Accessibility links

Қазақстан оппозициясы біріге бастады ма?


Үстіміздегі жылдың 21-ші қазанынан бастап 21-ші қарашаға дейін Қазақстандағы 3 саяси партия, бірігіп жалпыұлттық акция өткізуді жоспарлап отыр.

Басты мақсат «Сайлау жөнінде жаңа заң, жаңа сайлау комиссиялары және әділ сайлау керектігі жөнінде» халықтың пікірін біліп, олардың бұл ұсынысты қолдайтынын билікке жеткізу. Қазақстанның Коммунисттік, Патриоттар және «Ақ жол» партияларының жетекшілері жалпыұлттық акция арқылы жедел түрде сайлау туралы заңның қабылданғанын немесе келесі сайлауды жаңа заңмен өткізуді талап етпек. Қазақстанның Патриоттар партиясының жетекшісі, Парламент мүшесі Ғани Қасымовтың айтуынша, өткен мәслихат сайлауы барысында көптеген заңбұзушылық орын алды, бірақ бұл кемшіліктер болашақта қайталанбас үшін Мәжіліс сайлауын жаңа заңмен өткізу керек. Сонда депутаттың ойынша, кез-келген адам сайлау әділ өтетініне сене бастайды.

Бір айға біріккен Қазақстанның саяси партиялары халықтың пікірін білгеннен кейін Республика Президентіне, Парламент депутаттарына арнайы үндеу жариялайды. Қазақстанның Коммунисттік партиясының бірінші хатшысы Серікболсын Әбділдиннің пайымдауынша, осылай бірікен үш саяси партия Мәжіліс сайлауына дайындалмақ.

Cерікболсын Әбділдин, Қазақстанның Коммунисттік партиясының бірінші хатшысы:

- Біздің көтерген үлкен мәселеміздің бірі осы мәслихат сайлауының дұрыс өтуі еді, бірақ бұл сайлау дұрыс өтпеді. Оны жалғыз біз ғана айтып отырған жоқпыз, оны шетелдік бақылаушылар, қарапайым халық айтып отыр. Енді біз келесі сайлаудың мүддесін ойлап отырмыз. Заң шығару керек, заң дұрыс шығу керек. Заң қазіргі сайлау жүйесін өзгертуі керек. Біз бұл мәселені бұрын көтерген болатынбыз, бірақ соңғы сайлаудан кейін бұл мәселені қайта көтеру керек болды. Сол себептен үш партия бірігіп отыр. Жалпы бұл шараға тек партия жетекшілері емес, партия мүшелері де ат салысып, халықтың пікірін білу керек, тізім жинау керек, сол арқылы ұсынысты қолдау керек, деген пікірмен бас қосып отырмыз. Негізінен, 300 мың адамдың даусын жинаймыз десек, бұл дауысты біз 100 мыңнан бөліп алуымыз керек. Бұл сан, әрине, біз жинаймыз деген жоспардан көп болуы мүмкін немесе аз болуы мүмкін. Бірақ үш партия өзара бөліп аламыз.

Жалпы біріккен саяси партия жетекшілері жаңа сайлау туралы заң жедел түрде дүниеге келлгенімен, жалғыз заңмен мемлекетте бар мәселелерді шешуге болмайды дегенді айтады. «Ақ жол» демократиялық партиясының теңтөрағаларының бірі Болат Әбіловтың ойынша, кешенді түрде өзгеріс енгізбей Қазақстандағы саяси ахуалды ретке келтіру мүмкін емес.

Болат Әбілов, «Ақ жол» партиясының теңтөрағаларының бірі: - Сайлау туралы бір заңымыз жақсы болғанымен, біздің өміріміз жақсы болып өзгереді, деп айтуға болмайды. Бірнеше заң болу керек. Біз өзіміз әзірлеген саяси реформалардың бағдарламасын жариялағанда, көп мәселені көрсетіп бергенбіз. Әкімдерді сайлау керек, баспасөз бостандығы жөнінде заң болу керек, жергілікті өзін- өзі басқару заңы болу керек, сонда ғана біздің өміріміз жақсы болады. Біріккен партия мүшелері сайлау жаңа заңмен, әділ түрде өтсе, сайлаушылар оларды қолдайтынына сенеді. Қазақстанның бас коммунисті Серікболсын Әбділдиннің айтуынша, қазіргі таңда сайлаушылар сайлауға сенбей қалған.

Cерікболсын Әбділдин, Қазақстанның Коммунисттік партиясының бірінші хатшысы:

- Оппозицияның мүмкіндігі қазіргі билікпен салыстырғанда әлде қайда жоғары. Қазір халықтың көпшілігі оппозицияда. Себебі көптеген қазақстандықтардың әлеуметтік мәселелері шешілмеген, бұл азаматтар бір өзгеріске құмар,бұл өзгерісті қазіргі билік әкелмейтінін халық көріп отыр. Осы жағдайда халық өз даусын оппозицияға беруге дайын, бірақ заңбұзушылықтың арқасында халық әділ сайлау болады дегенге сенбей қалды, енді бұл мәселені ретке келтіру үшін біраз уақыт керек.

Негізінен, жаңа сайлау жөніндегі заңды, жаңа сайлау комиссияларын талап еткен үш партия бір айға ғана біріккенін айтты. Ең бастысы олар алдарына қойған мақсатына жетуді көздеп отыр. Саясаткер Сейдахмет Құттықадамның ойынша, әзірге бұл бірлестік айтарлықтай нәтижеге жеткен жоқ, бірақ мемлекеттегі саяси мәселелерді шешу үшін Сейдахмет Құттықадамның пайымдауынша, партиялар күштерін біріктіруі керек.

Сейдахмет Құттықадам, саясаткер: - Енді сайлау заңын қабылдаған дұрыс, бірақ тәжірибе көрсетіп отыр,заң жақсы болғанымен бұл заңды билік өз пайдасына бұрмалайды. Мысалы, Конституцияны қабылдағанда бұл керемет Конституция деп қабылдады, соңынан көптеген өзгеріс енгізді. Сол сияқты жағдай болуы мүмкін. Меніше, әңгіме заңдарда емес,үкіметтің қолында билік бар уақытта өзгеріс болмайды. Сол себептен оппозиция бірігуі керек.

Қазақстандағы бақылаушылардың пайымдауынша, егер біріккен уш партия жедел түрде сайлау жөніндегі заңды қабылдатса және алдағы сайлау жаңа заңмен өтсе, онда олар бар мәселені бірігіп шеше бастайды, бұл өз кезегінде билікке қолайсыз болады.
XS
SM
MD
LG