Accessibility links

Орталық Азия халықаралық «Тамақ өнеркәсібі-2003» көрмесі ашылды


Сәрсенбі күні Алматыда Қазақстан Ауыл шаруашылығы, Сауда және индустрия министрліктерінің және Алматы қаласы әкімшілігінің қолдауымен, қазанның 29-ы мен қарашаның 1-і аралығында өтетін 6-шы Орталық Азия халықаралық «Тамақ өнеркәсібі - 2003» көрмесі ашылды.


Аталған көрменің мақсаты - тамақ өнеркәсібі саласына инвестиция тарту мен жаңа технологияларды келтіру, сонымен қатар әлемдік тағам өндірушілердің қазақстандық және Орталық Азия рыногіне қызығушылықтарын тудыру.

Тамақ өнеркәсібі Қазақстанда тез дамып келе жатқан саланың бірі. Қысқа уақыт ішінде ондаған сауда белгілері пайда болып, өнім сапасы жақсарды. Сарапшылардың пікіріне қарағанда ең тиімді өсім тағам өнеркәсібі саласында байқалған дейді Ауыл шаруашылығы машина жасау департаменті директорының орынбасары Жанат Сыздықов. Оның пікіріне қарағанда Қазақстанда кафе, ресторан, кулинария, дүкендер көбейген. Тұтынушыларға қызмет көрсету сапасы жоғарылап, орта және шағын бизнес дамып, халықты жұмыспен қамту көрсеткіші өскен.

6-шы Орталық Азия Тамақ өнеркәсібі –2003 көрмесіне келушілер қазақстандық және шетелдік компаниялардың азық-түлік өнімдеріне өз бағаларын береді. Көрмеге Ресей, Қырғызстан, Болгария, Чехия, Ұлыбритания, Италия, Қытай т.б. әлемнің 20 елінен 200 компания өз өнімдерін көрермендер назарына ұсынды.

Сондай-ақ көрмеге қатысушы қазақстандық және шетелдік компания өкілдері 30-31 қазан күндері Орталық Азия халықаралық ауыл шаруашылығы және тағам өнеркәсібі салаларының мәселелері жөнінде басқосу өткізеді.
XS
SM
MD
LG