Accessibility links

АҚШ әскері Ирактың Самара қаласында рейд жүргізді


Ирақтағы негізгі әскери операциялар аяқталды деп жарияланған соңғы алты айдан бері жекелеген шабуылдардан АҚШ-тың 113 әскері қаза болып отыр.

Иракта АҚШ әскері Саддам Хусейнге адал берілгендер тығылып жатыр ма деген күдікпен және қару жарақ іздеу мен одақтас күштерге қарсы шабуылдарды ұйымдастырып немесе қаржыландырып отырған кім деген сауалдармен жергілікті үйлерді тексеруін жалғастыруда.

Ирақтың бұрынғы жетекшісі Саддам Хусейннің туған қаласы Тикритке көрші Самара қаласының жергілікті тұрғын үйлерін тексеруге АҚШ әскерінің 20 көлікті әскери тізбегі, төртінші жаяу әскерінің 1-ші жасағы тартылған. Қатарында жаңа Ирақ полициясының күштері бар әскерлер Самара қаласындағы үш үлкен оңаша үйді қоршауға алып, қақпаларының есігін қағып, тексеруге мұрсат берулерін сұраған. Бірнеше минуттардан кейін әскерлерге ішке кіруге рұхсат беріліп, сарбаздар заңсыз қару жарақ пен көп сомадағы ақша іздеу мақсатында үй жихаздарын аударып, жәшіктерді ақтарған.

Үйдегілердің көпшілігі әйелдер мен кішкентай балалар, тексеру шаралары жүріп жатқан кезде, қаруланған белгісіз адамдардан қорқып тұрды. Үй ішін астан-кестен еткен әскерлер тінту-тексеру барысында тұрғындармен өздерін жалпы сыпайы ұстаған. Рейд жүргізу кезінде АҚШ әскерінің өз атын радиодан атамауын сұраған бір жауынгері:

- Біз қазір ғана бірнеше АК- 47 Калашников қаруы мен оқ-дәрі, Саддамның суреттері бар журналдар таптық. Өз үйлерін қорғау үшін оларға мұндай көп емес, тек бір ғана қару иемденуге рұхсат етілген.

Әскерлер сонымен қатар, ол үйлерден Саддам Хусейннің бірнеше портреттерін тәркілеген. Самарадағы үйлерді тексеру ісі бір сағатқа созылған. Әскерлер бір күдіктіні сұраққа алу үшін ұстаған. Басқа еш жасырынған үлкен қару немесе көлемді қаржы табылмаған. Самара қаласындағы бұл рейдті жүргізген американдық подполковник Джон Пойндер өзі күткендей бұл мақсат сәтті жүргізілгенін айта келе, дегенмен бұл іс маңызды көрсеткіштермен аяқталуы да мүмкін еді деген.

- Жақсы, біз онда Ирақтың инфрақұрылымдары мен одақтас күштерге шабуылды қаржыландырып отырған көп қаражат сомасы бар деп ойладық. Сонымен, біз ақша таппадық, бірақ, біз іздеп жүрген екі адамның бірін ұстадық. Біз оны тұтқындап, сұраққа аламыз. Ол коалицияға қарсы шабуылдар үшін қолданылып отырған ақша сақтап отыр деп күдіктелуде.

Американдық өкілдердің Азаттық радиосына айтқанындай, әлі де Саддамға шын берілген адамдарда көп ақша сақталып, оны американ әскерлеріне қарсы шабуыл жасау үшін Ирақтың кедей тұрғындарына төлеп отыр деген ақпарат бар. Самара қаласының көшесіне шығып, американдық әскерлердің әрекетін бақылап тұрған ирақтықтардың біразы қарулы сарбаздардан қорқып тұрса, кейбірі ашулы. Солардың бірі ирақтық инженер, 30 жасар Омар американ әскерилерінің бұл әрекетіне қатты ашулы екенін айтып, әсіресе олар тұрғындардың жеке мүліктерін тәркілегеніне ызасы келген.

- Тексеру-тінту істері Ирақ халқына террорлық көрсетіп жатыр. Буш мырза бізге азаттық болады деп уәде берген. Біз әлі оның айтқан уәдесін көрген жоқпыз. Олар үйлердегі заттарды тәркілеп жатыр. Американдық жасақтар үйлерден ақшаларды алып жатыр. Жақсы, олар оны алсын. Бірақ, үй мүлкімізді тәркілеу ол заңсыз. Біз олардың бұл жасап жатқандарына орай, халықаралық соттарға арыз береміз, - дейді ирақтық Омар деген азамат.

Төртінші жаяу әскерлер жасағының баспасөз өкілі Роберт Изабелла бұл рейдтердің бір мүмкіндігі бір күні Саддам Хусейннің өзі осындай тексеру кезінде ұсталуы ғажап емес деген. Және ол жиі болып тұратын осындай тексерулер кезінде қару немесе тығылған ақшалар табылмағанымен, құнды мәліметтер шығып қалып жатады деді. Расында, американ әскерлері сейсенбі күнгі тексеру кезінде Бағдадтың солтүстігіндегі Бақуба маңынан терроризмге қатысы бар деген 50 адамды ұстады. Жексенбі күні АҚШ әскері Мосул қаласында соңғы болған шабуылды ұйымдастырды деп күдіктелген топтың жетекшісін өлтірген. Мұндай тексерулер сонымен бірге, дүйсенбі күні Бағдадта бір жанкештінің жарылыс жасап, онда негізінен ирақтық тұрғындардан 34 адам өліп, 200- дей кісі жараланған оқиғалардың алдын алу үшін де жасалып отыр.

Төртінші жаяу әскерлер жасағының баспасөз өкілі Роберт Изабелла Ирақтағы одақтас күштерге қарсы мұндай шабуылдар жалғасқанымен, американ күштері өзінің Ирақтағы миссиясынан айнып кетпейді деген.

- Бұл шабуылдар біздің операцияларымызға әсер ете ала ма? Ешбірі де. Және олар мұны мойындайды. Мен оған сенемін, - дейді АҚШ әскерінің баспасөз өкілі Роберт Изабелла.
XS
SM
MD
LG