Accessibility links

Баспасөз шолуы


Мерзімді басылым беттерінде депутат Ғани Қасымовтың “Известия” газетін Қазақстан аумағында таратпау туралы мәлімдемесіне орай және премьер-министр Даниал Ахметовтың, Білім және ғылым министрі Жақсыбек Құлекеевтің жоспарлары мен жаңа қызметтеріндегі мәлімдемелеріне байланысты алаңдаушылық танытқан мақалалар жарық көрді.

“Жас алаш” газеті орыс тілінің ТМД ауқымындағы болашағына күмән келтіреді. Мақала авторы Шыңғыс Мұқан “орыс тілінің болашағы мүлдем жоқ елдерге Балтық жағалауы елдерін” жатқызады. Сондай-ақ “Кавказ елдеріне келсек, орыс ұлтының үлес салмағы Грузияда – 4,4 пайыз, Әзербайжанда – 2,3 пайыз, Арменияда – 0,3 пайыз. Аталған елдерде орыс тілінің мемлекеттік деңгейдегі болашағы жоқ деп айтса да болады”, - дейді “Жас алаш” газетінің тілшісі. Оның пікірінше, “орыс тілі, оны қолдап отырған Ресей ұлттық тілдерге көлеңке түсірмеуі тиіс. Егер олай болмаған жағдайда, түптің-түбінде шиеленіс тууы әбден мүмкін”.

“Известия - Казахстан” газетінде жарияланған “Күзгі ушығу. Бұрынғы кеден әскерінің генералы “Известияға” соғыс жариялады” деген мақалада газет тілшілері Мәжіліс депутаты Ғани Қасымовтың “Известия” газетін Қазақстан ауқымында жабу туралы премьер-министрге жолдаған мәлімдемесінің “ақылға сыйымсыздығы көзге бедірейіп көрініп тұр” деп жазады. Ғани Қасымовтың мұндай мәлімедеме жасауына Шешенстандағы сайлау нәтижесіне арналған “Известия” газетіндегі мақала мұрындық болыпты.

Газеттің 2-ші бетінде шыққан осы мақалада шешенстандық азамат Авхан Малаев Қазақстанда тұрған кезде он қазақ азаматын қалай “пышақтағанын, алайда, оның біреуі ғана о дүниелік болғанын” тілге тиек етіпті. Соған сәйкес депутат: “Бүгін Ресей Федерациясында өздерінің алдыңғы қатарлы басылымдарының бірінші-екінші беттеріне дәл осындай адамдарды кейіпкер етіп алады. Бұл деген не?” – деп наразылығын білдіріп, депутаттық сауал жолдаған. Келесі бір “Күзгі ушығу ма?” деген мақалада “Казахская правда” газеті белгілі журналист Ахас Тәжуітовтің “қазақтарды моңғол тектес нәсілге жатқызуы” туралы пікіріне сын айтады.

Сонымен бірге осы газеттің соңғы санында Ғайнижамал Шекей Білім және ғылым министрі Жақсыбек Құлекеевтің жаңа қызметіндегі “ жоспарлары мен оның әрі қарай қалай қызмет ететіндігіне алаңдаушылық” тудыратындығын айтады. Мәселен, жаңа министрдің ақылы білім беру төлемін арттыру қажет, ал қазіргідей жылына 700 доллар төлеу мардымсыз деген пікірі еліміздегі орташа жалақы 23 мың теңге болып тұрған кезде “қисынсыз, абсурд” дейді автор өз мақаласында. Сонымен қатар ол жаңа министр тұсында жоғары оқу орындарында қазақ топтарының жабыла бастағанына, “қазақ тілін тамаша меңгере отырып Құлекеев мырзаның “үкіметтік сағатта” орыс тілінде сөйлегеніне” назар аударады. Министрдің “аралас мектептердің болуынан ешқандай проблеманы көрмейтіндігі” де мақаладан тысқары қалмапты.

“Алтын орда” газетінің тілшісі Гүлжан Кетебаеваның хабарлауына қарағанда, “аралас мектептер немесе өзге мектепте білім алған оқушылар ең алдымен өзінің ұлтына ғана тән қасиетін жоғалтады”. Оның “Аралас мектеп – дүбәрә ұрпақ?!” деген мақаласында еліміздегі мектептердің 27,4 пайызы әлі күнге дейін аралас мектептер екендігі жазылған. Сонымен бірге осы автор “Даниал Данэль емес, бірақ бұқара сорлауы” мүмкін деген мақалада: “Премьер-министр Даниал Ахметов жекешелендірілмеген күллі салалар, барлық кәсіпорын кезең-кезеңмен жекешелендірілуі керек деп отыр. Мұндай кешенді шаралар, мәселен, теміржол саласында бәсекелестік ортаны құруға ықпал етіп, жағдайды жақсартады-мыс”, - дей келіп, Қазақстанда жекешелендіру кезінде кеткен кемшіліктерді тізбектеп шығады.

Ал “Егемен Қазақстан” газеті Солтүстік Қазақстан облысындағы “АкссесЭнерго” кәсіпорнының электр қуатын шет елге сата бастағанын хабарлайды. “Келешекте жылу орталығы өндіретін электр қуатының төрттен бірі сыртқа сатылатын болады”, - деп жазады “Егемен Қазақстан” газеті.

“Начнем с понедельника” газеті “Әбіқаев – айтарлықтай жабық тұлға” деген материалда президент әкімшілігінің жетекшісі Нұртай Әбіқаев туралы пікірлер топтамасын ұсынады. Мәселен, парламент мәжілісі депутаты Дворецкийдің пікірінше, “Әбіқаев мырза - өз бетінше жұмыс істей алатын саяси тұлға емес. Оның басты міндеті – президент әкімшілігінің қызметін тиімді түрде қамтамасыз ету, осы тұрғыдан алғанда, ол президентке тікелей бағынышты. Ең бастысы – оның жұмысы президенттің көңілінен шығуы керек, өйткені, міндеттерді белгілейтін – сол.”

“Экспресс К” газеті Бельгия азаматтары асырып алған Володя есімді баланың әзірге Алматыдағы шетелдік бір елшілікте тұрып жатқандығын “Балақай елшілікте тұрады” деген мақалада хабарлайды.
XS
SM
MD
LG