Accessibility links

Баспасөз шолуы


Мерзімді басылымдарда оппозициядан депутаттыққа түскен үміткер Асылбек Қожахметовті өткізбеу үшін билік тарапынан неше түрлі әрекеттердің іске қосылғандығы және тағы да басқа саяси, әлеуметтік мәселелерге арналған мақалалар жарық көрген.

12 қазанда қайтадан жалғасын тапқан мәслихат сайлауының әділ өткендігіне көптеген басылымдар күмән келтіріп отыр. “Сөз” тәуелсіз апталығының 15 қазан күнгі санында жарық көрген Берік Тәшкенбаевтың мақаласында оппозициядан депутаттыққа түскен үміткер Асылбек Қожахметовті өткізбеу үшін билік тарапынан неше түрлі заңсыз әрекеттердің іске қосылғандығы баяндалған. Мақала авторы жасаған талдауға сүйенсек, билік демократиялық ойынды қолдан ұйымдастырып, Қазақстанның демократиялық таңдауының белсендісін бірінші турдан әдейі өткізген. Ал екінші турда оны құлату үшін лас технологиялардың бәрі де іске қосылған.

“Заң“ газетінің 15 қазан күнгі санындағы “Депутат болғың келсе, оңтүстіктен түс” деп аталатын Уәли Қыдырдың мақаласында сайлау науқаны барысында редакцияға бірнеше шағым-арыздың түскендігі тілге тиек етілген. Міне осы оқиғадан кейін газет тілшісі дүркін-дүркін іссапараға барып, мақала жазып, оны Орталық сайлау комиссиясының назарына жолдаған. Орталық сайлау комиссиясы төрайымының орынбасарынан дүдәмалдау жауап келген. Олар аудан әкімінің тарапынан кеткен кемшіліктерді түгелдей жоққа шығарып, оған шаң жуытпаған. Жалпы оңтүстіктен бағын сынаған үміткерлердің айтуына қарағанда, сайлау әділ өтпеген. Кімнің депутат болып, болмауын аудан әкімдері шешіпті.

“Аргументы и факты Казахстан” қосымшасындағы Александр Грибановтың мақаласы да сайлау тақырыбына арналыпты. Орталық сайлау комиссиясының мәліметтері бойынша қайтадан өткен мәслихаттар сайлауына сайлаушылардың жартысы да келмеген. Мақала авторының айтуынша, осы сайлауда билікке бүйрегі бұратын “Отан”, Азаматтық” және “Аграрлық” партияның өкілдері жеңіске жеткен.

Қазақ тілінде шығатын “Сөз” тәуелсіз апталығының кезекті санында “Қазақгейт” ісіне қатысты оқиғалардың қайтадан жандана бастағандығы тілге тиек етілген. “Бүгінгі таңда “Қазақгейттің” алғашқы құрбаны да белгілі болып отыр. Ол “Мобиль” компаниясының бұрынғы басшыларының бірі – Брайн УИЛЬЯМС. Сот оны үш жыл он айға соттап отыр” деген мақала авторы, Қазақстан билігінің “Қазақгейт” ісіндегі айыпталушыларға шығарылатын үкімді жұмсарту үшін қаржыны аямай төгіп жатқандығына тоқталып өтеді. Мақала авторы жасаған болжамға жүгінсек, осыған үлкен күш салып жүрген адамдар -Қазақстан Республикасы қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Болат Өтемұратов пен Қазақстан Республикасы президентінің көмекшісі Кәрім Мәсімов, сол сияқты бұлардың қатарына Қазақстан Республикасының сыртқы Істер министрі Қасымжомарт Тоқаев пен Мақсұт Нәрікбаев секілді лауазымды адамдарды жатқызуға болады.

Сонымен бірге экс-премьер Әкежан Қажыгелдиннің сотта сөйлейтін сөзінің де ылғи кейін шегеріліп келе жатқандығы белгілі. Алғашында ол қыркүйек айының ортасында сөйлейді деп күтілген еді, содан соң ол мерзім қазан айына шегерілді. Қазір енді экс-премьер Әкежан Қажыгелдин қараша айының онында сөйлейді деген болжам бар. Мақала авторы Әкежан Қажыгелдиннің сотта сөйлейтін сөзінің кейінге шегеріле беруін Қазақстан лоббистерінің күшті жұмыс жасап жатқандығымен байланыстырып өтеді. Сондай-ақ мақалада Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жақында қысқа мерзімді демалысқа шыққан кезде экс-премьер Әкежан Қажыгелдинмен кездескендігі де тілге тиек етілген. Әміржан Қосановқа байланысты өткен сот процесін де мақала авторы осы оқиғамен байланыстырып отыр.

“Новости недели” апталығының 15 қазан күнгі санында Алматы қаласының әкімі Виктор Храпуновтың өткен сенбіде Америка компаниясы өкілдері және премьер-министр Даниял Ахметовпен кездескендігі хабарланған. Премьер-министрмен кездескен кезде Виктор Храпунов Алматы қаласындағы бірнеше жылдан бері салынып жатқан метро мәселесі төңірегінде әңгімелесіпті. Виктор Храпуновтың айтуына қарағанда метроның алғашқы жолы үш-төрт жылдың ішінде салынып бітеді. Алайда бұл мақсатты жүзеге асыру үшін 530 миллион доллардай қосымша қаржы керек.

“Егемен Қазақстан” газетінің 15 қазан күнгі санында Астана қаласында өз жұмысын бастаған Азаматтық форум туралы баяндалған. Осыған орай Президенттік мәдени орталықта “Қазақстан Республикасының үкіметтік емес ұйымдары” деген атпен көрме өтіп, оған әр облыстан оннан, жиырмадан өкілдер қатысыпты.

“Известия Казахстан” басылымының кезекті санындағы Полина Корн мен Игорь Воротнойдың мақаласында да осы тақырып жалғасын тауыпты. Астанада өтіп жатқан Азаматтық форумның жұмысына үкіметтік емес ұйымдардан 180 делегат қатысып отыр. Бүгінгі таңда Қазақстан мемлекетінде 4,5 мыңнан астам үкіметтік емес ұйымдар жұмыс жасайды екен. Ол мекемелерде 180 мыңнан астам адам қызмет істейді. Форумға қатысушылардың айтуынша қазіргі кезде Қазақстан мемлекетінде үкіметтік емес ұйымдардың қызметін жақсарту мақсатында заңдық негіз жасалып жатқан көрінеді.

“Сонымен қатар Ақпарат министрлігінде үкіметтік емес ұйымдардың қызметін жандандыру мақсатында “Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс” туралы заң жобасы әзірлену үстінде” дейді мақала авторы.
XS
SM
MD
LG