Accessibility links

Өзбекстан ұлттық ақшасының еркін айырбасын әзер дегенде бастады


Өзбекстан мемлекеті қазанның 15-нен бастап ұлттық ақшасының еркін айырбасын бастады.

Өзбек сумы әу бастан шетелдік ірі валюталарға айырбасталмай келе жатқаны белгілі. Бұл жайт ел экономикасына шетелдік инвестиция әкелуге бөгет жасап тұрды. Өзбекстан үкіметі бұл олқылықты енді шешеміз деген уәде айтты, сөйтіп көптен айтылып жүрген қадамға енді енді ғана барды.

Өзбекстан үкіметі Халықаралық ақша қорының еркін айырбас талабына бірнеше жыл көнбей, араздасқан болатын. Халықаралық ақша қоры 2001 жылы көкекте Ташкенттегі бөлімшесін жауып тастап, қайтадан әзір-әзер ашты. Өзбекстан үкіметі Халықаралық ақша қорының талаптарына дер кезінде көнбеген соң бұл қаржы мекемесінен қарыз сұрау мүмкіншілігінен айырылды. Өзбекстан экономика министрі Рустам Әзімов қазанның 15-де кейбір құжаттарға бұл жөнінде қол қойды, ақша конвертациясына өз еркімізбен барып отырмыз деп мәлімдеді.

Өзбекстан Орталық банкі төрағасының орынбасары Шұхрат Ташмұратов "Жахон" ақпарат агенттігіне берген сипаттамасында барлық экспорт-импорт операцияларында, заңды тұлғалар мен жеке тұлғалардың сыртқы қатынастарында енді айырбас бағамы бірыңғай, яки банкаралық базарда қалыптасқан баға бойынша жүргізіледі деп айтты.

"Өзбекстан көршілес елдердің тәжірибесін жақсы зерттеді, алтын-валюта қорын қамдады, президент Ислам Кәрімовтың қырағы саясатын іске асыруға байыппен кірісіп отырмыз", - дейді Өзбекстан Орталық банкі төрағасының орынбасары Шұхрат Ташмұратов. Өзбекстан басшылары еркін айырбас бағамы экономиканы реформалауға кең мүмкіндік ашып отыр, экономикаға әкімшілік тұрғыдан қолсалуды енді қысқару керек деп отыр.

Халықаралық ақша қорының Өзбекстандағы өкілі Ерик де Вриджер "Азаттық" радиосына берген сұхбатында сумның еркін айналымы маңызды қадам болғанымен, ел экономикасының мәселелерін өздігінен шеше қоймайды дейді:

- Еркін айырбас тұйыққа тіреліп тұрған мәселелерді жарыққа шығаруымен маңызды. Асыра сілтенген айырбас бағамымен ол мәселелерді бүркемелегеннен көрі тұйықтан шығу жолдарын ашық іздеген жөн.

Шетелдік алдыңғы қатардағы ақшаларға өзбек сумы осы күнге шейін әр түрлі бағаммен айырбасталды. Ұлттық банк ресми есеп-айырысуларға бір баға қойса, коммерциялық банктер одан әлдеқайда жоғары бағамен сауда жасады. Ал нақты бағаны баяғы сол қара базар билейді. Дегенмен, реформа қарсаңында ресми бағам мен қара базардағы бағам біршама жақындады. Мәселен, бір америка долларына саудагерлер қазір 970-975 сум сұрайды.

Өзбекстан үкіметін сынаушы тұлғалардың бірі, шетелде жан сауғалап жүрген диссидент Абдұлвахид Паттаев президент Ислам Кәрімовтың жаңа экономикалық қадамынан көп пайда келе қоймайды дейді. Орталық банктің алтын-валюта қоры қандай екені нақты белгілі емес, үкіметтің жұмысында жариялылық жоқ. Сондықтан халықта сенім жоқ, онсыз реформа алға баспайды, дейді Өзбекстан парламенттінің бұрынғы депутаты Абдұлвахид Паттаев "Азаттық" радиосына берген сұхбатында.

Мұндай күдікті сәрсенбі күнгі парағында британиялық "Файненшл таймс" газеті де жазып отыр. Өзбекстан экономикасы еркін емес, бір орталыққа шегеленіп қойған, Өзбекстан үкіметінің ұлттық ақшаны еркін базарға жіберу ниеті қаншалықты шынайы екені бұлыңғыр деп жазады "Файненшл таймс" газеті.
XS
SM
MD
LG