Accessibility links

Жаңадан сайланған мәслихат депутаттарының көпшілігі - президентшіл «Отан» партиясының мүшелері


Қазақстанда өткен жергілікті мәслихат сайлауларының қорытындылары бойынша бұл жолғы сайлауда республика президентін жақтайтын республикалық «Отан» партиясының мүшелері айқын басымдылыққа ие болып отыр.

Астана қалалық мәслихатына жаңадан сайланған депутаттар түгелдей осы партияның мүшелері.

Бейсенбі күні Астана қалалық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Қаршыға Құлмұханов осы жолғы сайлау қортындысы бойынша қалалық мәслихаттағы 25 орынға кімдердің сайланғанын жария етті. Олардың 12-сі осыған дейінгі мәслихат құрамында депутат болғандар.

Қаршыға Құлмұханов, Астана қалалық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы: - Депутаттыққа сайланған 25 адамның 20-сы «Отан» партиясының ұсынуымен, ал қалған 5-і өзін-өзі ұсыну арқылы сайлауға түскендер, бұлар да «Отан» партиясының мүшелері.

Астанадағы сайлау нәтижесі бойынша, дауыс берудің алғашқы кезеңінде 17 үміткер жеңіске жетіп, қалған 8-іне екінші мәрте дауысқа түсуге тура келді. Біріншісінде тізімдегі сайлаушылардың 33 пайызы дауыс беруге қатысса, екінші кезеңде сайлаушылардың 19 пайызы ғана дауыс берген.

Осы сайлауды бақылаған әртүрлі қоғамдық ұйымдар сайлау заңының жиі бұзылғанын тіркеді. «Құқықтық Қазақстан үшін» қоғамдық ұйымының жетекшісі, Қазақстан Жоғарғы сотының бұрынғы төрағасы Мақсұт Нәрікбаев әлгіндей жайттарға жалпы азаматтардың заңды нашар білетіндігі себеп болды деп санайды.

Мақсұт Нәрікбаев, «Құқықтық Қазақстан үшін» қоғамдық ұйымының жетекшісі: - Сайлау төңірегіндегі жіберілетін қателіктердің көбі негізінен ой-пиғылмен әдейі жасалған қателіктер емес, осы заңды білмегендіктен орын алып отыр.

Әйткенмен де М.Нәрікбаев мырза бұл жолғы сайлау Қазақстанның демократия жолымен дамып келе жатқанын көрсетті, «ал оппозиция өкілдері болса ондай жақсылықтарды көргісі келмейді» деген тұжырым жасайды ол.

«Ақ жол» партиясының Астана қаласы бойынша филиалының төрағасы Қалиахмет Бимахимов осы сайлауда үміткер ретінде қатысқандардың бірі. «Ақ жолдықтар» қала бойынша 18 сайлау учаскесінде өткен дауыс берудің алғашқы кезеңін бақылаған болатын. Қ.Бимахимов сайлау барысында байқалған заң бұзу көріністеріне байланысты сайлау комиссиялары тарапынан ешқандай қимыл-шаралардың болмағанына жағасын ұстайды.

Сайлау кезінде елдің Орталық сайлау комиссиясы мен қалалық сайлау комиссияларының айтқандары бір-біріне қарама-қайшы шығып жатқан жағдайлар да болды. Мәселен, дауыс берудің алғашқы кезеңінде бақылаушылар бірқатар сайлау учаскелеріндегі комиссиялардың сайлау бюллетендерін алдын-ала санамастан дауыс беруді бастап жібергенін тіркеген. Оның тәртібі туралы қойған сұрағымызға Қазақстанның Орталық сайлау комиссиясының төрайымы Зағипа Балиева былай деп жауап берген еді:

- Ол дұрыс емес. Біздің нұсқамаға сәйкес, ол бюллетендер міндетті түрде саналуы керек, - деді Қазақстанның Орталық сайлау комиссиясының төрайымы З.Балиева.

Алайда, Астана қалалық сайлау комиссиясының хатшысы Вера Пытьева ханым «ондай тәртіп 1999 жылғы сайлауда болғанын, ал бұл жолғы сайлауда бюллетендер Орталық сайлау комиссиясы жіберген жаңа нұсқауға сәйкес саналмағандығын» түсіндірді.

Біз Қазақстанның Орталық сайлау комиссиясының төрайымынан осы айтылғандардың қайсысы дұрыс екенін сұрағанымызда, ол кісі бюллетень санамау заңға қайшы болса да, ондай жайттарға қарамастан Қазақстанда сайлау өткен болып саналатынын қадап айтты.

З.Балиева, Қазақстанның Орталық сайлау комиссиясының төрайымы: - Сайлау бюллетендерінің саналмай қалғанына немесе қосымша сайлау тізіміне сайлаушылардың енбей қалғанына бола сайлаудың нәтижесін жоққа шығара алмаймыз. Қазақстанда биылғы мәслихат сайлауы әлі мұнымен біткен жоқ. Республикада сайлаудың алғашқы кезеңінде жеңімпаз анықталмаған 89 сайлау округтері бойынша алдағы қараша айының 16 күні қайта сайлаулар өткізу белгіленіп отыр.
  • 16x9 Image

    Кенжебек НҰРҚАСЕНҰЛЫ

    Кенжебек Нұрқасенұлы - 1967 жылы туған. Семей мемлекеттік университетін тәмамдаған.
    Семейдегі «ТВК-6» телеарнасында, «СолDAT» газетінде, «Қазақ тарихы» журналында жұмыс істеген. Азаттық радиосында 2001 жылдан бері еңбек етеді. 

XS
SM
MD
LG