Accessibility links

Қазақстанда экономикалық қылмыстар екі есеге жуық артып отыр


Қазақстанда өткен 9 айда анықталған ірі көлемдегі экономикалық қылмыстар саны былтырғыдан екі есеге жуық артып отыр

Қазақстанның қаржы полициясы агенттігі биылғы жылдың өткен 9 айында атқарған жұмыс қорытындыларын жариялады. Агенттіктің баспасөз қызметінің өкілі Тимур Смағұлов жұма күні радиомызға телефон арқылы берген сұхбатында республикада аталған мерзім ішінде зиян көлемі бір миллиард теңгені және одан да көп мөлшерді құрайтын 10 қылмыс оқиғасының әшкереленгенін айтты.

- Бұл былтырғы жыл бойында анықталған қылмыс көрсеткішінен екі есеге жуық көп. Өткен тоғыз айдың ішінде Қазақстанның қаржы полицейлері тарапынан қозғалған қылмыстық істер бойынша анықталып отырған зиян көлемі 28 жарым млрд теңгені құрады. Ал өткен жылғы 12 айдың қортындысында бұл көрсеткіш 23 млрд теңге болған еді, - дейді Қазақстанның қаржы полициясы агенттігі баспасөз қызметінің өкілі Тимур Смағұлов.

Биылғы жыл басынан бері қаржы полицейлері елде ұйымдасқан қылмыстық топтардың жетеуін ауыздықтапты. Әлгіндей қылмыстық топтың бірін ұйымдастырған Шымкент қаласындағы жедел жәрдем ауруханасының қызметкерлері 13 жарым млн теңгеден аса ақшаны жымқырғаны үшін тұтылған. ($1=148 теңге)

- Қазір осы аурухананың бас есепшісі қылмыстық топ құрып, оған басшылық жасағаны үшін қылмыстық жауапқа тартылып отыр, - деді Қазақстаның қаржы полициясы агенттігінің өкілі Т.Смағұлов.

Бұдан өзге өткен жылғымен салыстырғанда биылғы жыл басынан бергі кезең ішінде Қазақстанның қаржы полицейлері анықтаған елдегі жалған және заңсыз кәсіпкерлікпен шұғылданып үлкен мөлшерде табыс таппақшы болғандардың саны 2 есеге, әдейі банкрот жасағандардың қатары 4 есеге өсіпті.

Т.Смағұлов, Қазақстаның қаржы полициясы агенттігінің өкілі: - Сондай-ақ, биыл Қазақстанда алғаш рет компьютердегі ақпарат мәліметтерді заңсыз алуға қатысты қылмыстық оқиғалар ашылды.

Қаржы полицейлері анықтап отырған экономикалық қылмыстар тобының ауқымды бөлігін акциздік тауарларға қатысты қылмыстық оқиғалар құрайды. Жалпы өткен 9 айдың ішінде 559 млн теңгенің акциздік тауарлары заңсыз айналымнан алынып, мемлекеттің меншігіне тәркіленсе, қаржы сақшылары қолға түсірген жалған акциздік маркалардың саны 406 мыңнан асқан.

- Мәселен, Семей арақ зауытында әлгіндей жалған акциздік марканың 18 мыңы табылды. Ал Өскеменде жалған акциз маркасы жапсырылған 38 жарым мың шиша алкогольді ішімдіктер анықталды. Оның жалпы құны 10 млн теңгеден асып кетеді, қазір бұл істер бойынша тергеу жүргізіліп жатыр, - деді Қазақстанның қаржы полициясы агентігінің өкілі.

Сол секілді, биылғы жыл басынан бері Қазақстанның қаржы полицейлері елде арақ-шарап ішімдіктерін заңсыз жасап келген 54 жасырын цехты анықтапты.
  • 16x9 Image

    Кенжебек НҰРҚАСЕНҰЛЫ

    Кенжебек Нұрқасенұлы - 1967 жылы туған. Семей мемлекеттік университетін тәмамдаған.
    Семейдегі «ТВК-6» телеарнасында, «СолDAT» газетінде, «Қазақ тарихы» журналында жұмыс істеген. Азаттық радиосында 2001 жылдан бері еңбек етеді. 

XS
SM
MD
LG