Accessibility links

Баспасөз шолуы


Мерзімді баспасөз беттерінде Мемлекеттік Хатшы Иманғали Тасмағамбетовтың НТВ телеарнасының хабарларын Қазақстан ауқымында таратуға байланысты және сол телеарнаға ешқандай тендерсіз жиілік беруді талап ететін хатқа қол қойғаны туралы, ал АҚШ-тың IPV News USA телевизиялық корпорациясының Қазақстан Үкіметінің үстінен халықаралық сотқа шағымдануға шешім қабылдағандары туралы мақалалар жарық көрді.

“Үстіміздегі жылы астық жинау жұмыстарының қарқыны өткен жылғыдан 20 пайызға артып, қысқа мерзімде өткенімен есте қалады”, - деп хабарлайды “Егемен Қазақстан” газеті Ауылшаруашылығы вице-министрі Ақылбек Күрішбевқа сілтеме жасай отырып.

Газет мәліметтеріне қарағанда, “республика осымен үшінші жыл қатарынан миллиард пұт астық алумен қатар (рекордық көрсеткіш) үш жыл бойы әр гектардан орта есеппен 12 центнерден өнім жиналып келеді. Бұл да рекордық көрсеткіш”. Алайда, осындай өлшемдерге қарамастан, нан бағасының қымбаттағанына орай ауылшаруашылығы министрлігіндегі департамент басшыларының бірі Төлеутай Рахымбеков: “Ресей мен Украинаның астық жөніндегі мұқтаждықтарына сәйкес бұл елдерде нан бағасы күрт көтерілді. Бұл жағдай біздің елімізге де әсер етті”,- дейді. Оның айтуынша, “осы жағдайға сәйкес “Азық-түлік келісім шарт корпорациясы” астық сатып алу көлемін бұрынғы 1,5 миллион тоннадан 2,5 миллион тоннаға арттыруды жоспарлап отыр.

“Егер біреу “Азық-түлік корпорациясы” өкілдерінен жарты миллион астық қорына қарамастан, неге биыл 2,5 миллионды сатып алуды ұйғардыңдар деп сұраса”, - дей отырып Андрей Губенко “Новое поколение” газетінде, оған өзі былай жауап береді: ”Ондай аңғал сұрақ қоюдың қажеті қанша? 2 миллион тонна артық-ауыз астықты бірден қайтара сатып жіберу үшін. Өйткені, жағымды конъюнктураны пайдаланбай, тақыр жерден 20 миллион таппау ақымақтық емес пе? ”

Газет тілшісінің мәліметтеріне қарағанда, “шетелдегі астық бағасы екі есеге қымбаттағаннан кейін еліміздің нан қауіпсіздігі үшін жауап беретін “Азық-түлік корпорациясы” ішкі рынокты шайқалтып алмауды ойлаудың орнына бірінші болып басқаларға керісінше үлгі көрсетті. Ол шетелдік трейдерлермен “атысып”, ішкі рынокты бұрып, оған қоса алып-сатарлықпен айналысу үшін 2 миллион тонна астық сатып алды.

Нәтижесінде астық тұтынушылардың өнімді солар ұсынған бағамен сатып алудан басқа амалдары қалмайды”. “Сөйтіп, биыл Украинадағы 40 пайыз астық өнімсіздігі салдарынан ондағы астық бағасы екі есеге қымбаттауы биыл берекелі өнім алған Қазақстандағы астық бағасының шарықтауына әкеп соқтырды”, - деп жазады Андрей Губенко “Көтерілген тың” деген мақалада.

“14 жылда тіл үйрене алмаған шенеунік 4-5 жылда мемлекеттік тілді меңгере алар ма екен?” деген “Заң газетінде” жарық көрген мақалада Қалкөз Жүсіп мемлекеттік тілге қатысты жүргізіліп келген мемлекеттік шаралардың науқандық сипат алып келгеніне тоқталады. Оның айтуынша, “Жылына бір рет өткізілетін Тіл мерекесінде ғана мемлекеттік тілге байланысты жаттанды шара шаралар өткізіп, содан соң бұл мәселені жылы жауып қою әдетімізге айналғандай.

Алайда, Мемлекеттік хатшының жуырда өткізген алқалы жиыны осыдай марғау күйден шошытып оятқандай, қазақ тілін үйрену машақатынан құтылдық па деп арқаны кеңге салып жүргендерге ұнай қоймағаны анық”.

”Жақында мемлекеттік хатшы Қазақстан ауқымында НТВ телеарнасының хабарларын таратуға және оларға жиіліктің ешқандай тендерсіз берілуін талап ететін хатқа қол қойды. Мемлекет мемлекеттік тілді дамытуға қаржы таба алмай отырып, шетелдік компанияны қаржыландыруға ақша табады”, - деп жазады “Караван” апталығында КТК ашық акционерлік қоғамының директорлар кеңесінің төрағасы Сергей Клещенков. “Біз былтыр мемлекеттік тілді дамыту үшін міндетті түрде ақша бөлінетіндігі заңда көрсетілгенін айтқанбыз. Ал содан Мәдениет, Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігі кейін бізді мазақ қылатын тендер жариялады. Мәселен, тендерге 100 мың доллар бөлінді. Ал біз қазақ тіліндегі ақпараттық және публицистикалық бағдарламалар жасау үшін жылына бір жарым миллион доллар шығындаймыз. Сондықтан, мемлекеттік тілді дамытуды күшейту үшін, оны қаржыландырып, оған деген телеарналардың қызығушылығын арттыру қажет”, - дейді КТК телеарнасының құрылтайшысы.

“АҚШ-тың коммерциялық емес IPV News USA телевизиялық корпорациясының өкілдері Гаагадағы Халықаралық сотқа Қазақстан үкіметінің үстінен шағымдануға шешім қабылдады”, - деп хабарлайды “Экономика, Финансы. Рынки” газеті “Қазақгейт - 2” деген мақалада.
XS
SM
MD
LG