды балай келе бас коммунист Серікболсын Әбділдин былай деп сипаттады.

Серікболсын Әбділдин, Қазақстанның Коммунистік партиясының бірінші хатшысы: - Біріншіден, әлсіретіп жатыр, екіншіден, оппозицияның дамуына жол бермей жатыр.

Биліктің оппозицияны әлсіретіп жатқан әрекетін дәлелдеп беру үшін бақылаушылар 20-шы қырқүйек күні өткен мәслихат сайлауын мысал ретінде келтіреді. Оппозиция өкілдері бәрі әділ әрі шын өткенде біз жеңіске жететін едік, дегенді айтады, ал билік өкілдері оппозиция өзін көрсете алмады, деп тұжырым жасайды. Қалай болғанымен, Қазақстанның Коммунисттік партиясының бірінші хатшысы, Мәжіліс депутаты Серікболсын Әбділдин өткен сайлауды- сайлау деп септемейтінің айтты.

Серікболсын Әбділдин,Қазақстанның Коммунистік партиясының бірінші хатшысы: - Жалпы бізде сайлау деген аты, сайлау болмайды. Таңдау жоқ, сайлау жоқ. Парламент болсын, мәслихат болсын, барлығына депутаттарды үлкен кісінің есебімен сайлайды. Бұл шараға ертеден дайындалады, соңынан бұл жоспарды жергілікті әкімшіліктер іске асырады. Ал дауыс санау жөнінде айтатын болсақ, жалпы 1990 жылы дұрыс сайлау өтті, сол уақыттан бері дұрыс сайлау немесе референдум болған емес. Өткен мәслихат сайлауына да сайлаушылар аз келген. 30 пайыз шамасында болар, бірақ бізге 56 пайыз, деп айтты. Сайлауға келген 30 пайыз сайлаушылардың 20 пайызы өз дауысын оппозицияға берген, деген ақпарат бар бізде. Енді сайлаушылардың 30 пайызын, ресми мекеме өкілдері 56-60 пайызға жеткізгенде берген дауыспен, қосылған дауысты санағанда айырмашылық болатыны сөзсіз. Егер үш адамның екеуі оппозицияға дауыс берсе, үш адамның даусына тағы үш бюллетендерді қосқанда, әрине, оппозицияға берген дауыс аз болады.Сол себептен сайлауды мен сайлау, деп есептемеймин. 20-шы қырқүйек күні өткен сайлау Қазақстанның «Азаматтық» партия мүшелеріне өте күрделі болыпты, бірақ олар өз құқықтарын қорғай алғаннан кейін, айтарлықтай жетістікке жеткен. «Азаттық» радиосына берген сұхбатында «Азаматтық» партиясының көсемі Азат Перуашев осылай деп мәлімдеді. Сонымен қатар, Азат Перуашев оппозиция мүшелері өз күресін одан әрі жалғастыру керек, деген ойын жеткізді.

Азат Перуашев, Қазақстанның «Азаматтық» партиясының жетекшісі: - Сайлау деген жарыс. Жарыста жеңіске жету үшін күресу керек. Біздің үміткерлерде бірнеше рет қысым көріп, сот арқылы депутат болып сайланды. Сол себептен менің пікірімше, тек күресу керек, жарысқа, күреске дайын болу керек.

«Оппозиция өз күресін одан әрі жалғастыруға дайын, сол себептен біз келер жылы болатын Мәжіліс сайлауына дайындалып жатырмыз!»-бұл «Қазақстанның демократиялық таңдауы» атты бірлестіктің саяси кеңесінің жетекшісі Төлен Тоқтасыновтың сөзі. Төлен Тоқтасыновтың ойынша, өткен мәслихат сайлауында Қазақстан оппозициясы жеңіске жетпесе, жеңіліп қалған жоқ.

Төлен Тоқтасынов, «Қазақстанның демократиялық таңдауы» атты қоғамдық бірлестіктің саяси кеңесінің төрағасы: - Себебі халықпен жүздесу, халыққа өз ойларымызды жеткізуге мүмкіндік алдық, бұл біздің жеңісіміз. Екіншіден, биліктің соңғы сайлауды қалай өткізгенін, қандай заң бұзылғаны жөнінде халық және шетелдік елшілер толық көрді, байқады. Бұл біздің жетістіктеріміздің бірі. Мұндай жетістіктеріміз бізге келер жылы болатын Мәжіліс сайлауында керек болады, деп ойлаймын.

Мәслихат сайлауынан кейін, яғни 28-шы қырқүйек күні Атырау облысы сотының шешімімен «Қазақстанның демократиялық таңдауы» атты бірлестіктің жұмысы тоқтатылды. Бақылаушылар бұл оқиғаны да оппозицияға көрсетілген келесі қысым, деп бағалады. Алайда «Қазақстанның демократиялық таңдауы» атты бірлестіктің саяси кеңесінің жетекшісі Төлен Тоқтасынов бірлестіктің жұмысы тоқтатылғанымен, бұл бірлестіктің ісін одан әрі жалғастырғысы келетіндер азайған жоқ.

Төлен Тоқтасынов, «Қазақстанның демократиялық таңдауы» атты қоғамдық бірлестіктің саяси кеңесінің төрағасы: - Қозғалыстың жұмысы тоқтатылғанымен бұл қозғалысты қолдайтын тұлғалар біздің қатарымызда қалды. Біз бірлестігімізге жаңа ат беріп, қайта тіркеуден өту үшін құжаттарымызды Әділет министрлігіне тапсырып қойдық, енді сол министрліктен хабар күтіп отырмыз. Сонымен қатар, бірлестіктің жабылуына байланысты Жоғарғы сотқа шағымнадамыз. Бірақ біз өз жұмысымызды тоқтатпаймыз. Дәл қазіргі кезде бізде оппозиция толық жеңілді немесе оппозиция жоқ, деп айтуға болмайды. Оппозиция өткен сайлаудан кейін менің пікірімше күш алды, оппозиция қатары көбейіп жатыр. Өткен сайлау көрсетті ғой билік, яғни президент әкімшілігінен бастап, қауіпсіздік комитеті бірігіп оппозицияға деген қысымын күшейтіп отыр. Себебі олар оппозиция бірігіп, күшейіп отырғанын байқап отыр.

«Қазақстанның демократиялық таңдауы» атты бірлестік дүниеге келгенде, бұл бірлестікке жақсы баға берген азаматтардың бірі «Азаматтық» партиясының жетекшісі Азат Перуашев болған. Бүгінгі таңда Азат Перуашев бірлестіктің жабылуының астарында ешқандай саясат жоқ, деген ойда.

Азат Перуашев, Қазақстанның «Азаматтық» партиясының жетекшісі: - Мен ойлаймын, «Қазақстанның демократиялық таңдауы» атты бірлестіктен өзге бізде оппозициялық бағыттағы партиялер мен қозғалыстар көп. Олардың арасында Коммунисттік партиясы бар, Патриоттар партиясы және «Ақ жол» партиясы бар. Егер «Қазақстанның демократиялық таңдауы» атты бірлестіктің жұмысын тоқтатса, немесе оларды қайта тіркемесе, олардың құжаттары дұрыс болмаған. Бұл пікірмен бас коммунист Серікболсын Әбділдин мүлдем келісіп отырған жоқ.

Серікболсын Әбділдин, Қазақстанның Коммунистік партиясының бірінші хатшысы: - Барлық саясат Қазақстан президентін қолдайтын болса, бұл саясат болып саналады, ал егер елдегі қазіргі жадайға сын көзбен қарайтын тұлғалар пікір айтса, онда олар жау болып саналады. Сол себептен «Қазақстанның демократиялық таңдауы» атты бірлестік президенттің ойынан шықпай отыр. Алғашында не себептен екені белгісіз президент бұл бірлестікті қолдаймын деді. Соңынан жас жігіттер мемлекет құрудағы өз талаптарын айтып еді, президент оларды бүлік шығарушылар, деп есептеді. Екеуін түрмеге отырғызды, қазір бұл бірлестіктен президент қорқады. Сол себептен қазір бұл бірлестікті жапқызды. Тіркеуден өткізген жоқ, «Қазақстанның демократиялық таңдауы» атты бірлестік 3-4 рет құжаттарын тапсырған, бұл құжаттарды мен де көріп, қол қойған болатынмын. Бұл құжаттардың барлығы дұрыс болсада, ілік тауып, сотқа беріп, Атыраудан соттың үкімін шығарып, бірлестікті жапқанын, мен өкінішпен айтамын.

Бақылаушылар мен сарапшылардың тұжырымы бойынша, билік оппозицияға көрсетіп отырған қысымын одан әрі жалғастырады. Нәтижесінде Қазақстан қоғамы радикалды оппозициясыз калып, билік өз айтқанын іске асырады. Оппозициясыз қоғам болмайды, дегенді Қазақстанның «Азаматтық» партиясының жетекшісі Азат Перуашев қолдайды, бірақ Азат Перуашев оппозицияға бармайтынын айтты.

Азат Перуашев, Қазақстанның «Азаматтық» партиясының жетекшісі: - Менің пікірімше, оппозицияға шығу үшін белгілі бір себептен болу керек. Қазіргі саяси-экономикалық жағдайға келіспеушілік болғаннан кейін шығу керек. Ал біздің партиямыздың көзқарасы бойынша, қазіргі мемлекетіміздің саяси бағыты дұрыс, әлеуметтік жағынан өзіңіз байқағандай айтарлықтай нәтижеге қол жеткзіп отырмыз. Әрине, кемшіліктерде бар, бірақ бұл кемшіліктерді ретке келтіруге біздің мемлекетіміз дайын. Сол себептен «Азаматтық» партия және мен оппозицияға бармаймыз, деп ойлаймын.

Қазақстан Парламентіндегі оппозиционерлердің бірі, бас коммунист Серікболсын Әбділдин бұл мәселе жөніндегі пікірін былай деп білдірді.

Серікболсын Әбділдин,Қазақстанның Коммунистік партиясының бірінші хатшысы: - Егер жеке еркіне салатын болса, Нұрсұлтан Назарбаевқа бірде-бір партия керек емес, Конституцияның да керегі жоқ, заңның да керегі жоқ. Нұрсұлтан Назарбаев монархиямен жұмыс жасауға бейімделген адам. Қазір президент амалдың жоқтығынан демократия, деп сөз айтады, демократиялық заңдарға қол қояды. Ал негізінен, өзім ғана басқарсам,деген ойы бар. Оны президент жасырмайды да. Мысалы, бізге сессияны ашарда, бюджет жөнінде әңгіме айтқанда. Мен қарап шықтым, үкімет жасады, енді сендер қабылдаңдар, деп айтты. Басқа мысалдың керегі жоқ, ашық түрде айтатыны осы.

Қалай болғанымен, Қазақстан оппозиционерлері өз ойын қорғап қалу үшін күресе беретіндерін айтады.
XS
SM
MD
LG