Accessibility links

Британ ғалымдары тұмауды емдей алмаса да, оның алғашқы белгілерін жоятындай жаңа дәрі жасап шығарған.


Жаңа дәрінің емдік қасиеті сонда, ол -тұмау вирусының адам денсаулығына әсерін азайта алады.

Егер аталған дәріні кеңінен тәжірибеде қолдану оң нәтиже беретіндей болса, келер жылдан бастап, адамдардың тұмау сырқатының құрбандығына айналуы өткен шақта елес болып қалары сөзсіз. Енді Британ зерттеушілерінің осы жаңалығымен жақынырақ таныс болыңыздар.

Иә, күн қысқарып, суық түскен шақта түшкіріп-пысқырып, жөтеліп дегендей адамдардың да берекесі кете бастайды. Сөйтіп жылдың суық мезгілімен бірге келетін тұмау дерті де тіршілік иесін жағалайды. Жыл сайын жер бетінде миллиондаған адам тұмау тиіп, тыныс жолдары сырқаттанып, денесінің ыстығы көтеріліп қатты науқастанады, төсек тартып жатып қалады, тіпті кей кездері тұмаудың асқынып барып, адамның өлшеулі ғұмырын да үзіп кететіні бар, өкінішке қарай. Тұмау салдарынан жылына мыңдаған баладан бастап, ересек адамдарға дейін қайтыс болады.

Әсіресе 1968 жылы болған тұмау эпидемиясы кезінде әлемде миллиондай адам осы науқастан көз жұмған болатын.

Жақында Лондонның империя колледжінің вирусолог мамандары іздену арқасында тұмауға тұсау салатындай жақсы жетістіктерге жеткендіктерін жариялады. Дәрігер-ғалым Трейси Хьюссел жетекшілік ететін зерттеушілер тұмау вирусының адамның иммундық жүйесіне әсерін әлсірететіндей ОХ40 деген дәріні ойлап тапқан. Ғалым Трейси Хьюссел бұл жөнінде былай дейді:

- Адамдардың көпшілігі вирус жұқтырғанда ол тек клиникалық белгілер, демек вирусқа деген адам ағзасының жауап беруі екендігін оншалықты сезіне бермейді. Егер ол ұзаққа жалғасып кететін болса, демалу тыныс жолдары жабылады да, қанға оттегінің өтуіне кедергі жасайды. Осы ретте біз тапқан ОХ40 молекуласы адам ағзасының тұмау вирусына жауап беру тұрғысындағы клиникалық белгіні азайтуға тырысады, бірақ ол тұмаудан біржолата айықтырып жібере алмайды.

ОХ40-тың тұмауға қарсы егілетін вакцинадан айырмашылығы – ол тұмаудың алғашқы белгілерін әлсіретіп, жойып жіберуі де мүмкін. Осы уақытқа дейін тұмауға шалдықпаудың бірден-бір жолы жыл сайын оған қарсы егілу делініп келді. Бірақ бұл да соншалықты нәтижелі емес, өйткені вакцина тұмаудың белгілі бір түрлеріне ғана қарсы тұра алады. Сондықтан да дәрігер- ғалымдар үнемі зіденіс үстінде дейді Хьюссел:

- Тұмау вирусының қолайсыздығы сонда, ол өзінің түрін, белоктық қабыршығын үнемі өзгертіп отырады. Қазіргі уақытта тұмау вакцинасы оның әрбір түріне арналып жасалуы керек болады. Бұл өте ауыр да қиын міндет жане ол ұзақ уақыт алуы да мүмкін.

Дәрігер- ғалым Хьюсселдің айтқандарына сенер болсақ, ОХ40-тың вакцинадан өзгешелігі - тұмаудың барлық вирус түрлеріне әсер етіп, оған еркін жауап бере алады.

- Біз қазіргі таңда пайдалана бастаған бұл дәрінің жақсы жағы сонда, ол – тұмаудың барлық түріне де өзіндік әсер етеді. Ол адам ағзасының вирусқа қарсы жауап беруіне еркін қатынаса алады. Міне сондықтан да біз пайдаланған бұл препарат вирустың барлық түріне қарсы күресте тиімді болады, - деп атап көрсетеді Хьюссел ханым.

ОХ40 дәрісін ойлап табушы ғалымдарды алаңдатып отырған бір ғана нәрсе бар, ол - иммундық жүйенің тұмау вирусына жауап беруін әлсіретуге арналған бұл препарат қорғаныс жүйесінің болашақта басқа да инфекцияларға қарсы тұру қабілетін жауып тастамай ма деген ой болатын. Дегенмен де, Хьюссел дәріні жан-жануарларға кеңінен қолданудың сынақ-тәжірибесі мұндай алаңдаушылыққа негіз жоқ екендігін көрсетті дейді.

ОХ40 деп аталған тұмауға қарсы бұл жаңа дәріні адамдарға клиникалық жағдайда жаппай қолдану алдағы жылы қолға алынады. Егер нәтиже күткендегідей болса, бірер жылда ол дәрі-дәрмек нарығында өз орнын алары сөзсіз. Зерттеуші Хьюссел ханым ОХ40 тұмаумен қатар астма, аллергия сияқты басқа да ауру түрлеріне, тіпті биыл бүкіләлемді дүрліктірген өкпенің ерекше қабынуы тәрізді аса қауіпті дерт түріне де қарсы қолданылар емдік қасиеті болуы мүмкін дегенді айтады.

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG