Accessibility links

Өзбекстан ұлттық ақшасы сум алдағы сәрсенбіден еркін айналымға түсетін болды


Өзбекстан ұлттық ақшасы сум алдағы сәрсенбіден еркін айналымға түсетін болды.

Сөйтіп, Өзбекстан басшылығы бірнеше жыл уәде етіп келе жатқан қадамға бел буды. Өзбек ақшасы шетелдік ақшаларға осы күнге шейін еркін айырбасталмай келе жатыр. Ұлттық ақшаның бұл кемшілігі қаржы тұрақтылығына кедергі болып отыр.

Әлем дәрежесінде танылған ақшалардың бірі – америка долларына өзбек сомы осы күнге шейін әр түрлі бағаммен айырбасталады. Ұлттық банк ресми есеп-айырысуларға бір баға қойса, коммерциялық банктер одан әлде қайда жоғары бағамен сауда жасайды. Ал нақты бағаны баяғы сол қара базар билейді. Валюта саудасымен жеке азаматтарға қатаң тиім салынса да, жұрттың көпшілігі ақшаны қара базарда айырбастайды. Ташкентке барсаңыз, мысалы, доллар аласыз ба, теңге сатасыз ба деген саудагерлер кез-келген дүкеннің маңайында алдыңыздан өздері шыға келеді.

Ақшаның еркін айырбасталмауы сыртқы саудаға кедергі. Мәселен, Өзбекстан экономикасына ақша саламын деген шетел кәсіпкерлері тапқан табысымызды долларға не евроға қайтадан еркін айырбастай алмаймыз, Өзбекстан үкіметі бұйрықпен қойған бағамнан ұтыламыз дейді. Өзбекстан үкіметі осы күнге шейін тек ақша бағамын емес, көптеген бағаларды шектеп келе жатыр. Алайда, әкімшілік шараларға күнделікті экономика көнбейді. Өзбекстанның табиғаты базар экономикасына әу бастан бейім болса да Өзбекстан үкіметі бағаны ұстап тұру машақатымен өрескел қадамдарға да барады. Мәселен, шетелдік валютаны шетке шығартпау үшін, көршілес елдерден заңсыз тауарды келтірмеу үшін Өзбекстан үкіметі соңғы кезде шекараны тас бекітіп жабуды бұйырды. Бұл шекара дауларына әкеп соқты, ал экономикалық қатаң мақсат бәрі-бір орындалмады.

Ұлттық ақшаны еркін айналымға жіберу – үкіметтің жалғыз жаңа шарасы емес. Өзбекстан үкіметі, сондай ақ, экспорт-импорт келісімдерін алдын-ала тіркету талабын жойып отыр, оффшор аймақтарына ақша аудару тиімін жойып отыр, компаниялар мен жеке азаматтарға қойылған ақша айырбастау шектеуін жойып отыр.

Өзбекстан бас министрінің орынбасары Рустам Әзімов 15 қазанда басталатын дайындық науқан бір ай жүріп, сосын сум біржолата еркін айырбасқа түседі деді. Бұл шара бағаның өсуіне алып келмей ме деген мәселеге Рустам Әзімов мынандай сипаттама берді:

- Бағалардың тұрақтылығына кепіл бола алмаймыз, себебі бұл үкіметтің шаруасы емес. Бірақ біз ақша-кредит саясатының тұрақтылығын қамти аламыз. Ақша айналымына не болмаса инфляция құбылысына үкімет тарапынан, не болмаса Ұлттық банк тарапынан ешқандай қолсұғу болмайды деп кепіл бола аламыз.

Өзбекстан үкіметінің жасап жатқан қадамдары Халықаралық ақша қорының талаптарына сақадай сай. Асылы, дәл осындай реформаларды Қазақстан және Қырғызстан үкіметтері іске асырған болатын.

Халықаралық ақша қорының Өзбекстандағы өкілі Ерик де Вриджер "Азаттық" радиосына берген сұхбатында сумның еркін айналымы маңызды қадам болғанымен ел экономикасының мәселелерін өздігінен шеше қоймайды дейді:

- Еркін айырбас тұйыққа тіреліп тұрған мәселелерді жарыққа шығаруымен маңызды. Асыра сілтенген айырбас бағамымен ол мәселелерді бүркемелегеннен көрі тұйықтан шығу жолдарын ашық іздеген жөн.

Өзбекстан үкіметі еркін айырбас талабына бірнеше жыл көнбей, Халықаралық ақша қорымен тіпті араздасқан болатын. Халықаралық ақша қоры 2001 жылы көкекте Ташкенттегі бөлімшесін жауып тастап, қайтадан әзір-әзер ашты.

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG