Accessibility links

Үміткер Любовь Зонова Астана қаласы әкімі мен округтік сайлау комиссиясын сотқа берді


Жақында Қазақстанда өткен жергілікті өкілді органдар сайлауын бақылаушылар бұл жолғы сайлауда сайлау заңдылығының бұзылғанын тіркеген болатын. Сайлаудың ресми нәтижелеріне риза болмаған үміткерлердің бірқатары әділдік ізде,п сотқа жүгініп жатыр.

Қазақстан астанасында өткен жергілікті өкілді органдар сайлауында №12-ші сайлау округінен Астана қаласының мәслихатына депутаттыққа үміткер болып түскен Любовь Зонова осы округ бойынша қыркүйектің 20-дағы сайлау нәтижелерін заңсыз деп тануды сұрап сотқа жүгінді. Ол жолғы сайлау қортындысы бойынша Любовь Зонова сайлаудан өте алмады деген шешім шығарылған болатын. Бірақ, қазір үміткер сайлау барысында өзінің бірқатар құқықтарының бұзылғанын айтып, оған атқарушы билік пен округтік сайлау комиссиясын кінәлап отыр. Мәселен, ол дауыс берудің алғашқы кезеңі өткен күні, яғни қыркүйектің 20-да, өзі сайлауға түскен бір сайлау учаскесінде атқарушы билік өкілі Галина Кобзеваның сайлау процесіне заңсыз араласқанын, ал сайлау комиссиясы мүшелері бір сайлаушыға бірнеше сайлау бюллетендерін бергенін айтады.

«Бұл жағдайлардың барлығын сайлауды бақылаушылар тіркеп алды, менің қолымда олардың толтырған актілері бар» деп жазады арыз иесі. Сонымен бірге Л.Зонова Астана қаласының әкімі Т.Досмұхамбетов сайлау өтерден бұрын қаладағы сайлау учаскелерінің шекарасын көрсетіп шығарған және қалалық ресми басылымдарда жарияланған шешімінде қаладағы барлығы 177 сайлау учаскесінің 22-нің аумағы көрсетілмей қалғанын жазады.

- Бұлар сайлау туралы заңға сәйкес, жабық сайлау учаскесі болып саналғанымен үміткерлер оларда да өздерінің сайлау алдындағы үгіт шараларын өткізуге еркі бар. Бірақ іс жүзіне келгенде қала әкімі ол учаскелерді бізден жасырып қалды, - дейді Л.Зонова

Осының салдарынан Л.Зонова өз округіне қарасты қалалық тері ауруларын емдеу орталығында орналасқан №99 сайлау учаскесіндегі сайлаушылармен кездесу өткізуге мүмкіндіктен айырылғанын айтады.

- Бұл мәслихат депутаттығына өз адамдарын өткізуді көздеген атқарушы биліктің сырт көзден жасырып, арнайы сақтап қойған дауыс қоры, - дейді Любовь Зонова.

Астана қалалық аумақтық сайлау комиссиясының хатшысы Вера Пытьева арыз иесінің айтып отырғаны орынсыз деп санайды.

- Бұл жабық сайлау учаскесі, ал ондай учаске баспасөзде жарияланбайды, - дейді аумақтық сайлау комиссиясының өкілі.

Ал, Л.Зонова болса өзінің сайлау құқықтары өрескел бұзылғанын айтып, Астана қаласының әкімі мен қаладағы №12-ші сайлау округінің комиссиясының үстінен Астана қаласының Сарырқа аудандық сотына шағымданды. Бұл іс бойынша сот тыңдауы қазанның 30-на белгіленген еді. Бірақ, бұл жолғы сот процесіне жауап беруші жақтан ешкім келмегендіктен, істі қарап отырған судья Серікжан Шөкеев оларды сот отырысына қарашаның 5-іне қайта шақыруды ұйғарды.
  • 16x9 Image

    Кенжебек НҰРҚАСЕНҰЛЫ

    Кенжебек Нұрқасенұлы - 1967 жылы туған. Семей мемлекеттік университетін тәмамдаған.
    Семейдегі «ТВК-6» телеарнасында, «СолDAT» газетінде, «Қазақ тарихы» журналында жұмыс істеген. Азаттық радиосында 2001 жылдан бері еңбек етеді. 

XS
SM
MD
LG