Accessibility links

Сайлау өткеннен кейінгі ой


Мәслихат сайлауының екі кезеңі аяқталғанымен, соңғы сайлау жөніндегі пікір талас аяқталар емес. Бақылаушылар бұл жағдайды биліктің мәслихат сайлауымен қатар Мәжіліс сайлауына дайындық жүргізгенімен байланыстырады.

Соңғы Мәслихат сайлауы жөніндегі ой-пікірін өткен аптада «Ақ жол» демократиялық партиясы бұқараға жеткізді. «Ақ жол» партиясының тең төрағаларының бірі Әлейхан Бәйменовтың пайымдауынша, өткен сайлауда заң бұзушылық көп болды.

Әлейхан Бәйменов, «Ақ жол» партиясының теңтөрағаларының бірі: - Бірінші кезекте біздің айтарымыз, өткен мәслихат сайлауының екі кезеңінде біздің 140-қа жуық жақтастарымыз, мүшелеріміз әр-түрлі деңгейдегі мәслихат депутаттары болып сайланды. Қалай болғанымен, біз көтеріп отырған өзекті мәселе бұл,әрине, өткен сайлауда орын алған заңбұзушылық. Өкінішке орай, барлық жерде сайлау барысында заң бұзушылық орын алды. Осыған байланысты «Ақ жол» партиясы өз мәлімдемесін жасап отыр. Ең бастысы жедел түрде сайлау туралы заңнаманы өзгерту керек, екіншіден, Қазақстан тәуелсіз мемлекеттер достастығының сайлау стандарттары жөніндегі конвенциясына қосылуы керек. Үшіншіден, осы сайлау нәтижелері бойынша Парламентте тыңдау өткізу керек, төртіншіден, осы сайлау көрсеткендей әкімдер сайлау нәтижелерін бұрмаламау үшін, сайлауға бөгет жасамау үшін, Мәжіліс сайлауына дейін тұрғын мекендердің, аудандардың, ауыл әкімдерін сайлау туралы заңнаманы қабылдау керек. Осы бағытта біз жұмыс жасауға дайынбыз.

Мәслихат сайлауы барысында заң бұзушылық көп болды деген жүйедегі оппозиция өкілдері, Мәжіліс алдындағы сынақтан жақсы өткенін айтады. «Ақ жол» партиясының теңтөрағаларының бірі Әлейхан Бәйменов мәслихат сайлауы барысында орын алған кемшілікке заңды орындаушы орган кінәлі деген ойда.

Әлейхан Бәйменов, «Ақ жол» партиясының теңтөрағаларының бірі: - Кез-келген сайлау, халықтың жалпы саяси санасын көтереді. Сайлау тәжірибесін алмай, халық саяси тәжірибе жинай алмайды. Сол себептен әкімдердің сайлауы алғашында заңбұзушылықпен өтсе де, әкімдер келесі сайлауда қайтадан сол халықтың даусын жинау керектігін түсінеді. Сол себептен әкімдер болашақта халықтың ойынан шығуға тырысады. Ал әкімдерді сайлау барысында дарынды азаматтар өздерін көрсете алады, деп ойлаймын. Жалпы сайлаудың беретін үлкен жемісі- ол қоғамдық жұмысқа дайындығы бар, бірақ өзін саяси сахнада көрсете алмай жүрген адамдардың шығуына мүмкіндік береді.

Мәслихат сайлауын бақылаған «Құқықтық Қазақстан үшін» атты қоғамдық ұйымның жетекшісі Мақсұт Нәрікбаев сайлау барысында орын алған заңбұзушылықты сайлаушылармен байланыстырады.

Мақсұт Нәрікбаев, «Құқықтық Қазақстан үшін» атты қоғамдық ұйымның жетекшісі: - Әлі күнге дейін біздің халқымыз, сайлаушыларымыз, сайлауға қатысушы үміткерлер сайлау туралы заңды, басқада заңдарды білмейді, деген қортынды жасап отырмыз. Сол себептен сайлау төңірегінде жіберілген қателіктердің көбісі аранайы ой-пиғылмен орын алған жоқ, осы заңды білмегеннен орын алды, деп айтуға болады.

Құқығын білмейді деген Қазақстан азаматтарының арасында «Ақ жол» партиясының теңтөрағаларының бірі Болат Әбілов бар. Болат Әбілов, мемлекет билігінің қарапайым халықпен санасқысы келмейтініне наразы.

Болтат Әбілов, «Ақ жол» партиясының теңтөрағаларының бірі: - Біздің даусымызды ұрлауға оларға кім рұхсат берді? Не себептен олар біздің даусымызды ұрлайды? Біз өзіміз, Қазақстан азаматтары ретінде шешуіміз керек, кімге дауыc беру керектігін, біз өзіміз білеміз. Әдетте, 100 тенге ұрлаған азамат жаупқа тартылады, ал біздің даусымызды ұрлаған азаматтар жауапқа тартылмайды. Бізді үкімет, Орталық сайлау комиссиясы құрметтеу керек.

Жалпы өткен Мәслихат сайлауын сипаттай келе «Ақ жол» партиясының теңтөрағаларының бірі Болат Әбілов сайлауды нашар түрде ұйымдастырылған спектакльмен салыстырды.

- Мұның барлығы шала шарпы спектакль, шала шарпы жазылған сценарий, артістеріде қабілетсіз. Бұз болсақ мұны көруге тап болған қара топпыз, яғни, пікірімен ешкім санаспайтын сайлаушылардың ролін ойнадық, - деді БолатӘбілов.

«Құқықтық Қазақстан үшін» атты қоғамдық ұйымның жетекшісі Мақсұт Нәрікбаев та мәслихат сайлауын спектакльмен салыстырды, бірақ Мақсұт Нәрікбаев бұл спектакльді жоғары бағалап отыр. - Саясат алаңыңдағы артістер, яғни үкімет құрылымдары, оларды қолдайтын партиялар мен қоғамдық ұйымдар, оппозициялық күштер соңғы сайлау барысында демократиялық қоғамның заң талаптарына сай болуға тырысты .Саяси күрестің құқықтық әдісін пайдалана білді, - дейді Мақсұт Нәрікбаев.

Спектакльге жоғары баға берген Мақсұт Нәрікбаев соңғы сайлауды да жоғары бағалады. Мақсұт Нәрікбаев, «Құқықтық Қазақстан үшін» атты қоғамдық ұйымның жетекшісі: -Менің ойымша, дәл осы соңғы сайлау арқылы Қазақстан демократия бағытында айтарлықтай алдыға жылжығанын көруге болады.

Бұл орайда «Ақ жол» партиясының теңтөрағаларының бірі Әлейхан Бәйменов соңғы сайлау арқылы қазақстандықтар Қазақстанға деген сенімін жоғалта бастады.

Әлейхан Бәйменов, «Ақ жол» партиясының теңтөрағаларының бірі: - Қазақ айтқан ғой- «Битке өкпелеп, тоныңды отқа жақпа» деп, сол сияқты пікірі басқа адамдарды мәслихатқа өткізбейміз деп, көп әкімдер біздің мемлекеттігіміздің тамырына балта шауып жатыр. Себебі бір адамды өткізбеймін деп мыңдаған адамның жүрегінде Қазақстанға деген сенімін жоғалтып жатыр, біздегі әділдікке деген сенімін, біздегі азаматтықты жоюға жұмыс жасап жатыр. Сол себептен халықтың даусын бұрмалаған адамдар біздің тәуелсіздігіміздің жауы, біздің мемлекетіміздің жауы екені анық, оны олар түсіну керек. Қалай болғанымен, жүйелі оппозиция өкілдері де биліке жақын Мақсұт Нәрікбаев та сайлау жөніндегі заңға енгізілетін өзгерістер Қазақстан қоғамына жақсы өзгеріс әкелетініне сенетінін айтады.
XS
SM
MD
LG