Accessibility links

Біріккен Ұлттар Ұйымы есірткі тасымалына тосқауыл қою мақсатында Орталық Азияның кейбір мемлекеттеріне көмектесіп отыр


Біріккен Ұлттар Ұйымы есірткі тасымалына тосқауыл қою мақсатында Орталық Азияның кейбір мемлекеттерінің үкіметтеріне миллиондаған доллар бөліп отыр.

Дегенмен, кейбір талдаушылар, Ауғанстандағы сыбайласқан жемқорлық пен жаппай кедейшілік мәселелері шешіле басталмаса Орталық Азия мемлекеттеріндегі сақтық шараларын арттырғанның пайдасы аз болады дейді.

Орталық Азия елдеріндегі есірткі тасымалының мәселесіне алаңдаған Біріккен Ұлттар Ұйымы Өзбекстанда арнайы кеңсе ашса, Тәжікстанның тиісті мекемесіне тікелей көмектеседі. Тәжікстанның Есірткі бақылау агенттігінің қызметкерлеріне, шекара сақшыларына арнайы дәріс беріледі. Есірткі тасымалына тосқауыл қоюға бағытталған жобаларға Біріккен Ұлттар Ұйымы жалпы 10 миллион доллар бөлді. Біріккен Ұлттар Ұйымының Есірткі қылмыстары жөніндегі Өзбекстандағы кеңсесіне осыдан үш апта бұрын Джеймс Галахен тағайындалды. Ол осы аптада Тәжікстандағы жағдаймен танысып қайтты. Джеймс Галахен өз тұжырымын "Азаттық" радиосына былай деп баяндады:

- Біздің жобаларамызға соңғы кезде қаражат көбірек бөлініп жатыр. Біз әр қашан көбірек ақша жұмсап, көбірек міндет атқара аламыз. Бірақ бұл жағдай мәселенің қатты ушығып тұрғанын көрсетсе керек. Бұл қауіпсіздік пен терроризм мәселелеріне тікелей қатысты. Себебі есірткі тасымалы мен кейбір елдердегі қауіпсіздікке төнген қауіп бір бірімен байланысты.

Біріккен Ұлттар Ұйымының Есірткі қылмыстары жөніндегі кеңсесінің бастығы Джеймс Галахен Тәжікстанның алдында Қырғызстанда болды, Қырғызстан Есірткі бақылау агенттігін құру шаруаларымен айналысты. Біріккен Ұлттар Ұйымы Қырғызстанға бұл мақсатқа 6 миллион доллар бөлді. Өзбекстан бас прокуратурасына 2 миллион доллар берілді. Бұл сома замануи ақпарат жүйесін құруға арналады.

Қыруар соманың барлығы Ауғанстаннан ағылып жатқан есірткі тасымалына төтеп беру мақсатына шығындалып отыр. Ауғанстанда былтыр 3400 тонна апиын өндірілді деп есептеледі. Бұл көрсеткіш биыл 4 мың тоннаға жетуі мүмкін. Бұл әлемдік өндірістің төрттен үші. Ал Тәжікстан сақшыларының қолына осы жылдың тоғыз айында тек 7 тонна есірткі түсті. Дегенмен, алдынғы жылдың тоғыз айымен салыстырғанда бұл екі есе көп. Біріккен Ұлттар Ұйымының өкілі Джеймс Галахен халықаралық қауымдастықтың қатысуының арқасында, Тәжікстан, Қырғызстан және Өзбекстан ынтасы өскен сайын тәркіленген есірткі заттарының көлемі де ұлғаяды дейді.

Есірткі бизнесінің қауіптілігі терроризм қаупіне қарағанда назарға көп ілінбей келеді, дейді Нью-Йоркте орналасқан "Евразия тобы" институтының саяси кеңесшісі Арабелла Филимоур. Ауғанстан диқандарын көкнар өндіріснен ажырату үшін оларға балама кәсіп беру жобалары іске асырыла басталды. Арабелла Филимоур бұл қиын шаруа тиянақты атқарылу керек дейді.

Ал Нью-Йоркта орналасқан "Карнеги Халықаралық бейбітшілік қоры" директорының бірінші орынбасары Марта Брилл Олкотт түпкілікті шаруаны Ауғанстаннан бастаған жөн дейді. Ауғанстандағы сыбайласқан жемқорлық пен жаппай кедейшілік мәселелерінің шешім түйіні табылмайынша, Орталық Азия мемлекеттеріндегі сақтық шараларын арттырғанның пайдасы аз болады, дейді Марта Брилл Олкотт.

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG