Accessibility links

Қазақстандағы “Саяси партиялар туралы” жаңа заң мен оның салдары;


Қазақстанда “Саяси партиялар туралы” жаң заң күшіне енісімен, бұрынғы 19 партияның басым көпшілігі республиканың саяси сахнасынан кейбірі ресми түрде, басқасы – іс жүзінде жоғалды.

Тағы бірі ресми тіркеуден өту үшін сан -алуан айла-амалға дейін барып, жанталасуда. Мысалға, бұрынғы “Қазақстанның орыс партиясы”, ал қазір ресми тіркелмесе де, өзін “Отандастар” деп атайтын партия көсемдері әділет мекемесінде тіркелу үшін – президенттік “Отан” партиясының жарғысын негізге алып көрген. Бірақ “Отан” партиясын тіркеген Әділет министрлігі, “Отанның” Жарғысын түгел көшіріп алған “Отандастар” партиясының Жарғысынан 11 заңсыздық тауып, осымен 7 рет рет тіркемей кейін қайтарып отыр. Әділет министрлігінің ол әрекетімен келіспеген “Отандастар” партиясының көсемі Геннадий Беляков – “Отан” партиясына қарсы сотқа арыздануға мәжбүр болып отыр.

“Московский комсомолец” газетінің Қазақстандағы таралымында жарық көрген бір мақалаға қарағанда, Қазақстандағы бұрынғы “Орыс партиясының” атасы әрі тіркелмеген қазіргі “Отандастар” партиясының көсемі Г.Беляков –“президенттік” деген лақап аты бар “Отан” партиясымен ғана емес, ҚР-сының Әділет министрлігімен де соттасқалы жатқан көрінеді. Бізге берген сұхбатында Г.Беляков сотқа арызданғанын растады және өзінің арызы бойншы 23 қазанда Алматыда сот үдерісі басталатынын хабарлады.

“Отандастар” көсемінің айтуынша, ол “Отан” партиясының тікелей өзімен емес, аталмыш партияның Жарғысында кеткен қателіктер мен заңсыздықтарды соттың мойындауын өтініп отыр.

Біз,- деп үзілді-кесілді мәлімдеді Г.Беляков,- бірқатар жағдаятқа байланысты “Отанның" Жарғысын негізге алуға мәжбүр болдық. Алайда, Әділет министрлігі, өзінің “Отандастар” партиясын тіркемеу туралы шығарған 7 бұйрығында, “Отанның" Жарғысы негізінде жазылған “Отандастар” Жарғысынан 11 заңсыздықты тауып, көрсеткен (!). Ол заңсыздықтар “Отанның" жарғысында да сөзбе-сөз қайталанған. Алайда президенттік партияны тіркеген Әділет министрлігі Г.Беляковтың айтуынша, “Отандастарды" тіркемей, 7 рет құжаттарын кейін қайтарған.

Әділет министрлігінің ол қылығын Г.Беляков адам құқықтарын аяққа таптау деп бағалайды. Өйткені, деп мәлімдейді бұрынғы “Орыс партиясының” атасы, “Отандастар” партиясының қатарында ҚР-сының 58 мың азаматы бар. Бірақ Әділет министрлігі мен оның жекелеген қызметкерлерінің қабақ астынан қарауы салдарынан, осы 58 мың адамның партияға бірігу құқы аяқасты болып отыр.

Г.Беляковтың мәлімдеуінше, партиялық Жарғысындағы заңға сәйкес емес тұстарының алдын-ала мәлім болуына қарамастан, “Отан” партиясы “белгілі себептермен” тіркелді де, көптен бері іс атқарып келеді. “белгілі себептер” деп нені айтып отырғанын сұрағанымызда, Г.Беляков, алғашқыда қипақтағандай, жасқанғандай болды да... былай деп батылдана жауап берді:

Г.Б.: Ол - айтарлықтай күрделі мәселе... менің ойымша, бұл жерде “саяси коньюнктура” билеп тұр. “Отан” партиясы көсемдерінің өздері де биік мінберден талай айтып жүр. “Отан” – президенттік партия демесек те, өкіметпен тығыз байланысты партия. Ол баршаға мәлім жайт. Ал біз, яғни “Отандастар” – оппозицияда жүрген шетқақпай партия көрінеміз!? Ал шындығына келгенде, біз ешқандай оппозицияда жоқпыз. Біз Қазақстан халқының мүддесін қорғап келдік, қорғап жүрміз және қорғай бермекпіз. Жоғарғы билік жағындағы беймәлім біреу осы күні тіркелген 7 партияны жеткілікті деп шешкен болса керек... Бітті! Басқа үлкенді-кішілі партиялар шетке қағылып, олардың ішінде “Отандастар” да бар, оларды тіркеудің қажеті жоқ деп тапқан. Ал “Отандастар” мүшелерінің 30 пайыздан астамын байырғы халық өкілдері, яғни қазақтар құрайды. Соған қарамастан бізді “Орыс партиясының” тікелей мұрагері санайды. Өткен жылы “Орыс партиясы” тіркеліп, 8 айдай өмір сүрді. Міне оның тіркелуіне байланысты, Парламент Мәжілісі депутаттарының 30 пайыздан астамын құрайтын “отаншылдардың” бастамасымен “Партиялар туралы” жаңа заң қабылданды. Біз оны халыққа қарсы заң деп санаймыз. Өйткені ол бүкіл ТМД кеңістігіндегі ең қатыгез заң, ондай заң тіпті 180 млн. халқы бар Ресейде де жоқ. Біз есептеп қарадық, ол Ресей заңынан 50 есе қатаң заң. Соның салдарынан бұрынғы 19 партияның 12-сі шетке қағылып, 7-уі ғана тіркелді. Ал “Отандастар” қазір – ұлтшыл үндеулер ұстанбайды.

Ал енді “Отан” партиясының жетекшілері, мысалға, партия төрағасы орынбасарларының бірі – Ғалиасқар Дунаевтың мәлімдеуінше, ол Г.Беляковтың сотқа арызданғанын тіпті білмейтін көрінеді. Оның есесіне, “Отандастар” партиясы көсемдерінің “Отанның" жарғысын көшіріп алғанына Ғалиасқар мырза түбегейлі қарсы.

Г.Беляковтың мәлімдеуінше, саяси партиялардың бір-бірінен Жарғыларын сан рет көшіріп алып қолдануға болады. Ол мәселе бойынша Г.Беляков Әділет министрлігінің заңгерлерімен ақылдасқан. Ол ұрлық немесе плагиат болып табылмайды. Сондықтан да “Отандастар” көсемі “Отан” партиясының Жарғысын саналы түрде көшіріп алған.

Ал енді қорыта келгенде, Қазақстандағы қайсыбір оппозициялық немесе “Отандастар” сынды ресми билікке “жақындығы” жоқ саяси құрылымның тіркелуі үшін, “Отан” тәрізді президенттік немесе өкіметке жақын партияның жарғысын “бүркенуі” – құтқара алмайтын көрінеді. Оны бұрынғы “Орыс партиясы”, ресми түрде тіркелмесе де, қазір өзін “Отандастар” деп атайтын партияның қазіргі бай “тәжірибесі” айқын көрсетіп отыр.

AzattyqTV

Аудиоподкаст

XS
SM
MD
LG