Accessibility links

Өзбекстан үкіметі халықаралық талапқа құлақ асқан болса да, демократиялық ұйымдарға күн көрсететін емес


Өзбекстан үкіметі тарапынан үнемі қудалау көріп келе жатқан оппозициялық "Ерік" демократиялық партиясы сәрсенбі күні Ташкентте құрылтай өткізді.

Бұл өз алдына қызық жайт, себебі Ислам Кәрімовтің әкімшілігі "Ерік" партиясын 1990-ші жылдардың басында аяусыз езгіге салған болатын. Алайда, Өзбекстан оппозициялық ұйымдарының жағдайы жеңілдейтін емес.

Дейтұрғанмен, осыдан бір жыл бұрын елестетуге мүмкін емес жиын Ташкентте осы аптада орын алды. Үнемі тепкіде келе жатқан оппозициялық "Ерік" демократиялық партиясының белсенділері елде бас қоса алмағанына он жылдан асты. Өзбекстан үкіметі осындай бірнеше демократиялық шараға соңғы кезде кедергі жасаған жоқ. "Ерік" партиясы мұның алдында, маусым айында, алғаш рет ашық жиын өткізген болатын. "Ерік" партиясымен үзеңгілес "Бірлік" партиясы олардың алдында, мамыр айында, Ташкентте бас қосты. Екі партияда келесі жылға белгіленген парламенттік сайлауға, жалпы сайлаулардың барлық деңгейіне қатысуға ынта білдірді.

"Ерік" партиясының ықпалы әсіресе тәуелсіздіктің бастапқы жылдарында өте күшті болды. Партия төрағасы Мұхамед Салық 1991 жылы желтоқсанда Ислам Кәрімовпен президенттік сайлауда таласып, Кәрімовтің билігіне балама болатындай дәрежеге жетті. Бұдан соң Кәрімовтің үкіметі "Ерік" партиясын ашықтан-ашық қудалады, Мұхамед Салық елден қуылды, қазір Европада жан сауғалап жүр. Ташкентте 1992 жылдың қаңтар айында студент жастар көтерілген соң Өзбекстан үкіметі "Ерік" партиясын, жалпы демократиялық ұйымдарды бүлікшілдер деп айыптады, еркін ойдағы талай азаматтың көзіне көк шыбын үймелетті.

Енді міне, он жылдан аса темір құрсауда келе жатқан "Ерік" партиясы алғаш рет үлкен жиын өткізді. Партия төрағасы Мұхамед Салық бұл екі себептен мүмкін болды дейді:

- Өзбекстан үкіметі өзі халықаралық ұйымдардан қатты сөз естіп келеді, сондықтан ол қысымды азайтуға мәжбүрленді. Екінші жағынан, оппозицияның шыдамы таусылып барады, оппозиция алға ұмтылып, өз құқықтарын талап етіп отыр.

Мұхамед Салық 1993-ші жылы шетелге кетті. Елге ол әлі де болса орала алмайды. "Ерік" партиясының елдегі қызметін Атоназар Арифов басқарады. Әлбетте, партияның ықпалы қуғын жағдайында, құпия жұмыстың барысында кеми түсті. Алайда, "Ерік" партиясын Өзбекстан үкіметі ресми түрде жаба алмаған сияқты, партияның қызметі заңсыз десе де, Өзбекстан үкіметі дәл осы жолы қарсы сөз айтқан жоқ. Партияның бірінші хатшысы Атоназар Арифов бұл жайтты былай сипаттайды:

- Партиямыздың тіркелуі 1993 жылы әділет министрлігінің алқа мәжілісінде жойылды делініп келді. Осыдан бір ай бұрын әділет министрлігіне хат жазып, сол шешімнің көшірмесін сұраттық. Бірақ бізге ешқандай көшірме берілген жоқ. Демек, партиямыздың тіркеуі ешқашан жойылмаған, ондай шешімнің болмағанына көзіміз жетті.

"Ерік" партиясына ұқсап, "Бірлік" партиясының да құқықтық мәртебесі анық емес. Сондықтан, олардың басшылары мен белсенділері кез-келген уақытта сұраққа алынуы мүмкін. Жекелеген қуғын әлі де орын алып отыр, мәселен. Өткен аптада "Ерік" партиясының екі адамын полиция тоқтатып, мәшинелерінде табылған кітаптар мен құжаттар жөнінде жауап алды. Ол екі азамат келесі күні босатылса да, полиция біреуінің үйін тінтіді, кітаптарын, компьютерін, принтерін және басқа да құралдарын тәркіледі.
XS
SM
MD
LG